«Сыйлық бергісі келсе барлық ойыншыларға берсін» – Қайрат клубының бас бапкері
Алматыда өткен “Қайрат” пен “Жетісу” арасында матчынан кейін “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин баспасөз мәслихатында журналистердің бір қатар сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Қайраттың” бас бапкеріне қойылған сауалдардың көбі 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза мен Темірлан Анарбековке сыйға берілген көлік жайында болды.
“Әрине, біз кәсіпкерлерге сыйлық беруге тыйым сала алмаймыз. Бірақ мәселенің мәнін дұрыс түсіну керек. Бір ойыншыны бөліп көрсету – бұл дұрыс емес. Футбол – командалық ойын. Егер көмектескісі келсе, жалпы клубқа көмектессін. Ал егер сыйлық бергісі келсе – барлық ойыншыларға берсін. Мен ешкімді үйрете алмаймын, бірақ командалық тұрғыдан алғанда, бір адамды ерекшелеп марапаттау – дұрыс емес шешім. Біздің клубтың ұстанымы да сол – біз бір командамыз. Егер сыйлық берілсе, ол клубқа берілсін. Мысалы, автобус немесе микроавтобус. Менің жеке пікірім – осындай жекелей марапаттау қажет емес”, – деді Рафаэль Уразбахтин.