Иса Тоқтыбаевтың немерелері Шымкенте тұрады

Oinet.kz 06-11-2009 1632

Screenshot_13.png

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде қоғам қайраткері, 1922-25 жылдары аралығында «Ақжол» (бүгінгі «Оңтүстік Қазақстан) газетінің редакторы болған Иса Тоқтыбаев туралы материал жарияланған болатын («Рэйтинг», №38, 23 қазан, «Редактор Иса «Джайлас» операциясын жасаған ба?). Осы мақалаға орай редакциямызға Клара Исаева есімді азаматша қоңырау шалды.

-- Мен Иса Тоқтыбаевтың немере қызы боламын. Атам туралы жазылған мақаланы үлкен тебіреніспен оқып шықтым. Қазір Шымкентте Иса Тоқтыбаевтың келіні, менің анам тұрады. Анам отызыншы-қырқыншы жылдары қуғын-сүргінді бастан кешірген Тоқтыбаевтар отбасы туралы осы уақытқа дейін жарияланбаған  деректерді біледі,-- деді ол.

Клараның анасы Райхан Қазымханқызы Исаева (Күлетова) Иса Тоқтыбаевтың екінші ұлы Варленнің жұбайы. Ол кісінің өзі де асылдан қалған тұяқ. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген, прокуратура органдарында, Жоғарғы соттың төрағасы қызметтерін атқарған, 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, артынан атылып кеткен Қазымхан Күлетовтың қызы.  Қ.Күлетов пен И.Тоқтыбаев кезінде Ташкентте бірге қызмет еткен, өзара аралас-құралас болған азаматтар екен.

Райхан Қазымханқызының айтуынша, Иса Тоқтыбаев өзінің еңбек жолын Ташкентте бастаған. Осында «Ақжол» газетінің, «Шолпан, «Сәуле» атты журналдардың редакторы, ТурЦИК-тің мүшесі, кейіннен оның төрағасы қызметтерін атқарған. Бұдан кейін Ленинградтағы әскери академияда оқытушы болып істеген. Ал, әйелі Фатима осындағы «Монетный дворда» қызмет етіпті. Олар Рэм, Варлен, Лэрен және Мәулен есімді төрт ұл тәрибелеп өсіреді.

И.Тоқтыбаев алғаш рет 1933 жылы ұлтшыл деген жалған айыппен ұсталады. Қамаудан шыққан ол 1937 жылдың қаһарына ілігеді. Бұл жолы оны 10 жылға соттаған.

Төрт ұлмен қалған Фатима «халық жауының» отбасы ретінде қуғын-сүргінге ұшырайды. Сол бір сұрапыл жылдары Тоқтыбаев деген фамилия «қара тізімде» тұрғандықтан, Исаның балалары Исаев болып ауыстырылады. Тоқтыбаев деген фамилияны шаңырақтың кенжесі Мәулен ғана сақтап қалады.

 Ұзамай соғыс басталған. Әйгілі Ленинград блокадасы кезінде Фатима үлкен екі ұлын Қызылордадағы туыстарына жібереді. Бірақ туыстары Рэм мен Варленді қабылдамапты. Содан Рэм оқуға алынады, ал, Варлен Арал теңізіндегі портта жұмыс істейді. Варлен бұл кезде бар-жоғы сегіз жаста екен.

Ленинград жау қоршауында ұзақ тұрғандықтан, Фатима қалған екі ұлын пойызға отырғызып тылға жібіреді. Бірақ жолда пойыз бомбаның астында қалып, Лэрен мен Мәулен із-түссіз жоғалады. Лэреннің өлі не тірі екені сол күйі белгісіз. Ал, Мәуленді анасы 1954 жылы Украинадағы балалар үйінен тауыпты. Соғыс біткен соң Фатима Қызылордаға оралып, сонда буфетші болып істейді.

Иса қамаудан 1947 жылы қайтып оралады. Алайда ел ішіндегі НКВД-ның тыңшылары оны қайтадан ұстап берген. Бұл жолы өкімет орындары оны Сібірге жер аударады. Ол айдаудан Қызылордаға тек 1954 жылы ғана қайтып оралған. Келгеннен кейін Исаның кінәсіз жазаға тартылғаны дәлелденіп, ол толығымен ақталып шығады.

-- Біз Варлен екеуіміз Алматыдағы медицина институтында бірге оқыдық. Осы студенттік жылдарымызда отау құрдық. Тұңғышымыз Клара алтыншы курста оқып жүрген кезімізде дүниеге келген. 1956 жылы оқуымызды бітірген соң атамыз Иса бізді Қызылордаға алдыртты. Бұл кезде оның жасы 62-де болатын. Бірақ ол кісі бұдан да кәрі көрінетін. Ұзақ жылдар бойғы қуғын-сүргін оны әбден қажытқан еді. Зейнеткер екеніне қарамастан, Қызылордадағы өлкетану мұражайының директоры болатын.

 Иса мен Фатиманың тұрмыс жағдайы да нашар еді. Біз келген кезде олар екі бөлмелі ескі үйде тұрады екен. Қызылордаға келген соң, Варлен екеуіміз жұмысқа тұрдық. Бір жылдан кейін бізге жас мамана ретінде пәтер берілді. Отбасымызбен сонда көшіп алдық,--деді Райхан апа.

     Иса Тоқтыбаев 1966 жылы, ал жұбайы Фатима 1984 жылы дүниеден өткен. Марқұмдардың денелері сол Қызылорда қаласына жерленіпті. Олардың қалған үш ұл да өмірден өткен. Райхан апа қазір Шымкентте ұлы Роланмен, ал, Исаның өзге немерелері Қызылордада тұрады.

"Рейтинг" газеті №39, 6 қараша 2009 жыл

Шабдарбаевты Шаяхметов алмастырды
Шымкент көрші облыстардан көш ілгері тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу