«Южполиметалға» қарсы үлкен ойын жүргізілуде
«Южполиметалл» компаниясындағы қиын ахуал облыс шеңберінен шығып, республикалық деңгейдегі даулы мәселеге айналды. Облысқа индустрия және сауда министрі Владимир Школьник арнайы сапармен келуге мәжбүр болды. Мыңнан астам жұмысшы бес айдан бері жалақысыз отыр. Компанияның жалақы, салық және зейнетақы төлемдері бойынша жарты миллиард теңге төңірегінде қарызы бар. Тығырықтан шығар жолды іздеген компания басшысы Тұрсынбек Асамбаев зауыттың қоймасында екі жарым миллион доллардың шикізаты жатқанын, оны сатқан бойда жалақы қарызынан толық құтылатынын қайталаудан жалықпауда. Оның үстіне Кентаудағы бірқатар шағын кәсіпорындары ұлттық компанияларға сатуға дайын екенін білдірді. Осы әңгімесін Школьникке де айтты. Сонымен қатар Кентаудағы мәселенің де жуық арада шешілетініне сендіріп бақты. Ол үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен арада келісім-шартқа отырып, кәсіпорынның өнімін сатуды қолға алу қажет. Асамбаевтың уәжін тыңдаған Школьник сол үндемеген күйі Астанаға аттанып кетті.
Асамбаев та, министр де шикізаттың кімге, қашан, қандай бағамен сатылатыны жайлы ешкім жұмған аузын ашпады. Онысы түсінікті де. Дағдарыс жағдайында темір-терсекті қажет ететін компания жоқтың қасы. Әлемдік нарықта қорғасын бағасының күрт құлдырауы шикізатқа деген сұраныстың мүлдем жоқтығын айқын көрсетті. Былтырғы бағамен салыстырғанда қорғасын 67 пайызға арзандаған. Сарапшылардың болжамына сенсек, төмен бағаның жылдың соңына дейін сақталатын түрі бар. Демек, дағдарыстың көкесі әлі алда. Жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың жағдайы не болары белгісіз.
«Южполиметаллдағы» ауыр жағдайдың барлығын дағдарыстан көре беру дұрыс па? Білетіндердің айтуынша, кәсіпорынның тығырыққа тірелуі – компания басшылығының стратегиялық қателігінде жатқан көрінеді. Концерн құру мақсатында түрлі бағыттарды қамтуға тырысқан компания ақыр соңында ешқандай саланы да дұрыстап жүргізе алмай, сазға отырды деген сарапшылардың пікірі бекер емес болар.
«Южполиметаллға» қатысты мәселеде ерекше белсенділігімен көзге түскен вице-премьер Өмірзақ Шөкеевті де атап өтпеске болмайды. Алып кәсіпорынды мемлекеттің қарамағына өткізу қажеттігі жайлы бастаманы алғашқылардың бірі болып көтерген Өмекең айдың басында кәсіпорынның капиталының бір бөлігі мемлекетке өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Асамбаев болса соңғы апталарда мемлекеттің жәрдеміне ешқандай да зәру еместігін қайталаумен әлек болуда.
«Түбінде «Южполиметалл» бәрібір мемлекеттік меншікке өтеді», дейді сарапшылар. Білікті экономистердің айтуынша, дағдарыс – байлардың байи түсуіне ең қолайлы кезең. Соған қарағанда, «Южполиметаллдың» төңірегінде үлкен ойын басталғалы тұр. Өкініштісі сол, бұл қарапайым жұмысшылардың тағдырынан да маңыздырақ сыңайлы.
Жандар НАУРЫЗБАЙҰЛЫ