Қазақстан Республикасының Президентігіне үміткер екінші адам белгілі болды
Ескерту: (Мақала 2010 жылы 4 қараша жарияланды)
Қазақстанда Президент сайлауы 2012 жылдың желтоқсанында өтеді. Бұл Конституция бойынша белгіленген тәртіп. Бірақ соңғы кезде елдегі қоғамдықсаяси аураның «ыстығы көтерілгеніне», әр алауан белсенді әрекеттерге көз жүгіртсек «хан сайлауы» қыр астына келіп қалғандай әсерде қаласыз. Әйтеуір бір дүрбелең. Жуырда Алматыда баспасөз мәслихатында өзінің келесі президент сайлауында үміткер ретінде бақ сынап көретінін ресми түрде жариялаған тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың «желтоқсаншылардан» «таяқ жегені» жұрт арасында әлі күнге гу-гу әңгіме болып жатыр еді. Жұрт осылайша «қыран-топан» күлкіге батып жүргенде кешегі күні оппозицияның беделді өкілдерінің бірі, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, өзінің В.Козловпен тандемде сайлауға түсетінін мәлімдеді. Мәсаған! Президент тағынан «есек дәмелік» еріккен Козловтардың ермегі болудан қалған сияқты. Бұдан кейін «2012 жылы Парламент пен Президент сайлауын бірге өткізу Конституцияға қайшы, біреуі ерте өтуі тиіс» деген сөздердің артында бір гәп бар ма деген ой келеді. Кім біледі, саясаттың «жілігін шағып, майын сорып» жүргендердің бір көздегені бар шығар. Жоқ, әлде бұл онсыз да күн санап сөніп, даусы құмығып бара жатқан оппозиция өкілдерінің бір серпілісі, дәлірегі саяси ойыны ма екен?!
Сонымен Жасарал не деді?
--Себепсіз ештеңе болмайды. Мен өзім қазіргі билікпен көптен күресіп келе жатқан адаммын. Бәрі біледі. Еліміз—Қазақстан байлығы жағынан да, халқының қасиеттері жағынан да өте бір аяулы ел. Алла Тағала үйіп-төгіп берген байлықтар халқымызды екі қолын жылы суға малып қойып отыруға мүмкіндік жасар еді. Бірақ сол болмай жатыр. Оған кінәлі қазіргі билік деп есептеймін,--деді ол баспасөз мәслихатында.
Бірақ, 2003 жылы өзіне берілген мемлекеттік марапаттан бас тартқан беделді оппозиция өкілінің әңгүдік В.Козловпен бірге тандем құрамын деуі сізге қайдам, бізге бір есекке екі адамның қосақтасып мінгеніндей біртүрлілеу көрінді. Оның:
--Екеуімізде де ортақ мақсат. Біз ғарыш кемесіндегі жұп секілді аттанамыз. Біреуміз болмаса, біреуміз сәттілікке жетуге тиіспіз...Егер сайлаудың соңында Владимир озып бара жатса, онда өз кандидатурамды алып тастап, сайлаушыларыма «Володьяға дауыс беріңдер» деп айтам. Ал, керісінше, мен озып шықсам, онда Володья да солай істейді»,--деген сөзін не әзілі екенін, не шыны екенін айыра алмадық.
Кім біледі, ертең саяси науқанның дүбірі естілгендей болса «ерте туғандар, кеш қалып жүрмесе» деңіз. Ең үлкен сайлаудың мерзімі нақтыланса, күні бұрын білек түрген қос кандидатты жүз орап кететін, саясат сахнасында салмағы зіл батпан үміткерлердің шығарына ешкімнің күмәні жоқ. Жұртшылық арасында әрқилы әңгімелерге тамызық болған «кландар» да одан шет қалмасы анық. Конституция бойынша Елбасының президенттік мерзімі 2012 жылы аяқталады. Биліктің бұлбұлы атанған Ермұхамед Ертісбаев қазіргі мемлекет басшысының алдағы сайлауда да ат қосып асығы алшы тұратынын, оған теңесер ешбір қарсылас табылмайтынын жұртқа жариялап та жібергелі біраз болды. Егер жағдай ертеңгі күні расында да осылайша өрбісе бүгінде құзыры да мықты, құрығы да ұзын Елбасының сынақта сүрінбейтініне біз де шүбә келтірмейміз. Бірақ...Мемлекет басшысы өз аузымен алдағы жоспары жөнінде кесімді пікірді әлі айта қойған жоқ. Тіпті базбіреулер мемлекет басшысынан президенттік өкілеттігін жалғастыруды өтініп тұрып сұраса да. Десек те, Ата Заң бойынша 2013 жылдың қаңтарында президенттік таққа кімнің отыратыны «қаласа ханына түйесін сойдырған» патша көңілді халықтың қалуында ғой. Қара халық президент түгілі, оған үміткердің де жалпы қоғам мойындаған тұлға болғанын лайық көреді. Ал, В.Козлов пен Ж.Қуанышәлин осыған лайық па? Сіз бұған не дейсіз?
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж