Сүлеймен мешітінің тарихы

Oinet.kz 06-09-2020 907

Мешіт.jpg

Түркияда «Сүлеймания» деген мешіт бар. Сол мешіт салынарда мынадай бір қызықты оқиға болады. Сол елдің Сүлеймен деген патшасы үлкен сауапқа өзі ғана кенелгісі келіп, қияметке дейін шыдайтын мешіт салғысы келеді. Әлемнің атақты ұсталарын шақыртып:

«Мешітті сендерге тапсырамын. Қаржысының бәрін өзім төлеймін. Ешбір тірі пендеден бір тиын да алушы болмаңдар!», – деп қатаң ескертеді. Мешіт құрылысы басталып кетеді. Көп ұзамай алыстан зәулім мешіт бой көтере бастайды.

Құрылысқа жақын жерде жалғызбасты бір кемпір өмір сүретін. Оның бар байлығы қорасындағы жалғыз ешкісі ғана еді. Сол ешкісін далаға жайып, сүтін сауып, ұйытып айран етіп, базарға сатып күнелтетін. Әлбетте, үйінің жанындағы құрылысты ол да көріп, мешітке көрші болатынына қуанып жүретін. Бірде ол ешкісін сауып жатып:

«Дәл үйімнің іргесінде салынып жатқан мешітке менің де қосарым болуы керек қой», – деп ойлайды. «Сорлы-ау, неңді берейін деп едің?! Оны салдырып жатқан осы елдің патшасы. Ал сен мына жалғыз ешкіңді сатсаң да оның бір кірпішін сатып алуға шамаң жетпес. Ал ешкіңді сатсаң ертең қайтіп күн көрмексің?», – дейді іштен бір дауыс. «Ешкімді сатпасам да өзімнің бір күндік тапқан табысымды қосармын», – дейді ол өз-өзіне жауап қатқандай. Осылайша сауған сүтін бір құты айран етіп, түсте құрылысшыларға апарып береді. Бір топ құрылысшы айранды сол сәтте ішіп алады.

Дәл сол түні Сүлеймен патша түс көреді. Түсінде қиямет болып, барша адамзат қайта тіріліп, Махшарға жиналып, амалдар таразыға тартыла бастайды. Бір кезде таразының бір басына Сүлеймания мешіті, бір басына айран қойылады. Сол кезде мешіт жеңіл тартып, айран ауыр басады.

Сүлеймен патша ояна сала шеберлерді шақыртып:

«Мешітке кім жәрдем еткенін сұрайды. Барлығы ешкімнен көмек алмағанын, тек жалғызбасты кемпірдің бір құты айранын ішкенін еске алады.

Бұл оқиға мұсылманның ниеті жасаған амалынан да қайырлы екенін көрсетсе керек.

Қазақ халқының тағам ұсыну тәрбиесі
Бес ауыз сөз. Жақсылық туралы тәмсіл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу