Шымкентте бояушы бояу десе сақалын бояйды

Oinet.kz 05-08-2010 1067

29845.jpg

«Шымкент-сити» - 500 миллион доллар

«Шымкент-плаза» - 150 миллион доллар

«Қуаныш нұры» - 110 миллион доллар 

Ипподром - 100 миллион доллар 

«Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы - 3 миллиард 200 миллион теңге 

Мұз сарайы - 1 миллиардқа жуық теңге

Күл-қоқыс өңдеу зауыты - 7 миллион евро

Бұл сценарий тұрақты түрде қайталанып тұрады. Шенеуніктер жаңа бастаманы қолға алғанын мәлімдеп, журналистерге жар салады. «Бұрын-соңды болмаған жобаны  жүзеге асырылғалы жатырмыз», деп мақтана келе әлі қағазда бар, өмірде жоқ  дүниені жан-жақты сипаттай жөнеледі. Лауазымды қызметкерлердің айтқан сөздерін жазып алған тілшілер қауымы ертесіне-ақ бүкіл республикаға ақпарат таратып, сүйінші сұрайды. Осыдан соң... жоба ұмыт күйінде қалады. Солардың біразын есімізге түсіріп көрсек.

«Шымкентте мұз сарайы салынатын болады» деп кезінде облысты басқарған  Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты таңқалдырған. Оңтүстіктің халқы  «Өмекең Астананы көрген ғой, енді бізді де қарық қылады», деп  қуанса, енді бір аңқау азаматтар «ойбай, не дейсің, Шымкентте  хоккей клубы  ашылатын болады» деп бөркін аспанға атты. Содан бері екі жыл өтті. Мұз сарайы да жоқ, бұрынғы спорт сарайы да жоқ. Есесіне бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Әу баста су жаңа спорт кешенін бұзып, оны  Мұз сарайына айналдыру жобасына 836 миллион 465 мың теңге шығын кетеді деп күтілген. Алайда, кейін бұл сома тағы өсті.  Осы бағытта арнайы сараптама жүргізгендер  «одан да бұл қаржыға жаңа спорт кешенін сала салған тиімді болар еді» деген тұжырымға келді. Осылайша, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі  ашқан спорт кешенінің қаңырап бос тұрғанына екі жылдың жүзі болды. 

Шөкеевтің тұсында ұсынылған тағы бір жоба – «Шымкент плаза» да қағаз күйінде қалды. 15 қабатты бизнес кешеннің жобасы екі-үш жылда міндетті түрде пайдалануға берілетінін  қайта-қайта айтудан жалықпаған шенеуніктер Шымкент шын мәнінде ірі мегаполиске айналатынына ел-жұртты сендірді. Біз де сендік. Қуаныштан жүрегіміз жарыла жаздап, республика халқынан тағы да сүйінші сұрадық. Қазір сол «Шымкент-плазаның» орнында үлке-ен шұңқыр тұр. Құрылысы 150 миллион доларға бағаланған «Шымкент-плаза» жобасының тағдыры осылайша абыройсыз аяқталды. Шұңқырды амалдап көрер көзден жасыру үшін айналдырып  жарнамалық билбордтарды орнатып тастады. Оған да рахмет.  

Және бір миллионер жобаны атап өтпеске болмайды. Осы күндерде орталық стадионның маңында «Қуаныш нұры» атты жаңа мөлтекаудан пайда болуы тиіс еді. Оның жобасы тіпті Елбасының назарына да ұсынылып, «Бейбарс» компаниясы мен облыс басшылығы әжептәуір ұпай жинап алған. Әрине, журналистердің арқасында. Инвесторлар «Қуаныш нұры» жобасына 110 миллион доллар көлемінде қаржы құямыз деп, мерейімізді өсірген еді. Кейін білдік: уақытша екен.    

Кейбір қағазда бар, өмірде жоқ жобалар тіпті тып-тыныш өмір келген отбасылардың шырқын бұзып, сергелдеңге де түсіріп жатты. Әңгіме тәуелсіздік алғалы бері Шымкентте пайда болған «ең ұлы» жоба – ескі қаланың орнына «Шымкент-сити» атты заманауи мөлтекауданды салу жобасы жайлы болып отыр. Жергілікті биліктің арман-қиялының ұшқырлығын қараңыз, тіпті жобаны жасау ісін Лука Скачетти и Сальваторе Аутрино атты итальяндық қос сәулетшіге сеніп тапсырды. «Супержобаның» құны естіген адамды естен тандыратындай мөлшерде – 500 миллион доллар. «Шымкент-ситидің» макеті дайын бола салысымен ескі қала тұрғындарын көшіру науқаны басталды. Өз еркімен келіскендерге ақша берді. Ал, ондаған жыл бойы өмір сүріп, бауыр басып қалған үйлерінен айырылғысы келмеген тұрғындар қарсылық танытқанда билік белден басып, кейбір отбасыларды күштеп те далаға шығарып жібергенінің куәсі болдық. Оншақты үй бұзылып, құрылысшылар жұмысқа кіріскелі тұрды... Бірнеше айға созылған дүрбелең көп ұзамай өзінен-өзі басылды. Инвестор  ізім-қайым жоғалған соң  шенеуніктер де сабасына түсіп, түк болмағандай отыра берді. 

  Бұл Өмекеңнен пиар жасау жағынан басқа Өмекең - Өмірзақ Әмет қалыспады. Шымкент қаласын басқарған айналдырған алты айдың ішінде өңіміз түгілі түсімізге кірмеген фантастикалық жобаларды үйіп-төкті. «Шымкенттің ескі қала аумағын орта ғасырлық Еуропаның  стиліндегі  туристік орталыққа айналдырамын» деп бір күшенді. «Әлемдік стандарт бойынша күл-қоқыс зауытын саламын» деп және бір уәде берді. Бәрі бос сөз күйінде қалды.  

Жалпы, қала басшылары айналдырған үш-төрт жылда бірнеше күл-қоқыс өңдеу зауытын «салып тастады». Қағаз жүзінде, әрине.  Былтыр ғана құны 7 миллион евроны құрайтын жоба ұсынылды.  Маңдайымызға бір емес, бірнеше рет тигендіктен, құрғақ уәдеге қарсы иммунитетіміз пайда болып,  шенеуніктердің бұл жолғы бастамасына «түсіністікпен» қарауға тырыстық. Қателеспеппіз.  

Нұрғали Әшімовтің облыс әкімі қызметіне  келе салысымен қолға алған  жобаларының бірі -  тозығы жеткен ипподромды күрделі жөндеуден өткізіп, әлемдік стандартқа сай спорт кешеніне айналдыру еді. Арман Жетпісбаев екеуі (ол кезде облыс әкімінің орынбасары)  Оңтүстік Кореядан инвесторды да іздеп тауып әкелді. «Апырай-ә, бұл екеуінің пысығын қарашы», десті жұрт. Шынында да, Шымкентке кәріс бизнесмендері келіп, 100 миллион доллар көлемінде инвестиция тартатынын, сөйтіп, Шымкнеттік ипподромды Орта Азия өңіріндегі ең ірі спорт кешеніне айналдыруды көздегенін жеткізді.    Сол кезде Арман Жетпісбаев бейнекамералардың алдында қасқайып тұрып, журналистерге сұхбат берген еді: 

- Инвестицияның көлемі өте үлкен. Оның 20 пайызы ақпараттық технологияларды дамытуға жұмсалмақ. Ипподромды салумен шектелмейміз. Алматы, Астана қалалары мен облыс орталықтарында трансляциялық орталықтарын ашу көзделуде. Аптасына екі рет, сенбі мен жексенбі күндері  бәйге ұйымдастырылады. Ал, қалған уақытта мұнда ат спорты мектебі, мейрамханалар мен кафелер жұымс істейтін болады.       

Шамасы, Арман Жетпісбаев мырза қазір сол сұхбатын ұмытып кеткен болса керек. 

Сондай-ақ, Әшімовтың  бастамасымен «Максимум» аймақтық инновациялық орталығы құрылып, Оңтүстік Қазақстан облысы ойда-жоқта  әлемдік деңгейдегі нанотехнология саласының орталығына айналып шыға келді. Әрине, қағаз жүзінде. Бұны да журналистер жарыса жазып жатты. Қазақстан түгілі, ТМД елдерінің де назарын аудардық. Сөйте тұра, нанотехнологияның не екенін облысымызда ешкім білмейтін. Қазір де білмейді. «Максимум» орталығы қазір бұрынғы пафостық бағытынан арылып, шынайы өмірге жақындай түсті. Нанотехнологияның орнын қатардағы кіші және орта кәсіпкерлік саласындағы жобалар алмастырды.  

Шымкент қаласының бас жоспары - өз алдына бөлек әңгіме. 

Елбасы келешекте еліміздегі ең үлкен үш қаланың тізіміне кіруі тиіс деп мақтап кеткен Шымкенттің әлі күнге дейін нақты бекітілген, жаңа бас жоспары жоқ. Солай бола тұра шенеуніктер осы бағытта мемлекеттің 50 миллион теңге қаржысын жұмсап үлгерді. Тарқатып айтайық. 

 Осыдан біраз бұрын сәулетшілер көпшіліктің талқысына жаңа жоба ұсынды.  Соған сәйкес Шымкент қаласының шекарасы 86 мың (!) гектар деп есептелгенін естігенде естен танып қала жаздадық.  Алматы қаласында өткен Қазақстанның қоғамдық  құрылысшылар кеңесінің отырысында мүйізі қарағайдай аузы дуалы мамандар Шымкенттің бас жоспарының шынайы өмірден тым алшақтығын ашып айтуы да осыдан. Жобаны іске асыру мүлде мүмкін емес. Өйткені, 86 мың гектарлық қала көлемі жағынан әлемдегі Мәскеу мен Лондон секілді санаулы алып қалаларға ғана жол береді екен. Яғни,  Мәскеудің көлемі 110 мың гектар, ал әлемге әйгілі Лондонның көлемі 95 мың гектар шамасында екен. Шымкенттікі 86 мың гектар. Айырма аз ғана. Тұрғындар саны жағынан айырмашылық жер мен көктей. Лондонда 15 миллионнан астам халық тұрады. Мәскеуде де бұдан көп болмаса, аз емес. Жарамсыз жоба жасауға осы күнге дейін қала қоржынынан 50 миллион теңге жуық қаражат жұмсалды. 

 «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы екі-үш жыл ішінде мақта-мата өнімдерін шығара бастап, мемлекетке миллиардтаған қаржы табыс түсіреді деп талай рет жазылды. «Шымкенттің маңында «Астана» саябағын саламыз» деді, «Нұр Отанға» арнап жаңа ғимарат тұрғызамыз» деді, «Неке сарайын ашамыз» деді...  

Осы кейде шенеуніктерімізді Остап Бендерді шәкірттері деп те атағың келеді. Әйтпесе,  осынау «ұлы» жобаларды қайдан ғана таба береді?  Сол «ұлы» жобаны соңына  дейін жеткізіп барып, журналистерді шақырса болмай ма? Өтірік  айту, жалған ақпарат беру де -  қылмыстың бір түрі. Демек, халықты осылайша алдап, өмірде жоқ  жобалар арқылы ұпай жинап отырған шенеуніктерді кім дейміз?  

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Screenshot_19.jpg

Оразаның қандай пайдасы бар?
Галина Морозова: «Қол қусырып қарап отырғаннан қаржы игерілмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу