Асқар Жүнісбеков: Әттең, енді мені армияға алмайды-ау…
Отандық сахна төрінде Оңтүстіктің атын шығарып, абыройын асырып жүрген танымал әншілер аз емес. Өнер шыңын бағындырып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болғандардың қатарында әнші Асқар Жүнісбековтың алар орны ерекше. Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінің тумасы жастайынан өнерге қызығушылық танытты. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Шымкент қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық «Балауса», «Арай» конкурстарына қатысты. Асқар Жүнісбековтың есімі көпшілікке әсіресе осыдан он жылдай бұрын Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауында кеңінен танылды. Әсем даусымен қазылар алқасын тамсандырған Асқар байқаудың лауреаты атанды, арада біраз уақыт өткен соң республикалық «Жас қанат» байқауының дипломант атанды. Сонымен қатар, «Азия дауысы» фестивалінің аясында өтетін «Қазақ әндері» атты конкурста да көзге түсті. Бүгінде ол «Жігіттер» продюсерлік орталығында Оңтүстіктен шыққан «Жігіттер» квартеті, «Жалын» триосы секілді танымал топтармен бірге өнер көрсетуде. Әлбетте, эстрада жұлдызының пікірлеріне жұртшылық қашан да алабөтен қызығушылық танытады. Мәселен, «Нұр Астана» газетіне берген сұхбатында Асқар Жүнісбеков патриоттық сарындағы әндердің аздығын, әскерге не себепті бармағаны жайлы пікірлерін ортаға салды.
- Жыл сайын 7 мамыр күнін қалай қарсы алатыныңды айта кетсең…
- Өз басым осы мейрамды ерекше патриоттық сезіммен қарсы алуға тырысамын. Қанша айтқанмен, жылына бір-ақ рет келетін төл мерекеміз ғой (күліп). Көктемнің шуақты күндерінің бірінде тойланатын мейрамның көбіне-көп гастрольдік сапарыммен тұспа-тұс келетінін жасырмаймын. Міне, биыл да еліміздің барлық облыстарында шығармашылық кешімді өткізіп, аралап жүрген жайым бар. Атырау, Ақтөбе секілді республиканың батысында орналасқан өңірлерге ат басын бұрып үлгеріп, енді оңтүстіктегі тыңдармандарыммен қауышуды жоспарлап қойдым. Сондай-ақ мереке қарсаңында «Өткен күндер», «Боз орамал» сынды жаңа әндерді студияда жазып бітіргенімді айтқым келеді. Жалпы, жыл сайын 7 мамырда үйде отырамын десем, шындыққа жанаса қоймас. Әйткенмен, түзде жүрсем де, бұл мерекенің өзіндік әсері байқалып тұрады. Қыз-келіншектер, аға-інілер ақ тілектерін ақтарып, құттықтауды ұмытпайды.
- Мереке күні ерекше сый-сияпат берген жандар бар шығар?
-«Мынадай сыйлық алдым» деп айтсам, мақтанғандай болармын. Әрі мұндайды газет арқылы хабарлау ыңғайсыздау да секілді… Ерекше сыйлық берген жора-жолдастарым болды, бірақ оны құпия қалдырғаным дұрыс деп есептеймін. Бәрінен бұрын, мен үшін - шын жүректен берілген сыйлықтың орны бөлек.
- Қателеспесем, өзің әскери өмірдің тыныс-тіршілігін көрген жоқсың ғой?
- Иә, «армияға» бармағаным рас. Мектеп бітіргеннен кейін, жоғары оқу орнына түсіп, сонда 4-5 жыл жүріп қалдық… Бұдан соң тағы бір оқу ордасының студенті атанғанымды айтып өткенім жөн.
- Құпия болмаса, әскери комиссариаттан қанша рет шақырту келді?
- Ойбү-ү-үй, есімде жоқ, әйтеуір, аз емес… Бір анығы, шақыру бөлімшесіне тіркеліп, әскери есепке алындым. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, оқуыма байланысты сәті түспеді.
- Дегенмен, 27 жастағы әнші жігіт «Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеймін» деп өтінішін білдірсе, әлі де кеш емес сияқты…
- (Күлді). Шыны керек, бұны өзім де ойлағанмын. Алайда, сондағы мамандардан жақында сұрастырғанымда, ер жігіттерді 27-жасқа дейін қабылдайтынын білдім. Өкінішке қарай, кеш қалыппын… Өзіңізге белгілі, мен бұл жастан асып кеттім. Әттең, енді әскерге бара алмаймын… Оның үстіне, бұрынғыдай бойдақ та емеспін: келіншегім бар, бір баланың әкесімін. Қысқасы, «әскерге жіберіңізші» деп сұрансам да, оған енді мүмкіндік жоқ…
- Ендеше, әкесінің орындалмаған тілегін ұлы жүзеге асырып, есейгенде әскерге бара ма екен? Шыныңды айтшы, Елбақыт «әскери шенді болып, елімнің қарулы күштерінде қызмет етемін» десе, қарсы болмайсың ба?
- Жоға, ондай ойдан аулақпын. Барлығын өзі шешеді, біз әке-шешесі ретінде ақыл-кеңесімізді ғана айтамыз. Таңдау- өзінде. Десек те, 4 айдан енді асты, әзір кішкентай ғой… Әуелі жігіт болсын, кейін көре жатармыз…
- Осы ретте, қазақ әншілері патриоттық сарындағы, әскерилерге арналған әндерді орындауға неге құлықсыз? Мәселен, сенің репертуарыңда да мұндай туындылар саусақпен санарлық…
- Неге?! Бұл пікіріңізбен келіспеймін. Басқасын білмеймін, өзімде бұндай тақырыпты қамтитын әндер бар. Айталық, «Жаса, Қазақстан!» атты әнім елдің аузында жүр… Одан бөлек «Жігіттер» квартетімен бірге орындайтын «Айбынды сарбаздар» деген туынды да көпшілікке белгілі. Тіпті, бұған кезінде бейнеклип те түсірілген-ді. Мақтанғаным емес, біздің продюсер («Жігіттер» продюсерлік орталығының жетекшісі Ерғали Әбдірайымовты айтады - А.Т.) патриоттық бағыттағы әндерге ерекше мән беріп, әрдайым ақын-сазгерлерге де қолқа салып қояды. Сондықтан алдағы уақытта осындай әндердің қатарын арттырмақ ойымыз бар.
- Ал әскери өмірді насихаттайтын телевизиялық реалити-шоуларға қатысар ма едің? Мысалға «Шіркін, life!»-ты алсақ…
- Шынымды айтсам, бүгінге дейін бұндай форматтағы бағдарламаларға ешкім шақырып көрмепті. Егер ұсыныс түссе, ойлануға болады…
Oinet.kz мұрағатынан