Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма?
Сізден жауап күтеміз, жолдас генерал!
Биылғы 1 шілдеде Шымкент қаласына қарасты Қайтпас елді мекеніндегі «Сіргелі» мешітінің жанында әзірбайжан жігітінің екі қазақ баласының бірін ұрып-соғып, екіншісі Азиз Мәжитті отты қарумен ауыр жаралағаны, артынан тергеуден бой тасалап, осы уақытқа дейін ұсталмағаны жөнінде мақала жарияланған болатын. («Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма? «Қайтпаста» қазақтың екі баласын ұрып-соғып, мылтықпен атып кеткеніне бір айдан асса да әзірбайжан жігіті ұсталмай отыр». «Рейтинг» №28, 5 тамыз 2010 жыл). Шыны керек, мақала шыққанның ертеңіне-ақ облыстық ішкі істер департаментінен жауап келді. Баспасөз қызметі арқылы хабар берген ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Оспанов осы оқиғаның ертеңіне-ақ, яғни 2 шілде күні орын алған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, айыпталушының ұсталатынын және заң алдында тиісті жазасын алатынын мәлімдеген еді. Ал, осы іспен айналысып жатқан Шымкент қаласы ішкі істер басқармасына қарасты Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің басшылығы «мұндай аса ауыр қылмыспен ешкім де ойнамайды» дей отырып, айыпталушыны екі аптада құрыққа түсіреміз деген еді. Содан бері екі апта түгілі екі айға жуық уақыт өтті. Қылмыскер әлі де бостандықта жүр.
Кешегі күні редакцияға келген Несіпкүл апай бізге Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Низамеддин Жамашевтың шығарған қаулысын көрсетті. Қаулы Алимжанды тек сырттай қамауға алуға қатысты санкция болып шықты. Онда былай дейді:
«15.09.2010 жылы А.Азадовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлімі, 96-бабы 2-бөлімінің «е» тармағымен айып тағылып, бұлтартпау шарасы «қамауға алу» бұлтартпау шарасын қолдануды сырттай санкциялауға тілек қозғалған.
ОҚО ІІД тергеу бөлімінің тергеушісі А.Рсымбетов қылмыстық іс бойынша прокурор қолдаған өтінішінде, айыпталушы А.Азадовтың бостандықта жүріп қылмыстық әрекетін одан әрі жалғастыратынын, тергеуден бой тасалап жүргенін, өзінің тұрғылықты аумағынан шығып кетіп, қазіргі таңда оның қай жерде жүргендігін анықтау мүмкін болмай отырғанын, оған қоса жасаған қылмысының аса ауыр екендігін көрсетіп, оны қамауға алу жайлы бұлтартпау шарасына сырттай санкция беруді сұранған» (Әл-Фараби аудандық сотының 21 қыркүйек 2010 жылғы қаулысынан. Аталған қаулы заңды күшіне үш тәуліктен кейін енеді. Оған дейін тараптардың облыстық сотқа шағым келтіруге құқылы екенін ескертеміз).
Нәтижесінде сот тергеушінің өтінішін қанағаттандырып, айыпталушыға ұсталған күннен бастап екі ай мерзімге сырттай қамауға алу бұлтарпау шарасына санкция берген.
Таңқаларлық. Алимжанның жәбірленуші А.Мәжитті «Сіргелі» мешітінің жанында, түнгі мезгілде досына ара түскені үшін отты қарумен атып, тергеуден бой тасалап кеткені 1 шілде күні болған. Ал, тергеушіге қылмысты жасаған күдіктінің кім екенін анықтауға, жинақталған материалдар бойынша процессуалдық шешім қабылдап, айып тағуға бақандай екі жарым ай қажет болды дегенге қалайша таңқалмассыз?! Осы уақытқа дейін ауруханада ауыр халде жатып, тергеушілерге өзін кім атқанын және оның аты-жөнін, түсін түстеп, қайта тұратынына дейін айтып берген Азиздің жауабы, дәрігерлердің анықтамасы, басқа да куәгерлердің жауаптары ешқандай кәдеге жарамай қалғаны ма? Тергеушілер кімнің құқығын қорғап жүр? Жәбірленушінің бе, әлде шектен шыққан әрекетімен талай адамның жағасын ұстатқан айыпталушының ба?
--Ауыр жарақаттанған ұлым әлі де сауығып кете алмай отыр. Жарақаттан бір бүйрегінен, қара бауырынан айырылды. Оқ түйршіктері өкпеге де зақым келтірген. Сол себепті ауа жетпей қысылып қала береді. Екі күннің бірінде жедел жәрдем шақыртуға мәжбүрміз, --дейді бізге мұңын шаққан Несіпкүл апай.
Бәрінен де бұрын «Осы іс біздің бақылаумызда болады. Қылмыскер заң алдында тиісті жазасын алады» деген облыстық ішкі істер департаменті басшылығының жауабын айтсаңызшы. Полиция генерал-майоры Серімжан Досымов басшылық жасайтын облыстық ішкі істер департаментінің бақылауына алынған іс осылай өрбіп жатса, басқасының қалай екенін кім білген? Ал, бізге кезінде «Алимжанның үстінен қылмыстық іс қозғалды» деп мәлімет берген Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөлімнің басшылығы кімді алдап келген?
Расында да аса ауыр қылмыс жасап және оны алдағы уақытта тағы да қайталайды деген қылмыскер арада үш айға жақын мерзім өтсе де ұсталмай отыр. Күдік-күмәннің күн санап қоюланып бара жатқаны да шындық.
Газетіміздің 5 тамыз күнгі санында «Қайтпаста» орын алған оқиғаның ұлтаралық татулыққа салқыны тиюі мүмкін екенін оқырманға жұқалап жеткізген едік. Бұл жолғы мақала тақырыбының «Оңтүстіктің полициясы отпен ойнап отыр ма?» деп екінші қайтара қойылуы да сондықтан. Тәртіп сақшылары жайбарақаттылығынан таяқ жүрмесе деңіз, әйтеуір.
...Сізден жауап күктеміз, жолдас генерал!
Оinet.kz мұрағатынан