Шымкенттегі Қасіреттің қасында тойхана тұр

Oinet.kz 06-11-2009 1047

Screenshot_16.png

                                      «Қасіретте» жатыр шейіт құрбандар

                                       Ей, жолаушы тыныштықты бұзбаңдар»

...Бір кездері Албастысайдың тарихын осы ауылдың барлық тұрғыны білетін. Қазір көзкөргендердің көпшілігі кетті. Ол кезде баламыз ғой, Албастысайдағы үңгірлерде  шашылып жатқан адам сүйектерін өз көзімізбен  көргенбіз, --деген Өлмесхан ақсақал әңгімесін кідіртіп, біраз уақыт ойланып қалды. Албастысайдың тарихын зерттеумен көптен бері айналысып жүрген ардагер-ұстаз әңгімесін ары қарай былай деп жалғады:

--Мына қазіргі «Қасіреттің» жанындағы сайды бабаларымыз Тереңсай деп атаған. «Нұрсәттің» орнын Құрсай деген. Одан жоғары жүрсеңіз бір кездегі Шымыр ауылының орны жатыр. Қазір ол құлазыған дала. Бабаларымыз сол жерде төңкеріске дейін отырған екен.

Ауылдың жаны терең сай. Аталарымыз сол арадан  14 құлаштық құдық қазыпты. Сайдың ернеуін үңгіп, сонда мал қамаған, отын-суын сақтаған.

Төңкеріс жылдарынан кейін тып-тыныш жатқан ауыл қазіргі Қайтпасқа келіп қоныстанған.  Себебі халық судан тарыққан ұқсайды. Қазіргі Қайтпастың ішімен ол кезде Орта арық ағады. Жағасы ну тоғай болатын. Қазір оның бірі жоқ, арықтың ізі де қалмады. Жаңа ауылдың алғашқыда артель, ТОЗ болып шаруашылық құрған. Кейіннен бүгінгі Қайтпас-2 ауылымен «Жасасын» деген колхозға бірігеді.

Бірде ауылға облыстан уәкіл келіп, шаруашылықтың жағдайымен танысады. Колхоздағы оң істерге риза болған ол «Бәрі керемет екен, бірақ  колхоздарыңның аты маған ұнамады, сендер жұмыстан қашпайтын нағыз қайтпас -қайсар екенсіңдер, сондықтан колхоздың аты Қайтпас болсын» депті. Қайтпас атауы осыдан қалған.

Арада біраз жыл өткенде Қайтпас «халық жауларын» қайтпас сапарға аттандырып салатын жерге айналғанын көрмейсіз бе? Оған сәл кейінірек оралармыз, алдымен Албастысайдың тарихына тоқталайық.

--Ауыл қазіргі Қайтпасқа көшкен соң Шымыр ауылының орны да, сайдың ішінен қазылған үңгірлер де иесіз қалады. Иесіз жұртқа жын-шайтан үйір болады демей ме? Сол рас па екен, жоқ әлде қорыққанға қос көрінді ме, кім білсін, әйтеуір  сайға кешкісін отын беруге барған қыз-келіншектер ауылға қарай «Ойбай, албасты көрдім» деп жанұшыра айқайлап келетін көрінеді. Содан сайдың аты Албастысай атанады.

Сол Албастысай жиырмасыншы жылдардың басында қылышынан қан тамған, НКВД-ның көзіне түссе керек. Әйтеуір алғашқыда қайтпастықтар түн ішінде сай ішінде машиненің жарығын, артынан гүрс-гүрс атылған мылтық даусын жиі еститін болған. Ел арасында «НКВД Албастысайда түнделетіп «халық жауларын» атады екен» деген әңгіме гулейді. Өлмесхан ата былай дейді:

--Әжем Тәлімнің айтуынша, қазіргі Дулати көшесі ілгеріде Көмешжол деп аталған. Сол жолмен  әскерилер әбден арыған-аршыған адамдарды, оның ішінде жас қыз-келіншектерді де қоқан арбаға мінгізіп немесе жаяулатып Албастысайға қарай айдап өтеді екен. Бұл қызылдардың бай-кулактарға, бүлікшілерге қарсы күресті күшейте түскен кезі болса керек.

Албастысайдағы адам шошырлық тірлік жиырмасыншы жылдардан басталған. Оның алғашқы құрбандары мал-мүлкі кәмпіскеленген байлар болған ұқсайды. Кім біледі, әйтеуір,  НКВД-ның жанкештілері сайдың ішін қан сасытып, үңгірлерге өліктерді тау-тау қылып қалап, артынан топырақпен көмгенін жергілікті тұрғындардың бәрі білген. Бірақ ол туралды ешкімге тіс жармаған. Бұл туралы өкімет адамдары да оларға қатаң ескерту жасап отырған. Өлмесхан ақсақал былай дейді:  

   --Менің әкем Жәнібек осы колхозда мұрап болып істеген. Күнде таңертең қолына кетпенін алып, Шошқабұлақ жаққа кетеді. Бірде ол  таңертең Албастысаймен келе жатып, үймелеген құзғын-қарғаларды көзі шалады. Жақын барып қараса, о тоба, жас шамасы 18-20-лардағы қыздың мәйіті жатыр. Шамасы түндегі қырғын кезінде жандалбасамен осында қашып шықса керек. Үсті-басы қан, киімдері жыртылған. Әкем  аттан түсіп, байғұстың бетін жасырған болыпты. Осы ауылдың қадірменді қариясы болған Асқарбек Бекжігітовтың айтқан естелігіне қарағанда,сол жылдары ауыл иттер тіпті, атылған боздақтардың сүйектерін үйге дейін сүйреп әкелген көрінеді.

Қарияның айтуынша, қасіретті орындағы жазалау шаралары соғыстан кейін қайта жалғасып, 53 жылдарға дейін созылған. Албастысай туралы шындық тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана там-тұмдап айтыла бастады. 1998 жылы ғой дейміз, тарих және ұрпақтар сабақтастығы жылы аясында осы арадан «Қасірет» мемориалдық кешені бой көтерді. Өткен он жылда «Қасірет» сол бір зұлмат жылдардың жазықсыз құрбандарын аза тұтатын қасиетті мекенге айналды. Алайда ол да өз дәрежесінде атқарылды дей алмайсыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын кешеннің батыс жақ бөлігінен «Нұрсәт» мөлтекауданы салынды. Осыдан кейін «Қасіреттің» айналасына күл-қоқыс тасталды. Ол да мейлі екен ғой, мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты демекші, жуырда қасиетті орынның шығыс жағындағы таяқ тастам жерден тойхана салынды. Әуеліде «Хансарайы» қазір «Алтынсарай» деп аталатын салтанат сарайында өткен қазан айынан бастап жұмыс істей бастады.  Мына жерде жазықсыз құрбандарды жоқтаған азалы ана мен баланың ескерткіші тұр, ал анау Салтанат сарайында күнде у-шу. Қазір тойдың «сезоны» емес пе?!

Screenshot_15.png

«Алтынсарайға» бас сұқанымызда таң-тамаша болдық та қалдық. Мұндай тойхана Шымкентте сірә, жоқ-ау. Тойхананың іші батыстық сәулет өнеріне малынып-ақ тұр. Қабырғалардағы ою-өрнектер көздің жауын алады. Қысқасы алтын сарай десеңіз, нағыз алтын сарай. Тойхана иесі, жеке кәсіпкер Абдуқахар Пайзамхметовке жолыққан жерден «Сіз осы «Қасіреттің» қандай мекен екенінен хабарыңыз бар шығар?» деген сауалды төтесінен қойдық. Ол біздің не мақсатпен келгеніміздің бірден аңғарды-ау деймін, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

 --Егер менің тойханам, «Қасіреттің» алдында тұр десеңіз қателескен болар едіңіз. Онымен ортамызда 200 метр жатыр ғой. Ол ортаға алдағы уақытта өрт сөндіру бөлімі салынады,--деді.

--Жерді қашан алып едіңіз?

--Осыдан 3-4 жыл бұрын сатып алғанмын.

--Оның пайдалану нысанында не жазылған?

--Барлық құжаттарда салтанат сарайы деп көрсетілген.

--Абдуқаһар аға, білуімізше, осы сіз жуырда Абай саябағындағы «Жастар» тойханасын әкімшілікке сурет галлереясын ашу үшін тегін сыйладыңыз...

--Иә, облыстың әкімі Асқар Мырзахметов, Шымкенттің әкімі Арман Жетпісбаев осы тойхананы сурет галлереясына айналдырсақ деген ұсыныстарын айтты. Өзіңіз білесіз, Елбасының: «саябақтарға тиесілі жерлерді өкіметке қайтарыңдар, бірақ кәсіпкерлердің  барлық шығындары өтелсін» деген. Мен өзім Құдай деген адаммын. Құранда «Патшаның айтқанын істемеген адам жаннатқа кірмейді» деген. Содан әкімдер жердің бағасын сұрады. Мен жердің әр шаршы метрі 600-700 доллар екенін айттым. Ондай ақша жоқ деді. Олай болса ешкімнен ақша сұрамыңыздар мұны сіздерге тегін сыйлаймын дедім. Облыс әкімі орнынан тұрып, қолымды алды. Арман Жетпісбаевқа «Осындай кәсіпкерлерді қолдау керек. Мұндай азаматтың кез-келген адамның қолынан келе бермейді» деді.

--Саябақтағы жердің барлық құжаттары дұрыс па еді?

--Бәрі дұрыс болатын. Рас кезінде соттастық. Бірақ соттың бәрі менің пайдама шешілген.

--Тойхананы әкімдікке ақысыз сыйлапсыз. Бірақ екі арада басқа да келісім болған шығар?

--Облыс әкімі сол кезде Арман Жетпісбаевқа «керек болса бұл кісіге жер беріңдер» деген. Бірақ жерді әлі алған жоқпын.

--Сіз «Қасіреттің» қандай орын екенін білесіз бе?

--Сіз осы сұрақты маған екінші мәрте қойып отырсыз. Мен «Қасіреттің» не екенін білмейтін адам деп ойлайсыз ба? Мен сондай адамға ұқсаймын ба? «Қасіртте» кезінде адамдар атылған дейді. Репрессия жылдары. Бірақ ол сәл арыда болса керек. Жолдың бойы болған соң, осы жерді қоршап, кешенге айналдырған. Менің айтарым, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайды. Мына қаланың бәрі де мазараттың үстінде тұр. Мәселен, Автовокзалдың алдындағы үлкен дүкенді білетін шығарсыз. Сол арада кезінде үлкен мазарат болған. “Алтын сарай» Шымкенттің мақтанышы емес пе?! Бұл жерде қаланың ең құрметті қонақтарын күтуге болады

--Сіздің бұдан да басқа тойханаларыңыз бар ұқсайды. Жұрт қаладағы «Достар», «Құрдастар», Самұрық» және Ленгірдегі «Ақорда» тойханалары сіздікі дейді.

--«Құрдастар» әкемдікі, «Ақорда» мен «Самұрық» баламдікі, ал, «Достар» енді өзімдікі.

Өлмесхан ақсақалдың айтуынша, «Қасірет» мемориалдық кешені салынар кезде осы жерге Албастысайдан біраз адам сүйектерін әкеліп көмілген. Кешеннің жолдың бойына салынғаны бір жағы дұрыс та шығар. Ал, одан оңтүстік-бастықа қарай жарты шақырым жерде орналасқан, жазықсыз құрбандардың мәңгілік мекені—Албастысай аяқасты болуда. Қазір бұл жерге мал да жайылады, құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Енді біраз уақыттан кейін Албастысай өзінің қасіретті тарихын қойнауына бүккен күйі жер бетінен із-түссіз жоғалатын сияқты. Біреудің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық, бәрі де білместіктің, тарихқа, өткенге деген құрметтің жоқтығы ғой. Осы жерде мына бір жайт еріксіз еске түседі: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен 100-ге жуық жапон жауынгері Ленгір қаласындағы шахтада жұмыс істеген екен. Тұтқындардың барлығына сол жердің топырағы бұйырған. Бертінде олардың молалары тегістеліп, орнына базар салынып кетіпті. Жуырда облысқа келген жапон делегациясы Ленгірде болып, жат жерде қалған отандастарының сүйектерін туған елдеріне апарып жерлеу шараларына кірісті.

Әрине, Ә. Пайзахметовтің кәсіпкерлігіне, іскерлігіне, заманға сай бейімделе білгеніне қояр кінәміз жоқ. «Тойханаға қашан тояды?» деп те кінәлай алмайсың. Өйткені бұл ол кісінің кәсібі. Әйтсе де «заманың түлкі боп қашса, тазы боп шал» деген, Пайзахметов мырза қысқа күнде қырық құбылатын сияқты ма, қалай өзі... Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары саябақтарда қаптап кеткен құрылыстарға байланысты мәселе көтеріп, сол кезде «Абай» саябағында тұрған «Жастар» тойханасы да үлкен әңгіме болды. Негізі бұл кешен о баста атына заты сай жастар орталығы болуы тиіс көрінеді. Тіпті о баста құжаттары да солай толтырылыпты. Бірақ бұл шаңырақ ойдың ортасы емес, нағыз тойдың ордасы болғанын елдің бәрі біледі. Міне, енді замана желі қаттырақ тұрып, саябақтар мәселесі тағы бас көтергенде Пайзахметов мырза «Жастарды» суретшілерге сыйға тартып жіберді. Қаншама жылдан бері бұл тойхананы майлы жіліктей кемірді, «осы тойғаным да жетер» деген шығар бәлкім... Онысына да шүкіршілік дер едік, бірақ енді алдымыздан «Алтын сарай» жарқ етті. Мола қасынан тойхана салу шариғатқа да жат, ырымға да жаман емес пе?!. Қайбір кездері «әкімшілікте өткен бір жиналыста осы «Алтын сарай» тойханасы туралы әңгіме болып, қала әкімі «бұл нысан басқа мақсатқа арналып ашылатын болды» деп айтыпты» деген әңгіменің шеті шығып еді. Бірақ, қала әкімі кімге сеніп айтқанын қайдам, әзірге Әбекеңде тойхананы өзгерту туралы ой мүлдем жоқ екені айдан анық.

Әрине, бәріне кәсіпкерді кінәлаймыз ғой. Әйтсе де, біздің елде кәсіпкерге жер бергенде ол жерге қандай нысан салынатыны, халыққа қандай қызмет атқаратыны алақандағыдай сайрап тұрады емес пе? Сондықтан «Қасіреттің» қасынан тойхана салуға рұқсат берген қалалық әкімшіліктің сала басшылары да бұл жауапкершіліктен құтыла алмаса керек? Қызық болғанда қаладан шыға берісте бұрынғы «Қайнар» рестораны жетім баланың күйін кешіп, өткен-кеткенге көзі жәудіреп жатыр. «Алтын сарай» осы «Қайнардың» орнынан салынуы керек пе еді? Болмаса оның ар жағында қаншама орын бос жатыр, қазір тойхананы таудың басына салсаң да, барар жолы болса шақырған адам қалмайды. Шымкент қаласының сәулетшілері де рұқсат берерде «Алтын сарай» мен «Қасіреттің» арасынан қандай үйлесімділік тапты екен десейші? Әруақпен ойнайтын заман болды ғой бұл. Ал, Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман? «Қасіретте» қыз ұзатып, ұл үйлендіріп, қырық жасыңызды атап өтер ме едіңіз?

 Жәнібек Тархан,

"Рейтинг" газеті №39, 6 қараша 2009 жыл

Арман Жетпісбаевтың соттасудан қолы босамай жатыр
Қазақстанның алтын-валюта қоры – 52 млрд. доллар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу