"Асылып өлгеннен басқа амал қалған жоқ"
Аумалы-төкпелі заман-ай десеңізші, осыдан екі-үш жыл бұрын Шымкентте несие алудан оңай нәрсе жоқ болатын. Банктер өзара социалисттік жарысқа түскендей, ақшаны оңды-солды таратты. Қала түгілі қияндағы ауылдың халқын да банктер почта арқылы жаппай несиелендірді емес пе?! Жасыратын не бар, қазір басы банктің «ноқтасына» киілмеген пенде қалды ма екен? Әй қайдам…
Екі-үш жыл бойы пайыздық ставкасы өте жоғары несиені қайта-қайта сапырып, қыруар пайдаға батқан банктер бірақ пәсте шарасыз күйге ұшырайды деп кім ойлаған?! Экономиканың заңы солай, дағдарыстан кейін даму, дамудан кейін тағы дағдарыс. Алайда Үкімет қолдан келген шарларды жасағансып жатыр. Құрдымға кеткелі тұрған банктерге қазынадан қаржы берілді. Бірталай талаптар қойылды. Бірақ…
“Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» демекші, қара халық дағдарысты жеңілдету үшін жүргізіліп жатқан шаралардың шарапатын сезініп отырған жоқ. Әсіресе, банктен несие алған борышкерлер сең соққан балықтай күй кешіп жүр. Обал-ақ. Сот шешімімен басындағы жалғыз баспанасынан айрылғандар қатары күннен күнге артып келеді. Дағдарыстың салдарынан несиесін төлей алмаған талай отбасының шаңырағы шайқалды. Күйзелістен ажырасып тынған ерлі-зайыптылар да бар. Енді бірі жүрегі ауырып, «давлениесі» көтеріліп ауруханаға түсіп жатыр. Өмірден күдер үзген 4-5 адам өз-өзіне қол жұмсаған…
Алайда борышкерлер де «тал қармап» жатыр. Олардың бір тобы «Халықтың баспанасын қорғайық» атты ұйымға (мұндай ұйым қазір Алматы қаласында белсенді әрекет етуде) бірігіп, тиісті орындарға өздерінің талап-тілектерін жолдауда (ұйымның мүшелері негізінен үйлерін кепілге қойып банктен ірі көлемде несие алғандар және тұрғын үйлерін ипотека арқылы алғандар). Әрине, көп біріксе күш. Бірақ жоғарыдағылар әзірге бұл күшке мән бере қоймаған сыңайлы. Жуырда ұйым мүшелері банктердің алдында бейбіт митинг ұйымдастыру үшін құзырлы органдардан рұқсат сұраған екен. Олар митнигіні Шымкенттің шеткі аймағында жатқан «Самал-3» мөлтекауданындағы күл-қоқыс тастайтын орында өткізуге рұқсат етіпті. Сонда өкімет қара халықты күл-қоқысқа теңегені ме?! Шыны ма, әлде мазағы ма?!
“Халықтың баспанасын қорғайық” ұйымының бір топ мүшелері өткен аптада Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотының алдына жиналып, әрқайсысы сот төрағасы Нмизамеддин Жамашевқа петиция (өкімет орындарына халықтың жекелеген немесе көпшілік болып берген қағаз жүзіндегі өтініші, талап-тілегі, редакцияның анықтамасы) табыс етті.
Петицияда негізінен соттарға екі талап қойылған. Біріншіден, сот борышкерлердің ісін сырттай қарауды тоқтатып, сот мәжілісіне жауапкердің, сондай-ақ, БАҚ, қоғамдық ұйым өкілдерінің де қатысуына мүмкіндік беруі керек. Екіншіден, борышкердің басындағы жалғыз баспанасынан айыру жөніндегі банктердің талап арыздары қабылданбауы тиіс.
Обалы не керек, әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Низамеддин Жамашев борышкерлермен кездесуден қашқақтаған жоқ. Қайта ғимараттың сыртына шығып, олардың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан тыңдап көрді.
- Осыдан екі-үш жыл бұрын банктен ірі көледе несие алып, шетелден көлік әкеліп сату бизнесіне кірістік. Алғашқыда табыс жаман болған жоқ. Несиені уақытылы төлеп тұрдық. Қаржы дағдарысы басталғалы шығынға баттық. Енді не істерімізді білмейміз. Күйеуім жұмысқа тұрып еді, бірақ бастығы «қыруар қарызыңыз бар екен, бізге де тыныштық керек» деп, шығарып жіберді. Уайым-қайғы денсаулығымнан айырды. Басымыздағы баспанамызды банк тартып алса, алты баламен қайда барамын?!—деді жасы 40-50-лер шамасындағы азаматша.
- Осы несиеме құжат туралар кезде біраз әуреге түстім. Делдал азаматтар несиенің 10-15 пайыздайын өздеріне алып қалды. Жуырда банктер «Нұр Отан» партиясымен, Үкіметпен келісім жасасып, құжаттарға қол қойды. Олар «екі жыл бойы клиенттерді жайына қалдыр» деген талабына мойынұсынған еді. Енді келісімді неге орындамайды? Сонда қалай, банк пен клиент арасындағы келісім орындалуы тиіс те, Үкімет пен банк арасындағы келісім орындалмай қала салмақ па? --деді тағы бір азаматша.
“Бізге енді асылып өлгеннен басқа амал қалған жоқ” десті ашынған екі-үш азамат.
- Қазір дағдарысқа қарсы көптеген бағдарламалар жасалды. Газеттерден оқып, теледидардан көрген болсаңыздар, “жол картасы” деген жұмыс істеуде. Ол бойынша жұмыссыз қалған қалған халық нақты бір кәсіппен қамтамасыз етілуі тиіс,--деді төраға.
Дағдарыстан шығудың жолын іздеген халық Үкіметтің бұл жаңалығынан хабарсыз емес екен:
- Оған да бардық. Жалақысы азын-аулақ. 7-8 мың теңге ғана. Ол несиені төлеу түгілі күнкөріске де жетпейді.
Гүлайша МҮСІЛТАЕВА, ОҚО “Халықтың баспанасын қорғайық” ұйымының жетекшісі:
- Халық өте ашулы. Өйткені олармен санасып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, банктер сот шығындарын да борышкерлердің мойынына салып жатыр. Қазір біздің ұйымға мүше болған шарасыз азаматтардың қатары мыңға жуықтады. Барлығы дағдарыстың “құрбаны” болғандар. Көпшілігі шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Өзіңіз білесіз, дағдарыс басталғалы сауда-саттық деген мүлдем тоқтады. Біз қарызды қайтармаймыз деп отырған жоқпыз. Борышкерлерге 1-2 жыл мұрсат берсін. Жағдай дұрысталған соң қайтарамыз.
- Жоғарыда бір сөзіңізде, несиесін төлей алмаған бірнеше адамның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы айтып қалдыңыз. Бұл әңгіме қаншалықты рас?
- Рас. 4-5 адам, тіпті одан көп. Менде олардың өлер алдында жазып кеткен хаттары да сақтаулы. Ұйымға мүше 10-15 адамның “егер банк тарапынан қысым тоқталмаса, өз-өзіме қол жұмсаймын, үйіммен, бала-шағаммен қоса өртеніп өлемін” деп жазған хаттары да бар.
Низаммеддин Жамашев, әл-Фараби аудандық сотының төрағасы:
- Бұл кісілердің қойып отырған мәселесін шешу менің құзырыма кірмейді. Бірақ мен мұны міндетті түрде жоғарыдағы басшыларға жеткіземін. Бұл мәселе Үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс.
Банктер қазір борышкерден қарызды өндіру туралы талап-арыздарын беріп жатыр. Біздің талап-арыздарды қараусыз қалдыруға құқымыз жоқ. Ал, сырттай сот шешіміне келер болсақ, тәртіп бойынша жауапкер жақ сотқа келмесе, судья істі сырттай қарауы мүмкін. Бірақ егер жауапкер оған келіспесе, арыз беріп, істі қайта өзінің қатысуымен қарата алады. Заңда бұған толық мүмкіндік қарастырылған.
Г.Киселева, ОҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымының заңгері:
- Маған бүгінгі шараға бақылаушы ретінде қатысуымда өтінген болатын. Осында келердің алдында Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптарын қарап шықтым. Мына бір нәрсе назар аударуды қажет етеді деп ойлаймын.
Қарыз өндіру жөніндегі істерге шешім сырттай шығарылып жатқан көрінеді. Заң талаптары бойынша егер жауапкер сотқа келмесе, судья істі сырттай қарай алады. Ал, жауапкер шешімді алған соң 5 күн ішінде сотқа арыз беріп, істі өзінің қатысуымен қайта қарата алады. Бірақ менің байқағаным, кейбір сырттай шығарылған шешімде осы 5 күндік мерзім жөнінде ештеңе жазылмаған. Жауапкер мұны білмегендіктен, уақыт өткізіп алуы әбден мүмкін ғой.
Қалай болғанда да, борышкерлердің сотқа берген петициясы жерде қалмаған сияқты. Бүгін әл-Фараби аудандық сотында банк басшылары мен судьялар туындаған мәселені «дөңгелек үстел» басында отырып талқыламақ. Одан қандай нәтиженің шыққанын біз келесі нөмірімізде хабарлайтын боламыз.