Таукент туралы. Таукенттегі күндер
Осы бір шағын қалашыққа (Таукент) алғаш келген жылдары, Ақəділ деген бір жігіт болды. Сол жігітпен бір ауылда тұрып қатар жүрсекте, тым терең сырласып сөйлеспеген екенмін. Бірақ кездескенде жылы ұшырай амандасып, жайнаңдап жүретін жақсы жігіт болатын. Жиын кештерде қатар отырып, қыздарғада бірге барған күндерімізде болған.
Сол бір сайран күндерден арада 5-6 жыл өтіп, біз үйленіп бойдақтық өмір естелікке айнала бастаған күндердің бірінде Ақəділге бір жолдас жігіттің үйінде жолықтым. Амандастық, хал сұрастық. Мəскеуде кəсіппен айналысып жүр екен. Неге екенін қайдам, ол менің қасыма отырып жағдайымды бар ықыласымен сұрастырып жатыр. Мен тіпті таңқалып отырмын. Бірнеше жыл бірге жүргенде бұлай сөйлеспеген едік. Енді әңгімеміз жарасып-ақ барады. Содан отырысымыз аяқталып мен жұртпен бірге қайтуға жиналдым. Екеуміз қимай қоштасқандай болдық. "Бір аптадан кейін Мəскеуге ұшамын. Кəсібімді жалғастырамын" деді.
Содан арада апта өтпестен бір досыма жолығып қалдым. Амандық, саулықтан кейін досым:
--Ақəділдің жағдайын естідің бе? деді.
--Жоқ,-дедім. Досым:
--Қайтыс болды. Қой қырқым асарында кене шағып алыпты! -дегенде, төбемнен жай түскендей күй кештім. Сол бір отырыста оны соңғы рет көрген екенмін. Мен оны қайдан білейін. Қазір заман көшіне ілесеміз деп, бір-бірімізге мән беруден де қалып барамыз ау. Осындайда Толстойдың мына сөзі ойға оралады:" Жолыққан әрбір адамға мән бер, құрметпен қара. Қайдан білесің, мүмкін оны соңғы рет көріп тұрған боларсың."
Иə, ертеңгі күнді ешкім болжай алмайды ғой. Қайда жүрсекте аман болайық. Қамшының сабындай қысқа өмірде сыйласып, сөйлесіп жүргенге не жетсін шіркін!
Баршаңызға Алла ұзақ ғұмыр берсін! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын!
Айдар Темірбекұлы