Әрбір істің бір қайыры бар
Баяғы заманда теңіз жағасындағы елді-мекендердің бірінде мынадай оқиға орын алған екен.
Әдеттегідей күн шығарда әйел, бала-шағалар ізгі тілектерін айтып, еркектерді теңізге шығарып салады. Желкендері ашылған кемелер жағадан ұзап, біраздан соң көзден ғайып болып, көкжиектен көрінбей кетеді.
Жағалаудағы ел болғандықтан балық аулау – бұлардың негізгі тіршілік көзі болатын. Балықшылардың сол күнгі балық түсімі берекелі болады. Бірақ кешке таяу қайтар кезде аспан түңеріп, қатты дауыл басталады. Дауылдың жойқындығы соншалық, көз аштырмастай дәрежеде еді. Әйел, бала-шаға жағаға жүгірісіп, Жаратқанға дұға етіп жалбарына бастайды. Бәрінің көздері жасқа толып, көңілдері жабырқаулы. Сол сәтте ауылдың ең биік жерінде орналасқан бір үйден өрт шығады. Сөндірмек болып қанша талпынғандарымен ештеңе шықпайды. Желдің әсерімен өрт одан сайын алаулап күшейе түседі. Әр үйдің асқар тау әке, аға буындары келетін уақытынан тым ұзақ кешіккендігі бәріне үлкен уайым еді. Оның үстіне мына өрттің шығуы қайғы үстіне қайғы қосқан еді.
Түннің едәуір бөлігі өтіп, лаулаған отпен әлі де арпалысып жатқанда жағадағы балалардың «келе жатыр! келе жатыр!» деген айқайы естіледі. Бәрі жағаға жүгіреді. Кемелерді көріп, көздеріне қуаныштан жас алып, көңілдері жайлана бастағандай. Кемелер жағаға жетіп, балықшылар кемеден түсе сала, бәрі жақындарымен құшақтаса қауышады.
Үйі жанған әйел күйеуіне мұңая қарап, қыр жақты меңзеп:
«Құрыдық, үйіміз, ішіндегі бүкіл жиған-тергендеріміз бәрі жанып көкке ұшты» -дейді. Күйеуі болса күлімдеп: «Үйіміздің жанғаны қандай жақсы болған. Дауылдың кесірінен бағытымыздан адасып, әбден әбігерге түстік. Жанып жатқан үйіміздің жарығының арқасында бүкіл кемелер жолын тауып, жағаға аман-есен оралдық! Теңізде тағы біраз кідіргенде суға кетер едік» дейді.