Каспий теңізі – мүдделер шайқасы алаңына айналып барады

Oinet.kz 04-12-2017 1064

Тұла бойы аста-төк байлыққа тұнған Каспийді Қазақстан елінің маңдайына біткен теңіз деп айтқыңыз-ақ келеді. Себебі, негізгі нанымызды осы теңізден жеп отырған жайымыз бар. Кейде ойлайсыз. Ойлайсыз да шүкіршілік етесіз. Қазақ жері Каспий теңізіне дейін созылғанына. Егер Қазақстан мен Каспий теңізі арасында әлдеқандай бір мемлекет болғанда ше? Елестетуге қорқынышты. Әне қараңыз, Өзбекстанды. Оларды теңізден Маңғыстау облысы ажыратып жатыр. Егер Маңғыстау қазақ жері болмай, Өзбекстан Каспиймен шектескенде Орта Азиядағы барыс кім болар еді? Әрине,  шүкіршілік етейік, сұрақ «егер» болғанында. Әзірге Орта Азиядағы барыс - Қазақстан деп нық сеніммен айтуға болады. Осы «әзірге» сөзі ұзаққа созылса дейміз. Бұлай деуімізге себеп, Каспийге талас әлі аяқталмаған секілді. Керісінше, өршіп барады.

Screenshot_4.jpg

Биыл наурыз айында Әзірбайжанда Каспийге байланысты өткен жиында Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі С.Лавров теңізге байланысты жаңа құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция дайындау керектігіне тоқталған болатын. Дегенмен, бұл ұсыныс маусым айында Тегеранда Каспий елдері – Ресей, Иран, Қазақстан, Әзірбайжан, Түрікменстан сыртық істер министрлерінің  қатысуымен өткен конференцияда ешқандай қолдауға ие болмады. Соған қарамай Лавров жиырма жылдан астам уақытқа созылған бұл дау нақты шешімін табатынын әлі күнге дейін айтып келеді. Оның айтуынша, конвенция толықтай дайын. Бұл дауға келесі жылы Астанада өтетін ірі жиында жаңа конвенцияны қабылдау арқылы нүкте қойылмақ. Әзірге нақты ештеңе айтылып жатқан жоқ, десе де, «қолды болған» ақпараттарға сенсек, 5 мемлекет Каспийді нақты сектор бойынша бөліп алатын көрінеді. Және бұл «мәңгі» болмақ. Каспий елдері осыған уағдаласыпты. Есептеп көрсек, Кеңес Одағы ыдырап, Каспий иелері көбейгелі бері 50-ге жуық келіссөздер жүргізілген екен. Және бәрі бір Иран үшін іске аспапты. Себебі, Иран теңізден 20 пайыз үлесті талап еткен. Яғни, теңізді теңдей 5-ке бөлуді ұсынды. Бұған бірінші кезекте Түрікменстан келіспеген. Ал, Түрікменстан тарапынан болған ұсынысқа өзгелер бас шұлғи қоймаған. Сонда, Иран не үшін 20 пайыз үлесті талап етті? Осы жерде біз картаны ашып көріп едік, Каспий теңізімен шектескен Иран жері 724 шақырым болса, Қазақстандыкы 2320 шақырымға созылып жатыр екен. 3 есе жоғары! Осыдан кейін қалайша 20 пайыз жөнінде әңгіме айтылмақ? Теңізді теңдей бөлісу – барып тұрған әділетсіздік секілді. Бірақ, Ресейдікі 695 шақырым екенін ескерсек, онда әділетсіздік туралы әңгіме айтылуы әбден мүмкін. 

Бұл жерде дау теңіздегі 50 млрд. баррель мұнай мен 260 трлн. текше фут табиғи газ үшін болып жатқандай көрінеді. Ал, шындығында, бұл жерде әр мемлекет өз мүддесін қорғап әлек. Каспий – тек байлық кені ғана емес, әлемдік саяси аренада маңызы зор стратегиялық аймақ. Сондықтан да, теңізге көз тігіп отырған алпауыттар аз емес. Сонау қияндағы Америкаңыздан бастап ірегедегі Қытай да Каспийге қалай басымды тығамын деп түрлі амалдарды қарастыруда. Егер олар теңізге дендеп енсе, онда Орта Азияға, одан әрі Таяу Шығысты толықтай бақылау мүмкіндігіне ие болады. Аталған аймақтағы ықпалынан айрылып қалмас үшін Ресей зыр жүгіріп жүр десе болады. Каспий елдерін ортақ мәмілеге келтіруге тырысуы, соған күш салуы – дәлел болса керек. 

Сонымен, егер тұжырымдама қабылданса, түкірігі жерге түспейтін трансұлттық компаниялар Каспийде басқаша жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл кейбір «тоғышар» компанияларға ауыр соққы болып тисе, енді кейбірі кепілдендірілген инвестициялық қолдаумен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие бола отырып, мұнда тек мұнай-газ компанияларын ғана емес, логистикалық компаниялар да тартылатын болады. Себебі, қазіргі таңда Каспий арқылы «жол қысқарту», яғни логистиканы дамыту өте тиімді болып тұр. Бірақ, жаңа тұжырымдама іске асқан күнде де Каспий елдері арасында жанжал бәрібір жойылмайтын секілді. Бастапқыда жанжал Транскаспий құбырын салудан туындауы бек мүмкін. Себебі, Түрікменстан бұрыннан бері жылына 40 млрд. текшеметр көгілдір отынды Әзірбайжан, одан ары Грузия, ең соңы Түркия арқылы Еуропаға шығаруды көздеп жүр. Бұл жайлы «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Осыған байланысты Ашхабад құбыр жүргізу үшін өз жерінде инфрақұрылым орнатып дегендей біраз жұмыстарды істеп үлгерді. Енді оларды бөгеп тұрған – Ресей мен Иран. Олар түрлі сылтау айтып, құбыр жүргізуге дауыс (келісім) бермей отыр. Ал, егер конвенция заңды күшіне мінсе, онда Ресей дауыс беру мүмкіндігінен айрылады. Сонда да болса, Түрікменстанға Иранмен, одан қалды Әзірбайжанмен санасуға тура келеді. Ал, Әзірбайжан мен Түрікменстан елдерінің арасы жақсы емес екенінен дүние жүзі хабардар. Совет Одағы ыдырағалы бері мұнай-кен орындарын бөлісуде ымыраға келе алмай жатқан әзірбайжандар мен түрікмендер халықаралық газ дәлізін салуда ортақ келісімге келеді деуге сену қиындау. Десе, орыс сарапшыларына сенсек, бұл конвенция 5 мемлекетке де тиімді екен. Ресей мен Иран өздерінің геосаяси мүдделеріне бір табан жақындаса, қалған үш «ойыншы» экономикалық амбицияларын жүзеге асырады-мыс. 

Бір қызығы, өткен айда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев алдын-ала келісімдерге қол жеткізу үшін Каспий бассейніндегі ресейлік теңіз порттарын дамыту стратегиясын, сондай-ақ 2030 жылға дейін теміржол және автокөлік тәсілдерін бекіткен бұйрыққа қол қойды. Яғни, Ресей геосаяси қызығушылықпен ғана емес, көлік және логистикамен де бәсекелестерден жүктерді «тартып алып» және оларды Солтүстік-Оңтүстік Ресей-Иран дәлізіне тартуға талпындырады. Бұл да саясат болса керек.

Ал, бұл келісімнен Қазақстанға не пайда? Ресейлік сарапшылар айтады, бұл конвенция Қазақстан үшін өте тиімді. Мұнда транспорт және транзиттік мүмкіндіктер ашылады. Бұл қазақстандықтар үшін өте маңызды. Әдебиетте «тұйықта тұра берген су сасиды» демекші, Қазақстан бір орында «тұра берсе», онда ілгерілеу болмайды. Түбінде осы «тұрақтылық» Қазақ елінің түбіне жетіп жүрмей ме?  Сондықтан да, Қазақстан осы конвенцияны қызу қолдап, Каспий арқылы алыс-беріс жасауға, жүк тасымалдауға ұмтылуы керек. Дейді сарапшылар.

Жалпы, Каспий теңізінің «конституциясы» бойынша табысты нәтиже - теңіз иелеріне байланысты. Астанада өтетін жиында баяғы «алтау ала болу» қайта басталса, бұл ұзақ уақыт бойы Каспий елдерінің дамуын бәсеңдетеді. Сонымен бірге, сарапшылар кикілжің қауіпсіздік мәселесін де қиындататын айтуда. Себебі, осыны күтіп жатқан жауды жоқ деуге болмайды, жар астында жатыр. 

Осы жерде Арал тағдырын алайықшы. Әрине, бұл негізгі фактор емес, дегенмен, Өзбекстан мен Қазақстан кей жерде бір-бірімен келісе, түсінісе алмай, салдарынан Аралға немқұрайлы қарап, теңіз тағдырына нүкте қойған еді. Міне, осыны сараптай отырып, Каспий елдері бір жұдырықтай жұмыла білген жөн. Әрине, сонда да болса Қазақстан есесін өзгелерге жібермесе, алпауыттарға жем болмаса дейміз. 

Арал теңізін құтқару қолдан келетін дүниеге ұқсамайды
Болатбек Баймаханов: «Сақтандыру жүйесі медицинаның дамуына септігін тигізеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу