Газет туралы эссе
Бір кісі газет-журнал сататын дүңгіршектен үнемі бір ғана газетті сатып алады екен. Мұны байқап жүрген әлгі газеттің редакторы газет алушы кісіге жақындап:
--Байқаймын сіз үнемі біздің газетті ғана сатып аласыз. Тұрақты оқырман ретінде ойыңызды білгім келеді. Сізге газетіміз несімен ұнайды? -деп сұрапты. Әлгі оқырманда аңқылдаған ақ көңіл жан екен, ағынан жарылыпты:
--Бұл газеттің маған ұнайтын ең бір жақсы қасиеті, ет орасаң майы сыртына шықпайтындығында -деп жауап берген екен)
Осы әңгімені бала күнімде "Ара" журналынан оқыдымғой деймін. Көпен ағаның сөз саптауынада келеді. Ол кездердегі "Ара" журналы керемет едіғой. Бұты шидиған, қарыны қампиған, қолтығында жуан пәпкесі бар бастықтардың суретін көріп рахаттана күлетінбіз. Журналды оқи отырып, әзіл әлемініңде айтары бар екенін, сөз құдіретінің сатирадағы салмағы тіптен ауыр болатынын бала түйсігіммен сезінуші едім. Күлдіріп тұрып соятын, түйсігіңнен түйреп, санаңнаңнан саңылау тауып кіріп кететін сөз жебесі не деген өткір едің.
Ара журналының әзіл-оспақтарына қызығып " Менде осылай жазсам" деп армандаушы едім. Қолыма ақ парақпен қалам алып, өзімді байқап көрген кездерімде болды. Бірақ ол арманым қанатсыз арман болды. Бала көңілден ұшқан балапан қиялым көкте қалықтай алмады. Бар болғаны екі жол сөйлемнен аспай екі бүктелген ақ қағаздың арасында мәңгілікке тұншығып қала берді. Менің аппақ армандарыммен басталған өмір күнделігінің алғашқы беті осылай жабылды.
Мен қазір газет-журнал оқымаймын. Аша қалсаң, отбасы - ошақ қасы, көк аладан аспайтын бірдемелер толып жүр. Мынау қоғамдағы қомақты мәселені қопарып айта алмайды. Кейбір мақала жазушының жоғарғы жаққа жалтақтап адымын аша алмай отырғаны көзі қарақты оқырманға анық байқалады. Содан амалсыз қармағын қара халықтың арасына салып ілінген бірдемені шатып-пұтып жазған болады. Газеттердің кезіндегі мәртебесі тым төмендеп кеткендей көңілім толмайды. Жоғарыда айтылған "оқырманың ойы" тап бүгінгі газеттерге айтылғандай көрінеді маған. Иә, солай екені рас. Кезінде арманымды асқақ еткен аты шулы газет-журналдардың бүгінде ет орауға ғана жарайтын қағазға айналғаны өкінішті. Енді әлеуметтік желіні ақпарат құралына айналдырған тәуелсіз журналистерден бірдеме шықпаса газет-журналдарымыз хылық үні болудан қалды, ағайын.
Айдар Темірбекұлы