Toyota Alphard немесе Әзірейіл такси
24-07-2022
Шираздық Сағди (1210-1291) – әлемдік деңгейдегі парсытілді шайыр, жазушы.
Сағди һижри қамари жыл санағы бойынша 609 жылы Ширазда дүниеге келді. Ақынның өмірбаяны туралы деректер там-тұмдап шығармаларынан, әсіресе, «Гүлстан» мен «Бустаннан» ұшырасады. Сағдидің ата-анасы мен туған-туыстары дін жолындағы адамдар болған. Бұл жайында ақын «Бустанда»: «Менің туыстарымның барлығы дін үлемдері болған. Ақындыққа мені ұстазым құштар етті» деп жазған.
Қалам иелері оны «сөз шебері», «сөз патшасы», «шейх аджал», тіпті, абсолютті түрде «ұстаз» деген лақап аттармен ұлықтаған.
Сағди өз заманындағы ислам әлемінің ең маңызды ғылым-білім орталығы Бағдадтағы Низамиеде оқып, өмірінің көп бөлігін туған жерден жырақта, жиһангерлікпен өткізді. Шығармаларының өн бойы ақыл мен насихатқа толы Сағди парсы әдебиеті әлемінде мінез-құлық тәрбиешісі, тәлімгер – «хатиб» ретінде әртүрлі аймаққа, соның ішінде Шам мен Хиджазға сапар шеккен. Жиһангер ақын бірнеше рет Меккеге барған. Дамаск, Триполь, Баальбек, Алеппо мен Арабияның басқа да қалаларында болған. Сағди «Гүлстан» еңбегінде өзінің ақындық арманы болған басқа жерлерге – Қашғарға, Шығыс Түркістанға, Ауғанстандағы Балх пен Үндістандағы Суманат қалаларына да барғанын санамалап өтеді. Сағди поэзиясының антологиясын зерттеушілер ақынның төрткүл дүниені шарлап шыққанына күмән келтірмейді. Ақынды Мысырға, Эфиопияға, тіпті Еуропаға дейін сапар шекті дейді. Жиһанкез ақын өмірдің ащы-тұщысын молынан тартып, «талай ел жұртпен танысып, әр бұрыштан көңіл тоятын басып», өзінің туған жері Ширазға оралған. Оның «Сағдие» деп танымал кесенесі Ширазда орналасқан.
Сағди һижри жыл санағы бойынша 655 жылы (1247 ж.) ұзақ саяхаттан Ширазға орала салысымен «Бустанды» аяқтайды. «Бустанның» ескі нұсқалардағы аты – «Сағдинаме».
Сағди шығармашылығы қазақ оқырманына Мұзаффар Әлімбаев пен Жұмекен Нәжімеденовтің аудармаларымен таныс.
«Бустан» – он тараудан тұратын, «мотақариб» уәзіні үлгісінде жырланған дидактикалық жанрдағы дастан. Ақын өмірден көрген-білгені және көңіліне түйгенімен оқырманымен бөліскісі келгенін «Бустанды» жазу себебі» деген бөлімде түсіндіреді:
Төрткүл әлемді шарлап,
Әртүрлі адамдармен кездестім.
Әр аймақтың дәмін татып,
Әр қырманнан масақ жидым.
Ақын шығарманың кіріспесінде бұл дастанын адамдардың бақыты үшін салынған зәулім он сарайға теңеп, әр есікті шығарма атауларымен атайды: бірінші – әділет, ақыл-парасат, халықты қорғау мен Алладан қорқу есігі; екінші – жақсылық жасау, хақ Тағаланың нығметтеріне шүкіршілік ету есігі; үшінші – жүрекпен сүю, жалынды көңіл есігі; төртінші – кішіпейілділік есігі; бесінші – ризашылық есігі; алтыншы – қанағат есігі; жетінші – тәрбие есігі; сегізінші шүкіршілік есігі; тоғызыншы – тәубе мен тура жолдың есігі; оныншы – мінәжат есігі және қорытынды.
Әрбір тарау бірнеше хикаядан, ақынның шағын философиялық-дидактикалық шегіністерінен тұрады. Поэмада әңгіме мен мысалдарға негізгі орын берілгенімен, олар ақынның әңгімеге кіріспеде немесе сол әңгіменің мазмұнында айтылатын түйіні мен пікірін нақтылай түсетін көмекшілік рөл атқарады.
Ақынның «Толық шығармалары» жинағына проза жанрында жазылған «Гүлстан» мен мәснәуи, ғазал формаларында жазылған поэзиялық шығармасы «Бустанмен» қатар «қасида», «қыта», «тарджибанд», «такбейт» секілді басқа да әдеби формалардағы араб және парсы тілдерінде жазылған шығармалары енген.
Сағди «Гүлстанды» һижри қамари жыл санағы бойынша 656 жылдың (1248 ж.) көктемінде аяқтады. «Гүлстан» кіріспеден, 8 тараудан, қорытындыдан тұратын, ұйқасқа құрылған прозалық шығарма: патшалардың мінез-құлықтары туралы бірінші тарау; дәруіштердің мінездері жайлы екінші тарау; қанағаттың артықшылығы туралы үшінші тарау; артық сөйлемеудің абзалдығы туралы төртінші тарау; ғашықтық пен жастық жайлы бесінші тарау; әлсіздік пен қарттық туралы алтыншы тарау; тәрбиенің әсері – жетінші тарау; сөйлесу әдебі – сегізінші тарау.
Ирандық белгілі ақын, ғалым Мохаммад Тағи Баһар Сағдидің «Гүлстанда» қолданған баяндау әдісін «мансур өлең», яғни қара сөзбен өрілген «ақ өлең» деп атаған.
Сағди бұл шығармасында діни құндылықтарға негізделген мінез-құлық тәрбиесін басты нысанаға алғанын былай тұжырымдады:
Мақсатымыз насихат болған, айттық,
Басқасын Құдайға тапсырып, кеттік.
Сағди «арақи» стилінде жазған. «Арақи» стилі – Иранның орталық қалаларынан бастау алып, Хоросан аумағынан шеткері дамыған, һижри қамари жыл санағы бойынша жетінші ғасырда басталып, сегізінші, тоғызыншы ғасырларда жалғасқан парсы әдебиетіндегі екінші стиль.
«Бустан» мен «Гүлстан» – ақылман шығармалар. Ақынның бұл шығармалары – асылында сол дәуірдегі ирандықтың өзіндік қасиеттері мен кемшіліктерін көрсеткен әлеуметтік қатынастардың айнасы.
The Guardian басылымы «Бустанды» адамзат тарихындағы таңдамалы 100 кітаптың қатарында атады.
Оның шығармалары тіпті Үндістан, Кіші Азия мен Орта Азияда парсы тілінде немесе аударма арқылы оқырмандардың қолына жеткен. Сағди ақындық даңқының аумақтық ауқымының кең екендігін көзі тірісінде-ақ көрегендікпен жеткізіп, былай деген: «Бүгінде «жеті ел» Сағди сөзінсіз жиылыс жасамайды». Ертедегі жағырапиятанушылардың пікірі бойынша «жеті елдің» құрамына шартты түрде Үндістан, Аравия, Эфиопия, Мысыр, Сирия, Рум, Осман, Шын елі мен Иран кірген.
Парсы тілдес шайырлардың көбі оның тәсіліне еліктеді. «Ғайыптың тілі» – Хафиз (1325-1389) Сағди тәсілінде ғазал жазды. Әбдіррахман Жәмидің (1414-1492) шығармашылығының шыңы “Баһарестан” – Сағдидің “Гүлстанына” еліктеп, нәзира ретінде жазылған. Иранның қазіргі дәуір әдебиетіндегі Мохаммад Али Джамалзаде мен Ибраһим Голестан секілді танымал жазушылар да Сағдиді өздеріне үлгі тұтқан. Парсы тілдес ақын-жазушылармен қатар батыс ойшылдары – Вальтер мен Гёте де Сағди шығармаларына тәнті болған. Қазақтың бас ақыны Абайдың балаң кезінде шығармашылығына медет сұраған ақындардың арасында Сағди есімі де құрметпен аталған.
Танымал тұлғалардың өздерінен бұрын өмір сүріп, шығармашылықтың шыңына жеткен ұлылардан өнеге алып, соларды үлгі тұтуы – табиғи жағдай. Сағди да бұл ережеден тысқары болмаған. Ол парсы жұртының ұлы шайыры Фердоусидің «Шаһнамесіне» үлкен ықылас білдірген. Шығармашылығында «Шаһнамені» сан рет тілге тиек етіп, «Шаһнамедегі» әпсаналық есімдерге, «Шаһнаменің» бәйіттері мен Фердоусидің өзін атап отырған. Бұл әсер мен ықпалды әсіресе «Шаһнаме» секілді эпостық шығармаларға тән «мотақариб» үлгісінде жазған Бустаннан көруге болады. Сағди «Бустанда» Фердоусиді ұлықтап, былай деген:
Пәкзат Фердоуси қалай тауып айтқан!
Оның пәк «тұрбатына» Алланың рақымы жаусын!
Сағди Бағдадтағы Низамиеде оқығандықтан ислам әлемінің ұлы ғалымы Абу Хамед Мохаммад Ғазалидің (1058-1111ж.ж.) тағылымдарымен жанама түрде танысып, шығармашылығынан үлгі алып, «мүршидтердің имамы» деп атаған. Кейбір ирандық сағдитанушылардың, соның ішінде Зия Моваххедтің пікірі бойынша Сағдидің ой-пікірін оның зияткерлік, идеологиялық бастауы ретіндегі Ғазалидің шығармаларына көңіл бөлмей, қарастыруға болмайды. Сағди шығармашылығынан Ғазалидің әсері көптеп кездеседі. Соның бір мысалын Сағдидің ізгі ниетті көздеген өтіріктің бүлік шығаратын шындықты артық санау принципінен көруге болады. Ирандық ғалымның тұжырымы бойынша бұл Ғазалидің «Ехиайе олум-ад-дин» еңбегінен алынған.
Сағди ықылас білдірген келесі ақындардың қатарында Санаи мен Анвариді де атаған жөн.
Сағди ең алғаш рет парсы поэзиясында ғана емес, сонымен бірге әлемдік әдебиетте «адамгершілік», «адамшылық» ұғымын қалыптастырды:
Адам перзенттері – бір дененің мүшесі.
Өйткені, олар бір негізден жаратылған.
Бір күні бір мүше ауруға шалдықса,
Басқа мүшелердің де берекесі кетеді.
Басқалардың қайғысын бөліспеген сені
Адам деп атауға болмайды.
Шығыстанушы ғалым И.Али-Заде бауырмал парсы шайырының осы өлеңі хақында: «Бұл өлең жолдарынан Томас Мордың дүниеге келуінен 100 жылдан астам уақыт бұрын Сағдидің барлық адамдар мен нәсілдердің теңдігі туралы утопиялық идеяны алға тартқанын байқауға болады» деген пікір білдірді.
Сағди – Құран және хадистермен таныстығы болған ақындардың бірі. Ақын оны өз шығармашылығында ұтымды пайдаланған. Ол поэзияда болсын, прозада болсын, құрани тағылымдарға көп көңіл бөліп, ислам пайғамбары Мохаммадтың (с.ғ.с.) хадистерін қолданған. Сағди нәбилік хадистердің мағына-мазмұндарына мән беріп, оларды өзінің ой көрігімен сәйкестендіріп, нәтижесін поэзия мен проза жанрларында оқырманға ұсынған. Ирандық ғалым Мохаммад Джафар Йахағидің пікіріне сәйкес, құрани түсініктерді, мазмұндар мен тіркестерді «Гүлстан» мен «Бустаннан», ақынның қасидаларынан, тіпті ғазалдарынан да табуға болады. Сағди өзінен бұрынғы ақын-жазушылар сияқты Құран аяттарын толығымен немесе оның бір бөлігін араб тілінде мәтінде келтірген немесе оның мағынасын баяндаған. Ондағы мақсаты – оқырманын өз сөзінің шынайылығына сендіру немесе жақсылыққа үндеп, жамандықтан жиренуге жігерлендіру.
Қорыта айтқанда, Сағдидің әдеби мұрасының құндылығы ақын туындыларының адамгершілік рухта жазылып, олардың өн бойының насихат пен өнеге-нақылға, ғибратқа толы болуымен, шығармашылығынан жаһандық дүниетаным мен көзқарастардың көрініс тебуінен, әдеби мұраларының жасампаздығынан, тіпті олардың уақыт тезінен өтіп, болашақ ұрпақ үшін құнын жоғалтпай, өзектілігін сақтап қалатындығымен анықталады.
Сәуір айының жиырма бірі Иран күнтізбесінде Сағдиді еске алып, ұлықтайтын күн деп белгіленген.
Айнаш Қасым
шығыстанушы, ф.ғ.к.