Бүгін ақын Мағжан Жұмабаевтың туған күні
Осыдан тура 127 жыл бұрын (1893-1938) ақын Мағжан ЖҰМАБАЕВ дүниеге келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. Бұдан соң әкесі Бекен Мағжанды Қызылжардағы Бегішев медресесіне оқуға береді. Мұсылмандық орташа дәрежелі білім беретін бұл медресені бес жылдай оқып бітірген соң, 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды. Осында жүріп «Садақ» журналын шығаруға араласып, өзінің өлеңдерін жариялайды. Абайдың өлеңдер жинағымен танысады, татар ақын-жазушыларымен достасады. Араб, парсы, түрік тілдерін оқып үйренуін жалғастырады. Орыс тілінен сабақ алады. Абай үлгісімен Шығыс пен Батыс поэзиясынан бірдей нәр алады.
1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді. Омбыда оқып жүрген кезінде сондағы жастармен тізе қосып, «Бірлік» әдеби үйірмесін құруға қолғабыс етіп, оның «Балапан» атты қолжазба әдеби журналын редакциялайды.
1917-1923 жылдары «Бостандық туы», «Ақжол» газеттерінде және «Шолпан» журналында еңбек ете жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады.
1923-1926 жылдары Мәскеуде көркем әдебиет институтында оқиды.
1927-1929 жылдары Бурабайда, одан соң Петропавлда оқытушылық қызметтер атқарады.
1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Кеңес жылдары екі өлеңдер жинағын жариялады. Алғашқысы - 1922 жылы Қазанда, екіншісі Ташкентте басылып шыққан. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған. 1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген.
1936 жылы М. Горький және Е. Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген.
1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді. М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялай отырып, оны түркішілдік күресі үшін ең пайдалы өлең деп бағалаған. Қазақстанда М.Жұмабаев шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. Алматы, Астана және Петропавл қалаларындағы көшелерге Мағжан Жұмабаев есімі берілген. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы М. Жұмабаев ауданы болып аталды. Халықаралық Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан Жұмабаев жылы» деп жариялады.