Нұртілес Дүйсенбаев: «Қай оқулыққа сенерімізді өзіміз де білмей жүрміз»
Нұртілес Дүйсенбаев, Шымкенттегі №68 мектептің тарих пәнінің оқытушысы:
Тарих нақты ғылымдардың қатарына жатпайды. Мұнда екіге екіні қоссаң төрт дейтін математикалық дәлдік, нақтылық жоқ. Тарих заман ағымына орай, саяси жағдайларға байланысты және жаңадан пайда болған зерттеулерге қарай өзгеріп, толығып отыратын ғылым. Сондықтанда кешегі кеңес өкіметі кезіндегі тарих пен Тәуелсіз Қазақстанның тарихы арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
Тәуелсіз Қазақстанның тарих оқулығындағы кемшіліктер туралы бұған дейін де талай әңгіме айтылды. Әрине, «көш жүре түзеледі». Бірақ жиырма жылдан астам уақыт өтсе де бұл неғылған «түзелмейтін көш», жөнделмейтін кемшілік дейсің.
- Жуырда Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары келіп, өзім сабақ беретін тоғызыншы сыныптың оқушыларынан сынақ алды. Оқушы жетістігін сырттай бақылау деп аталатын сынақтан кейін шәкірттерім маған оқулықта жоқ сұрақтардың қойылғанын айтты,-дейді «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келген Шымкент қаласы «Азат» мөлтекауданындағы №68 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нұртілес Дүйсенбаев.
– Мен оларға не деп жауап берерімді білмедім. Біздің мектептегі тарих пәні «Атамұра» баспасының оқулықтарымен өтіледі. Бұл оқулықты Білім министрлігі ұсынған. Ал сынақ кезіндегі сұрақтар «Мектеп» баспасынан келген. Екі баспаның оқулығы да Қазақстан тарихын оқытады. Егер қисынға салсақ, екі оқулықтың да балаға берері бір болуы тиіс емес пе? Өкінішке қарай олай болмай шықты. Айталық, сынақ кезінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Кейкі батыр туралы сұрақтар қойылған. «Атамұра» баспасында Кейкі батыр туралы ешқандай мәлімет кездеспейді. Бұдан кейін мектеп бағдарламасында өтілмеген деректерді сұраққа енгізудің, оған жауап бере алмаған балаға төмен баға қою қаншалықты әділетті?
Келеңсіз жәйттар мұнымен шектелмейді. «Мектеп» баспасының оқулығында «Қазақстанда сауатсыздық жойылсын» қоғамы 1924 жылы құрылды деген мәлімет бар. Ал «Атамұрада» мұндай мәлімет жоқ, онда аталған қоғамның КСРО-да 1919 жылы құрылғаны ғана жазылған. Сонда бала мектеп партасында өтпеген деректі қайдан алуы тиіс?
Екі оқулықты салыстырып отырып бұдан да масқар жайттарды байқауға болады. Мәселен екі оқулықта ашаршылық жылдарында қайтыс болған халықтың саны 2 миллион 100 мың деп нақты көрсетілген. Бірақ оның ішінде қайтыс болған өзге ұлт өкілдері деген мәлімет екі түрлі: «Атамұрада» -250—300 мың, «Мектепте»--400 мың. «Атамұрада» Жұмабай Шаяхметов Қазақстанның бірінші хашысы қызметіне 1946 жылы келді дейді, ал «Мектепте» 1949 жылы келді дейді. Қай оқулыққа сенерімізді өзіміз де білмей қалдық. «Атамұра»баспасының бұған дейінгі оқулықтарында Ұлы Отан соғысына аттанған қазақстандықтардың саны 8 миллион 200 мың деп көрсетілген болатын. Оқулықты жазушылар бұл кезеңде Қазақстан халқының саны әлі 8 миллионға жетпегенін білмегені ме? Бұл қателік бертінде 1 миллион 200 мың деп түзетілді. Алайда оқулық жаңадан басылып шыққанша оны бала оқыды емес пе, осыдан сынақ тапсырды емес пе? Ең өкініштісі де осында. Тарихи деректердің әр оқулықта әртүрлі жазылуы баланың білімін әділ бағаламауға алып келеді. Оқулықты жазушылардың жіберген қателігінің зардабын бала сынақ кезінде, ҰБТ тапсырғанда тартады. Ал мұның жауабын кім береді?