​Дермене жусаны

Oinet.kz 19-11-2017 2307

Screenshot_3.jpg

Дермене немесе дермене жусаны емдік қасиеті өте ертеде ашылып, белгілі болған күрделі гүлділер тұқымдасының жусан туысына жататын бағалы өсімдік болып табылады. Дермене тек Оңтустік Қазақстан облысының аумағында сортаң сұр топырақты жерлерде өседі. Дермене құрамындағы сантонин ағзадағы жұмыр құрттарды түсіреді. Осыған байланысты дермененің корзинкалары немесе дәріханаларда сатылатын сантонин дәрісі осы жұмыр құрттар – аскаридаларға қарсы күресу үшін кеңінен қолданылып келеді.

Дермене қопаларын көп жылдар бойы аяусыз пайдалану мен ретсіз шабудың, өрттерге шалынудың  салдарынан дермене өсімдігі сирек және жойылып, ареалы азайып  жатқан, өсімдік мәртебесіне жатқызылды. 

Бұл өсімдік  Қызыл кітапқа енгізілген. Оның табиғи қопаларын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 10 қарашадағы №1074 қаулысымен  Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында  2000 гектарда Ақдала, 8400 гектарда Задария, Отырар ауданында 4000 гектарда Темір, Бәйдібек ауданында 8600 гектарда Жамбыл республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи ботаникалық қаумалдары ұйымдастырылған. Бұл қаумалдар табиғи кешендер мен мемлекеттік табиғи – қорықтық объектілерді қорғауды қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2008 жылғы 21 сәуірдегі №107 бұйрығымен Сайрам - Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бекітіліп берілді. Қазіргі таңда әрбір қаумалға мемлекеттік  инспектор бекітіліп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң талаптарының орындалуы жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігінің 2008 жылғы 29 қазандағы №362 қаулысымен аталған қаумалдардағы орналасқан жер иелері мен жер пайдаланушыларына дермене өсімдігін шабуға, құнарлы жер қыртысын бүлдіруге, өрт қаупі маусымында от жағуға, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге, қазан-қараша айларында мал жаюға  тыйым салу жөнінде шаруашылық қызметіне шектеулер қойылады.             

Өлкеміздің әсем де бағалы өсімдігі дермене жусанын келешек ұрпақ үшін сақтауға қамқорлық көрсетіп, табиғат заңнамасының талаптарын сақтайық.

А. Кенжалы, Сайрам - Өгем мелекеттік ұлттық табиғи  паркінің табиғи кешендерді   қорғау бөлімінің бас маманы                 

А. Мырзабай, Жамбыл мемлекеттік табиғи (ботаникалық) қаумалының  мемлекеттік инспекторы

Соғыстың құны
Тарихи дерек шындығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу