Бай мен қаңғыбас

Oinet.kz 22-06-2009 1092

Screenshot_7.jpg

Бір күні кластасым тойына шақыра қалды. Тойдағы айқай-шудан, түкке татымайтын концертсымақтан, әлдеқайдан әкелінген жалаңаш бишілерден, той иесін тілі жеткенше мақтаған сөзшеңдерден құлағым шыңылдап, миым айналып, басым мың-дың болды. Шешемнен жаяу туған мен, о дүниеге де жаяу кететінімді ойлап, осы жаяулығыма риз аболып щеттей бердім. Жан-жағымды жанап кетсең жақтырмайтындарда, аулағырақ шығып екеу-екеу сөйлескендерде менің шаруам жоқ еді. 

Мәні жоқ ырду-дырдудан құтылып, есіме түскен әнсымақты ыңылдап келе жатқанмын. Түтіндеген темекінің тұқылы езуіне қыстырылған, жыртылған дорбасынан әлдеқалай бірдемелер, бос бөтелкелер көрінген, өзіне-өзі күбірлеген қаңғыбас алдымнан шыға келді. Іздегені көшеден табылғанға мәз, ештеңемен, ешкіммен жұмысы болмай масайрап келе жатыр екен. Жалғыз өзі – патша, жалғыз өзі – би. Жоқ жерден оған қатарласа қыстырылып, жолын кескендей болдым. Ол қуыстанып, ақыарйып, бағанағы тойдағы байларға ұқсап жақтырмай, маған жирене қарады. 

Жүрегім солқ ете түсті. Адам болған соң, кейде оралымсыз ісіңе қысыласың ғой. Ал, қаңғыбастың менен қысылатын түрі жоқ. Жүректің солқ ете қалғаны – қаңғыбастар ен байлардың сонша ұқсастығы еді. Өйткені, қаңғыбастар мен байлардың болмысында бірейден ұялу, қысылу дегендер бола қоймайтындай. Қаңғыбастардың бар арманы – қарнын тойғызу, ішу, ішкен үстіне іше беру. Байлардың да бар арманы – қарын қамы, байыған үстіне байи түсу, тіпті «Құдай» болу. Жанына абайсызда жақындай қалсаң, жақтырмай сенен қатты жиренетіні бар. мына қаңғыбас та менен қатты жиреніп, қорасына түскен ұрыдай маған жақтырмай қарады.  Себебі мен оның отыратын жерін таптап кете жаздаппын. Бұлар қаңғыбастармен ғана араласады, байлар байлармен ғана... Қаңғыбастар  бар тапқанын мекеніне таси береді, тіпті тапқанын қызғыштай қорып, ешкімге сенбей өзімен бірге алып жүреді. Байлар да тапқанын үйіне таси береді,  тіпті әйеліне де сенбей, бәрін өзі қадағалап отырады. Қаңғыбастар не істесе де қарақан басы үшін, байлар да солай... 

Сөйтіп мен байлар мен қаңыбастардың ұқсастығына тұңғыш рет таң қалдым. Ерекшелігі, қаңғыбастар ешкімнің атынан сөз сөйлемейді, байлар елдің атынан сөйлеуге құмар. «Ел үшін» деп алып, білгенін істеп жатады. Қаңғыбастар араққа, байлар дүниеге тоймайды. Арақ ішіп алып қаңғыбастар дүниені тіреп тұрғандай адам баласын менсінбейді, жолы болып ақшаға белшесінен батқан байлар адам түгілі Құдайды менсінбейді. Байлардың қаңғыбастардан тағы бір ерекшелігі, халықтиы біз асырап отырмыз, елдің жайын ойлап жүрміз деп өзін де, өзгені де алдай алады. Осындай алдауға түскен ел байларды депутат етіп сайлайды. Депутаттардың бәрі де байлар, кембағалы жоқ. 

Дегенмен, байлар да мені қорлаған палау басқыштар секілді емес. Олардың да қолы, аяғы, қолқа-жүрегі, тілі-ділі, болмыс-бітімі өзініңі емес. Тіпті оларда да сүйек жоқ. Бірақ, өздерінің дәл мен секілді екенін білмейді, білгісі де келмейді. Сүйек болса, жоғары-төмендегі депутаттар алдымен менің жайымды ойлар еді. Бұл жердегі «мен» деп отырғаным ұлтымыз шығар деп түсінгім келеді. Бірақ, 130 ұлттың қосындысынан пайда болған 10 миллионға жетпейтін міскіндерді бүгінде «Қазақстандық ұлт» деп айтқан да жөн шығар. Бұларға бабалардан қалған  тілдің, ділдің керегі  не?  Бұларға келешек ұрпақтың қамын ойлаудың қажеті қанша. 

Осынау 10 миллионға жетер-жетпес елдің ішінде жаратылысынан қол-аяғы, тілі-ділі, қолқа-жүрегі тек өзіне ғана тән пенделер де, ел үшін еңбек етіп жүрген байлар да баршылық. Құдай солардың жолын берсін! Әйтсе де  мен айтып отырған байбатшалар өздерін осы «баршылықтың» ішіндеміз деп қалмаса неғылсын...

Тілі-ділі, қолқа-жүрегі, қол-аяғы өзімізге ғана тән пенделер, осыны оқи қалсаңыз мен міскінді кешіре көріңіздер. 

Әбілда Аймақ, 

Ақын, халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты

«Тука» «Шаншардан» не үшін кетпек?
"Асылып өлгеннен басқа амал қалған жоқ"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу