Қиялдан құралған бас жоспар жасаған жауапты басшылар неге жазаланбайды?

Oinet.kz 25-05-2009 915

 3843563.jpg   

Елбасы келешекте еліміздегі ең үлкен үш қаланың тізіміне кіруі тиіс деп мақтап кеткен Шымкенттің әлі күнге дейін нақты бекітілген, жаңа бас жоспары жоқ. Жақында әбден жауыр болған тақырып кезекті рет күн тәртібіне қойылып, Шымкент қаласының жаңа бас жоспары жайлы мәселе қайта қаралды. Бұл жолы Шымкент қаласының шекарасы 86 мың (!) гектар деп есептелгенін естігенде естен танып қала жаздадық.  Алматы қаласында өткен Қазақстанның қоғамдық  құрылысшылар кеңесінің отырысында мүйізі қарағайдай аузы дуалы мамандар Шымкенттің бас жоспарының шынайы өмірден тым алшақтығын ашып айтуы да осыдан. Жобаны іске асыру мүлде мүмкін емес. Өйткені, 86 мың гектарлық қала көлемі жағынан әлемдегі Мәскеу мен Лондон секілді санаулы алып қалаларға ғана жол береді екен.

- Күні кеше әкімшілікте бас жоспар бойынша арнайы жиналыс болды. Сонда айтылды, Мәскеудің көлемі 110 мың гектар шамасында екен. Ал әлемге әйгілі Лондонның көлемі 95 мың гектар. Шымкенттікі 86 мың гектар. Айырма аз ғана. Тұрғындар саны жағынан айырмашылық жер мен көктей. Лондонда 15 миллионнан астам халық тұрады. Мәскеуде де бұдан көп болмаса, аз емес. Талап бойынша бас жоспар жасалмас бұрын, қала халқының санын болжап алу керек. Мәселен, қала халқы 30 жылдан кейін қанша болуы мүмкін деген секілді. Соған қарай қала аумағы, көп пәтерлі үйлердің қажеттілігі, қажетті инфрақұрылымдардың жобалары жасалады, - дейді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Серікжан Кенжалин.  

Заң бойынша жасалған жоба жан-жақты сараланып, сараптаудан өткізілгеннен кейін Үкіметте бекітіледі. Бекітілген бас жоспардан ауытқыған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады. Таңданарлығы жобаның көліктік инфроқұрылым бойынша инженері Камал Наурызбаев өзі де авторларының бірі бола тұра өздерінің жасаған жобасына қатысты енді оңдырмай сын айтып жүр. «Қала аумағы тым үлкен, оны игеру мүмкін емес, қала шағын, жинақы болуы тиіс», - дейді ол. Бір түсінбегеніміз, осы пікірді жобаны жасап жатқанда неге айтпаған? Сонда бұл не, мазақ еткендік пе, әлде жаны ашымастық па?   

Осылайша, әзірге Шымкент қағаз жүзінде ғана көркею үстінде. Оның өзінде мамандар тарапынан мақұлданбай келеді. Жарамсыз жоба жасауға осы күнге дейін қала қоржынынан 50 миллион теңге жуық қаражат жұмсалды. Егер де осы қаражат әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың қажетіне жұмсалғанда жарымжан жоба жасағаннан көрі әлдеқайда сауапты іс болар еді.  

Шадияр Молдабек 

Шалабаевтың иелігіндегі «Ұтан» шатақ болып тұр
Авторитет "Еска" қолға түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу