«Алашорда. Желтоқсан.Тәуелсіздік.»
Шымкентте Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 95 жыл толуына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды».
1917 жылдың 5 мен 13-ші желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ-қырғыз құрылтайы өтіп, құрылтайда тұңғыш рет заманауи бағытта мемлекет құрылып, оның аты Алашорда деп аталған кезде «Сарыарқа» газетінде алаш арыстарының бірі, табиғатынан зерек тұлға, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш математика ғылымдарының профессоры Әлімхан Ермеков жұртшылықтан осылай деп сүйінші сұраған екен. Сондықтан да азаттықты аңсаған алаш жұрты үшін бұл күн қасиетті. Кейінгі жылдары 13 желтоқсан алаштың дүниеге келген күні ретінде аталып өтіліп келеді. Биыл бұл аталуы датаға 95 жыл толды. Осыған байланысты жуырда Шымкентте Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына және Тәуелсіздік күніне арналған «Алаш туы астында: Алашорда. Желтоқсан. Тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәлік Асылбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Қарин және өзге де зерттеушілер қатысып, баяндама жасады. Жалпы жиынға ғалымдар, тарихшылар, алаштанушылармен бірге кешегі алаш арыстарының ұрпақтары да қатысты.
«Алаш» партиясының дүниеге келуі ресми тарихта 1917 жылдан басталып жүр. Алайда азаттық идеясы, азаттық қозғалысы 1917 жылдан әлдеқайда ертерек жалындаған болатын. Кейбір тарихшылар алаштың тарихын 1905 жылдан бастап жүр. Өйткені қазақ қоғамында ұлттық мәселені қозғап, азаттық үшін басын бәйгеге тігуге бейіл зиялы қауым өкілдерінің шоғыры осы кезде қалыптасты. 1906-1907 жылдары Ресейдің бірінші-екінші мемлекеттік думаларына Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, М.Тынышбаев, Б.Құлманов, Ш.Қосшығұлұлы сынды қазақ қайраткерлерінің сайланғандығы осы қозғалыстың жемісі деуге болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі бұл қозғалысқа жаңаша леп әкелді.
1917 жылдың 21-28 шілдесінде өткен Бірінші Жалпықазақ сиезінде «Алаш» партиясы ресми түрде құрылып, болашақ мемлекеттің қандай болмағы талқыға салынды. Ал, 5-13 желтоқсан аралығында өткен Екінші Жалпықазақ сиезінде «Алашорда» үкіметі құрылды. Әлихан Бөкейханов төрағалыққа сайланды. Өкінішіке қарай, алдына қадау-қадау міндеттер қойып, ұлттық мемлекет құрамыз деген алаш азаматтарының көзқарасы Мәскеумен бір арнада тоғыс алмады. Алашорда үкіметі 1920 жылы өзінің өмір сүруін тоқтатты. Бірақ алаш арыстары жаққан азаттық идеясы өзінің өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Кеңес өкіметі құрылғаннан кейінгі отаршылдыққа қарсы баскөтерулер, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі де осы алаш арыстары қалап кеткен азаттық қозғалысының жалғасы, сабақтастығы. Бүгінгі тәуелсіздік сол арман-мақсаттың орындалғаны.
Алаш тарихы қазақ тарихындағы ең қаралы беттерінің бірі саналады. Орталық өкімет 1919 жылы Алашорда үкіметіне қызмет еткен азаматтарды жауапкершіліктен босату, қуғын-сүргінге ұшыратпау туралы қаулы шығарғанымен алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік отызыншы жылдарғы репрессияның құрбанына айналды. Ал, бүгінгі тарих оларға лайықты бағасын бере алды ма? Жас ұрпақ алашты қаншалықты біледі? Міне, конференцияда осы мәселе кеңінен сөз болды. Конференцияда алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, оларды насихаттау, 5 жылдан соң, яғни 2017 жылы болатын Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдығына қазірден бастап дайындалу мәселесі де талқыланып, конференция қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданды.
Конференцияда айтылған ой-пікірлер
Амангелді Айталы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, философия ғылымдарының докторы: «Шынайы қазақтар 65 пайызға жетпей тұр»
- Алаш көсемдері қазақтың тұтастығына көп мән берді. Президент Н. Назарбаев жақында Статистика агенттігінің басшысын қабылдаған кезде Қазақстандағы қазақтардың үлесі 65 пайызға жетті деді. Ал, Біріккен ұлттар ұйымының өлшемі бойынша елдегі негізгі, яғни мемлекет құраушы ұлттың үлесі 65 пайызға жетсе, онда ол ұлттық мемлекет болып есептеледі. Бірақ өкінішке қарай, шынайы қазақтар 65 пайызға жетпей тұр.
Ұлттар арасындағы татулықты сақтау дұрыс саясат. Бірақ еліміздегі диспора өкілдері болмаса да қазақ мемлекеті өмір сүре береді. Ал, қазақтарсыз Қазақстан болмайды. Мемлекеттік билікке өзге ұлттың өкілдерін де тарту керек. Оларды қазақша сөйлету керек, қазақтың мүддесін көздету керек. Бұл барлық елдерде солай. Мәселен, Қытайдағы қазақтар да Қытайдың мәселесін айтады емес пе?! Билікке қазақша білмейтін қазақты апарып қойғанан гөрі, қазақша сөйлейтін орысты апарып қойған жақсы. Әсіресе, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тәуелсіздік идеясының тамырын тереңге жіберу керек. Кешегі алаш арыстарының арман-мақсаты міне, осы.
Мәмбет Қойгелді, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
- Әрбір ұлттың тарихында тағдырлы кезеңдер болады. Алаш тарихы сол тағдырлы кезеңдердің бірі. Оңтүстік Қазақстан өңірі алаш қозғалысының үлкен бір бағыты бола білді. Оңтүстіктің көптеген атпал азаматтар осы қозғалысқа атсалысты, күш қосты. Әлемдік тарихта Ұлт-азаттық қозғалыстар ағартушылықтан басталады. Бұл процес Еуропа елдерінде 17-18 ғасырда өтті. Қазақ ағартушылығы туралы әңгіме қозғағанда біз оны осы уақытқа дейін Шоқаннан, Ыбырайдан, Абайдан бастадық. Нағыз ағартушылық кеңес заманында келді дедік. Ал, осы екі аралықта қазақ ағартушылығының үлкен бір кезеңі жатыр. Ол алаш кезеңі еді. Кеңес кезінде ол туралы айтылған жоқ. Бұл тарихқа жасалған қиянат болатын.
Рас, бізге ағартушылық Ресей арқылы келді. Бірақ ол еліктеуден туған жоқ. Оның өзіндік ерекшелігі болды. Қазақ ағартушылығы надандыққа, сонымен бірге орыстануға, отаршылдыққа қарсы болды. Оның өзегі ұлттық болмысты сақтап қалу еді. Біз кезінде қазақ ағартушылығының ұраны деп Абайдың «Орыстың ғылымы дүниенің кілті» деген сөзін келтірдік. Бұл да кеңестік иделогияның әдейі ойластырған әрекеті, қазақ ағартушылығын үйренуші, мәңгілік шәкірт деңгейінде ұстау еді. Шын мәнінде қазақ ағартушылығының ұраны Міржақыптың «Оян қазағы» болатын. Қазақ ағартушылығы өрістеген 20 ғасырдың алғашқы ширегі, яғни алаш кезеңінде 2 миллион таралымға дейін кітап жарыққа шықты. «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті шығып тұрды.
Ағартушылықпен бірге ұлтшылық келеді. 1926 жылы партия конференциясында қазақ ұлтшылдығының мәселесі қаралды. Осы жиында Голощекин «Қазақ ұлтшылдығы төңкеріске дейін күшік еді, қазір ол үлкен төбетке айналды» деді. Алайда шын мәнінде қазақ ұлтшылдығы адам шошитындай ұлтшыл емес еді. Ол қорғаныстағы, яғни, өзінің жерін, ұлттық болмысын сақтау сипатындағы ұлтшылдық болатын. Қазақ ұлтшылдығы ешкімнің жеріне қауіп төндірген емес. Қазақтарды ұлтшылдықпен айыптаған кешегі кеңес шиовинзимі еді.
Еуропадағы ағартушылық, ұлтшылдық ұлттық сананың қалыптасуымен, ұлттық мемлекеттердің құрылуымен аяқталды. Өкінішке қарай, қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығы 20 жылдай уақыт қана өмір сүрді. Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков айтқандай, ұлт-азаттық қозғалыстар Азия, Африка елдерінің бәрінде болды. Осы қозғалыстардың көсемдері қудалауға түсті, түрмеге қамалды. Бірақ олардың ешқайсысы да қазақ азаттық қозғалысы сияқты баудай түскен жоқ. Оны баудай түсірген орыс отаршылдығы, орыс империализмі еді.
Мұрағаттан, 13.12.2012 ж