Әкімдер газет сатып жатыр. Басылымдарды жекешелендіргеннен кім ұтады, кім ұтылады?

Oinet.kz 10-08-2021 1047

Биылдан бастап аудан, қалалық газеттер сатылып жатыр. «Сат» деген үкімет, сатып жатқан әкімдер. Арысы 90 жылдық тарихы бар, өз ауданының шежіресін жазып,  тарихымен бірге жасап келе жатқан басылымдар  елге ешқандай опа бермеген сол баяғы жекешелендіру саясатының құрығына ілікті. Бұл әділдік пе әлде қателік пе? Басылымдарды жекешелендіру өмірдің заңдылығы ма әлде рухани, мәдени салаға жасалып отырған жаныашымастық па? Сіз қалай ойлайсыз? Шығармашылық қауым, бұған не дейсіз?    

Screenshot_16.jpg

"Рейтингтің" коллажы

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, аудандық, қалалық газеттердің тізімдері былтыр желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен бекітілген  «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына» еніп қойған. Яғни, 80-90 жылдық тарихы бар басылымдардың тағдыры жоғарыдан әлдеқашан шешіліп қойылған деген сөз. Биліктегілер редакцияларды  жалпақ тілмен айтқанда әлдебіреулердің қанжығасына өңгеріп бере салатын шешімді қабылдаған кезде кіммен ақылдасты, кімнің пікіріне жүгінді, қаламгер қауымның ойын білді ме әлде өзбілермендікке салынды ма, ол жағы белгісіз.

Аудандық, қалалық газеттер біраз жылдардан бері тіршілігін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жасап жатыр. Өз күнін өзі көре алатын мекеме болғандықтан мемлекеттің тарапынан ешқандай қаржыландыру жоқ. Табыс көзі жазылым ақысы және мемлекеттік тапсырыс. Бір сөзбен айтқанда, газеттер қазір онсыз да бәсекелестік жағдайында өмір сүріп жатыр. Ал енді оларды жаппай жекешелендіруден кім ұтады, кім ұтылады? 

Үкіметтің бекітіп берген жоспарын орындау үшін әкімдер тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде  Түркістан облысындағы газеттердің бірнешеуі жекеменшік қолға өтіп үлгерді. Біразы сенімгерлік басқаруға берілді. Қалғандары сауда-саттыққа енді тігілгелі жатыр. Біз басылымдардың бас редакторларымен хабарласып, газеттерді жекешелендірудің қалай жүріп жатқанын, алдағы күнге құрылған жоспарларын сұраған едік.

  Облыс орталығы Түркістан қалалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Мәлік Дәулетовтың айтуынша, басылым 10 миллион теңгеге сатылған. 

-Газетті алғашқыда сенімгерлік басқаруға алсақ деген едік. Алайда оның реті келмеді.  Редакциядағы азды-көпті мүлік құны 1 миллион 700 мың теңгеге бағаланды. Аукцион өзім жеке тұлға ретінде қатыстым. Менен бөлек екі азамат болды.  Бәс саудасы 10,4 миллион теңгеге дейін көтерілді. Осыншама қаражатпен мен ұтып алдым. Енді  осы қаржыны бір айдың ішінде төлеп бітуіміз керек. Газеттің жұмысын сол қалпында жалғастыра берсек деген мақсатымыз бар. Бұдан бөлек сайт ашып, лицензиясын алғанбыз. Соның қараламын көбейтіп, танылымдылығын арттыруға күш салып жатырмыз,-деді бас редактор. 

«Түркістан» газеті облыс орталығынан шығатын жалғыз басылым.  Қазіргі уақытта редакцияда 10 қызметкер жұмыс істейді. Табыс көзі жазылым және мемлекеттік тапсырыс. Мемлекеттен жекеменшікке өту басылымның табыс көзіне қаншалықты әсер етерін кім білсін. Бірақ Мәлік Дәулетов газеттерді жекешелендірудің дұрыс саясат болмағанын жасырған жоқ.   

Облыста аукционда ең қымбатқа сатылған басылым Қазығұрт аудандық «Қазығұрт тынысы» газеті болып отыр. Бас редактордың орынбасары  Дидар Бегалиевтің айтуынша, газетті жергілікті  кәсіпкер аукционда 63 миллион 242 мың теңгеге сатып алған. Редакцияның меншігінде 38 сотық жері болған. Жер Қазығұрт ауылының орталығында, базармен жапсарлас жатқандықтан қымбатқа бағаланған. Ал редакцияның ескі ғимараты, ескі көлігі, оргтехника және жиһазы анау айтқандай қымбат тұрмаған. 

-Кәсіпкер газетті осы жеріне қызығып алған сияқты. Болашақта сол жерден бизнес нысандарын ашуды жоспарлауы мүмкін. Ал газеттің тағдыры не болады? Редакцияның қазір оншақты қызметкері бар. Басылымның таралымы 3,5-5 мыңның аралығында. Нарықтық жағдайда газет өзін-өзі ақтамайды. Ертең шығын көбейіп кеткен соң құрылтайшылар редакцияның штатын қысқартып тастауы мүмкін. Ары-беріден соң газетті мүлдем жауып тастаса да таңқалуға болмайды. Ал мемлекеттік тапсырыс ұдайы бола береді ме, егер оны ұтып ала алмай қалсақ не болады? Қысқасы, дәл қазір газеттің келешегі бұлыңғыр,-деді Д.Бегалиев. 

Арыс қалалық «Арыс ақиқаты» газеті 1,6 миллион теңге сатылды.  

-Редакцияның не ғимараты, не көлігі жоқ болатын. 1,6 миллион теңгенің ішіне оргтехника, басқа да ұсақ-түйек мүліктер кірді. Аукционға өзім қатыстым. Екі кәсіпкер азамат та құжат тапсырған еді. Алайда кәсіпкерлер ақшаны тек пайда түсетін жерге салады емес пе? Олар газеттен ешқандай пайда түспейтінін түсінген соң бас тартты. Аукционның қорытындысы бойынша газетті өзім сатып алдым. Ендігі мақсатымыз газеттің жұмысын бұрынғысынша жалғастыра беру. Өз басым газеттерді жекешелендірудің қолдамаймын. Бір кездері мемлекет оңтайландыру деген саясатпен кітапханаларды қысқартты. Бірақ оның дұрыс еместігін түсінген кезде бәрі кеш еді. Солақай саясаттың кесірінен көптеген кітаптар құрып кетті, рухани салаға үлкен зиян келді. «Арыс ақиқаты» 1935 жылдан бері шығып келе жатқан Арыс қаласының шежіресі іспеттес газет. Үкімет ерте ме кеш пе, жекешелендірудің дұрыс болмағаны түсініп, газеттерді қайтадан мемлекетке қайтаруы мүмкін,-деді газеттің бас редакторы Әбдімәлік Ағыбай. 

Мақтаарал аудандық «Мақтаарал» газеті сенімгерлік басқаруға өтті. Газеттің бас редакторы   Сәбит Қалдыбаевтың айтуынша, аудан әкімдігі газетті редакция ұжымына сенімгерлік басқаруға 5 жыл мерзімге берген. 

-«Мақтаарал» газеті 2019 жылдан бері шығады. 2,5 мың тарылымы бар. Мемлекеттік тапсырыстан қолымызғ,а тиетін қаржысы 15 миллион теңгенің шамасы. 9 қызметкеріміз бар. Редакцияның ғимараты жоқ, 4 бөлмелі жекеменшік нысанды жалға алғанбыз. Көлігіміз де жоқ. Қызметкерлеріміз 40 шақырым қашықтықтан қатынап жұмыс істейді,-деген бас редактор газеттің мемлекеттік тапсырыстың арқасында шығып тұрғанын, егер ол тоқтаса, өз шығынын өзі жаба алмайтынын алға тартты. 

Облыста сондай-ақ, Шардара аудандық «Өскен өңір» газеті, Бәйдібек аудандық «Алғабас» газеті де сатылып кеткен. Созақ аудандық «Созақ үні» газеті, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газеті сенімгерлік басқаруға берілген.  Кентау қалалық «Кентау шұғыласы» газеті аукционға енді қойылғалы жатыр. 

-Редакцияның мүлкі 3 миллион 474 мың теңгеге бағаланды. Мұның ішіне 4-5 компьютер, 4-5 шкаф кіреді. Аукционға қатысуға жергілікті екі-үш азамат ниет білдіріп жүргенге ұқсайды. Өзім де бақ сынап көрсем деген ниетім бар,-деді газеттің бас редакторы Қайрат Зайнишев.  

Газеттерді жаппай сату көршілес Жамбыл облысында қызу жүріп жатыр. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, облыс орталығындағы «Жамбыл-Тараз» газетін және Жамбыл аудандық газетін  жаңатастық кәсіпкер сатып алған. Сауда-саттық кезінде тараздық бір кәсіпкер аудандық бір емес үш бірдей газетті меншіктеп алған көрінеді. Журналист қауымының арасындағы әңгімелерге қарағанда, жекешелендіруге алдағы бір-екі жылдың көлемінде облыстық газеттер де ілігетін көрінеді.    

Жалпы пандемия, карантиндік шектеулер газеттердің жұмысына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Басылымдардың тиражы түсті. Осындай қиын-қыстау кезеңде жүргізілген жекешелендіру «жығылғанға жұдырық» болып тұр.  Бұған дейін біраз редакциялар аудан әкімдігінің балансындағы ғимараттарға отырып келді. Олар ғимаратты енді босатып беруі тиіс. Себебі заң бойынша әкімдік жекеменшік мекемеге артықшылық жасай алмайды. Қысқасы, үкімет онсыз да өз күндерін өздері көріп отырған аудандық, қалалық басылымдарға жәрдем берудің орнына, керісінше, қып-қызыл шығын, үлкен проблема тауып беріп отыр. Осының салдарынан аудандық газеттердің мүлдем жойылып кетуі әбден мүмкін. 

Мұның бәрі кәсіби журналистиканың дамуына кері әсер етеді. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. 

"Рейтинг" газеті, тамыз, 2021 ж

Тоқаевтың шүйлігуіне кінәлі Мырзахметов пе әлде Сапарбаев па?
Тоқаев жалғыз жүр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу