«Көшпенді» кадр, «көшпенді» команда... қажет пе?

Oinet.kz 07-03-2009 934

34.jpg

Тегінде «істің бәрін кадрлар шешеді» деген бекер айтылмаған ғой. Шынында жұмысты жеделдетіп, тірлікті ілгерілетудің кілті білікті де білімді, іскер мамандардың қолында. Әйтсе де басшының басты қасиеті –  ескі кадрларға ғана есі кете бермей, жаңа буынды тани білу, жергілікті мамандарды іске тарта білу, қолынан іс келетіндерді көріп, бағалай білу болса керек. Алайда соңғы жылдары атқамінерлер биліктің бишігін ұстаса болды, айдаладағы аралға бара жатқандай  кадрлерімен бірге «көшіп-қонып» жүруді әбден ауруға айналдырып алды. Президент тарапынан бұған байланысты бірнеше мәрте ескерту айтылғанымен шенеуніктер одан қорытынды шығарудың орнына керісінше аурулары асқынып барады.

«Көшпенді» кадрлар жөніндегі гу-гу әңгіме Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға Бердібек Сапарбаев тағайындалған тұста бұрқ ете қалды. Көршілес  Қызылорда облысының әкімдігінен ат ауыстырып келген Б.Сапарбаевтың Сыр елінен, сырттан әкелген кадры небәрі екеу-ақ еді:оның бірі, облыс әкімі аппаратының басшылығына Кеңес Махамбетовті,қаржы шаруашылық бөлімінің меңгерушілігіне Әсетулла Қыдырбаевты әкелді. Облысты іскерлікпен басқара білген Бекең әсіресе, Махамбетовке қатты сенетін болуы керек, кейінірек облыс әкімдігінен еліміздің бас кеденшісі қызметіне ауысқан кезде бұл кадрын ілестіре кетті.

Сапарбаевтан кейін облыстың тізгінін ұстаған Болат Жылқышиев кадр ауыстыруда батыл қимылдады. Сонау Кеңес заманынан қалыптасып кеткен «облыс басшысы қазақ болса, оның бірінші орынбасары орыс болуы керек» деген қағиданы осы Жылқышиев бұзды. Сөйтіп Жылқышиев жергілікті кадрлардан жап-жақсы команда жасақтай білді. Облыстың жағдайын бес саусағындай білетін, соның «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген жергілікті кадрларға көбірек сенім артқандықтан болар, Жылқышиевтің командасы тәп-тәуір тірліктер атқарды. 

«Көштің» көкесі Өмірзақ Шөкеевтің кезінде басталды. Шөкеев орысы қалың Қостанай облысын басқарғанда «қайтсем де қазақыландырамын» деп біраз қазақ тілді, ұлтқа жаны ашитын кадрларды алып барды. Онысы біраз дау болды да...  Әрине, Шөкеевтің бұл қадамы құптарлық, алайда, қазағы қалың Оңтүстікке сырттан кадр әкелудің не қажет бар еді? Астаналық кадрлар орынбасар, бөлім бастықтарына дейін Астанадан алдырды. Бір ғана денсаулық сақтау департаментінің директоры В. Дудник үш орынбасарын, көмекшісін, кейбір бөлім бастықтарын, облыстық деңгейдегі медицина мекемелерінің бас дәрігерлерін... бәрін-бәрін Астанадан шақыртты. Білікті басшылығымен, білгір дәрігерлігімен жұртқа кеңінен танымал Мәди Бигалиев, Болат Сағымбеков  бастаған жергілікті кадрлар өз елі, өз жерінде өгей баланың күйін кешті. Денсаулық саласындағы дүрбелеңді басу орнына дүрліктіріп жіберген Дудник ойына келгенін істеді. Өзінің әйелі Елена Дудникке облыстық аурухананың бөлім меңгерушілігін сыйға тартып, жаңадан гинекологиялық бөлім ашып берді. «Көшпелі» кадрлардың бірі -- Н. Қасымовтың өзі облыстық аурухананың бас дәрігері қызметіне қонжиса, әйелі Сәуле Қасымова облыстық перинатальдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары болды. Биліктің батасымен, жетелеуімен  Н. Қасымов облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланып еді, Дудник қызметінен кеткен соң, мансапқа да, мандатқа да қолды бір сілтеп, артынан кетті. Қазір Астанадан денсаулық саласын сауықтырамыз деп қызу қарқынмен келген қаптаған кадрлардан облыстық қан орталығының бас дәрігері Марат Дәуменов ғана қалыпты. Спорт және дене шынықтыру департаментіне басшылыққа  тағайындалған астаналық Есмұхаммед Спановтың мамандығы спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Физик-математик. Соңында бір есте қаларлық дүние, «мынаны сол істеп еді» деген бір жылы сөз қалдырмаған Спановтың келіп-кеткені бүгінде тіпті белгісіз болып қалды.  

Облысты дұрыс басқара алмай көтере алмас шоқпарды беліне байлағаны анық байқалған әкім Нұрғали  Әшімовтің алып келген кадрлері жайлы сөз еткенде мына бір қызықты жәйт еріксіз назарымызды аударды. Байқап отырсақ, әкім болғандар қаржы жағын сенімді қолда ұстау мақсатында мына сала басшыларын міндетті түрде ауыстырады:бірінші – экономика, қаржы жөніндегі орынбасарын, екінші – экономика және бюджетті жоспарлау жөніндегі департаменттің директорын және қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісін. Шөкеевтің кезінде қаржы жөніндегі орынбасары қызметін Асылжан Мамытбеков атқарды. Экономика және бюджетті жоспарлау департаментіне Жолдымұрат Аманбаев, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушілігіне алғаш Елубай Байжанов, көп ұзамай  Бағлан Батыршаев тағайындалды. Әшімовтің тұсында орынбасар қызметін – Элдана Сәдуақасова, департамент бастығы қызметін – Айгүл Бекетова, ал, аталмыш бөлім меңгерушілігін Руслан Бөлтіріков атқарды. Бөлтіріков облыс әкімі аппарат жетекшісінің орынбасары қызметін қоса атқарады. Әшімов Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде оның көмекшісі қызметін атқарған Руслан Бөлтіріковтің  жер алуда заңсыз қадамға барғаны еліміздің бас прокуроры Р. Түсіпбековтің аузымен айтылып, даулы мәселе мемлекет басшысының алдына дейін жеткенін жақсы білеміз. Батыс Қазақстан облысында «финполда» бастықтың орынбасары қызметінде жүргенде Рысбек Шешенбаев «Тұрғын үй» бағдарламасын орындауда аз қамтамасыз етілген отбасыларға бөлінген екі пәтерді бір өзі иемденіп алып, оның да мәселесі Қауіпсіздік кеңесінде «майшаммен» қаралуының ақыры абыройсыз жағдайда атынан ауып түсуге апарып соққан еді. Осылайша құқық бұзушылығымен елдің көзіне түскен Р. Шешенбаевты Әшімов мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушілігіне, әрі аппарат басшысының орынбасарлығына тағайындады. Облыс әкімі аппараты жетекшісі орынбасарларының саны бір кездері біреу-екеуден әріге аспаса, қызмет тауып беру үшін Әшімовтің тұсында бұл орынтаққа отыратындар бесеуге жетті?! Ең өкініштісі сол бес орынбасар бес саусақтай бірігіп жұмыс істей алмады. Әшімов бұдан басқа да біраз кадрларды, атап айтқанда энергетика және коммунальдық шаруашылық департаменті, өнеркәсіп және сауда департаменті, қмемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына бастықтарды сырттан алдырды. Мейлі ғой, кадрлар баяғыдай сонау Мәскеуден, кешегі Колбин сияқты көрші елден келіп жатқан жоқ. Қайдан келсе де, осы Қазақстаннан, осы елдің баласы. Әйтсе де, қайдан келсе де кадрдың ең алдымен сапасы, іскерлік қасиеті үлкен роль атқаруы қой. Оңтүстікке келген «көшпелі» кадрлардан біз осындай ерекшелік көре алдық па? Келіп жатқан кадрлар кімдер? Заңға қайшы әрекеттерімен дауы әлі басылмай тұрған  Дудник-анау, құқық бұзушылығы үшін қызметінен босатылса да бүгінде облыс әкімі аппаратының мемлекеттік құқық бөлімін басқаратын Шешенбаев-мынау, тағы қайсыбірін айтайық...Сонда оңтүстіктің азаматтарын жерге ұрып әкелгендегі жетістірген кадрлердің сиқы осы ма? Талай талантты, ел мақтанышына айналған азаматтарды тәрбилеп өсірген, ел қазақтың алтын құрсағы деп есептейтін өскен-өнеген өлке қашанғы «проходной двор» болмақшы? Өмірзақ Шөкеев бар-жоғы 11 ай оңтүстікті басқарған соң қызметі өсіп Астанаға вице-премьерлікке ауысқан кезінде онымен бірге көшке ілесіп келгендер де шабаданын жинап жыл құсы секілді бәрі біртіндеп кете бастады. Енді міне Әшімов бір жарым жылдан кейін Астанаға ауысып еді, оған ерген көштің адамдары да жүгін жинастырып, біреу арттарынан қабаған ит қосып қуғандай асығыс-үсігіс оңтүстіктен табандарын жалтыратқалы жатқаны жайлы бейресми ақпарат алдық. Әкім ауысқан соң «көшпелі» кадрларды шеттетіп, қудалағаны, қысым жасағаны жайлы ақпараттың  шеті де шыққан емес. Ендеше жеке бастарының тұрмыстарын түзеу үшін емес, шынымен елдің тұрмысын түзеуге, оңтүстікті өркендетуге атсалысуға араласқан азаматтар болса неліктен қысымға ұшырамай-ақ, біреу қумай-ақ оңтүстікті тастай қашатындары түсініксіз. Осыдан кейін бұларды «көшпелі» кадр демей көріңіз...  Оңтүстік жұрты, қала берді мемлекетіміз осындай «көшпелі» кадрлардан не ұтты? Келгендердің бәрін пәтермен,көлікпен қамтамасыз ету, басқа да материалдық жағдайлар жасау арқылы бюджеттен қыруар шығын жұмсалды. Шырылдатып біреуді ысырып тастап, қызмет берілді. Ал,олар ішіп-жеп, дәурені өткен күні бәрін тастап кете барды. Депутаттық мандатын тастап кеткен Н. Қасымовтың орнына қайтадан сайлау өткелі жатыр. Оған бюджеттен қыруар қаржы қаралған. Осының бәрі облыс бюджетіне қаншама шығын әкелді десеңізші... Күнбағыс сияқты күн қайдан көтерілсе сол жаққа басын бұратын мұндай көшпелі кадрлардан не үміт, не қайыр?! 

Шынында Оңтүстікте іліп аларлық кадрлар жоқ па? Іскерлігімен ел аузына іліккен жергілікті азаматтар «көшпелі» кадрлардың қай-қайсысынан кем еді? Рас, Шөкеев әкелген кадрлардың ішінен бүгінде үлкен аренадан Асылжан Мамытбеков пен Асқар Бөрібаевты қана көріп жүрміз. Қалғандарының сайда саны, құмда ізі жоқ. 

Облысқа жаңадан тағайындалған әкім командасын жасақтауға әзірге кірісе қойған жоқ. Су жаңа әкім Асқар Мырзахметов осы Оңтүстік топырағының түлегі. Жаңа әкім шеттен кадр шақыртпай, жергілікті жігіттерге сенім артса дұрыс болар еді. Елдің тілегін айтқанымыз айып болмас сірә.

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Жаңа әкім ауылға бетбұрыс жасаса
Су жаңа мектеп 2 айда тоза бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу