Тарихи дерек шындығы

Oinet.kz 19-11-2019 1626

1In2F_0RY-I.jpg

Заманында ұлы дала данышпандары атанған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өмірі мен қызметі ерлік дәуірінің, яғни арпалысқа толы XVII-XVIII ғасырлардың шежіресі сияқты. Бұл дәуірдің біз үшін жұмбақ сырлары өте көп. Еуразия көшпелілерінің соңғы жауынгер рулары, хандар мен батырлар әулеттері, қызыл тілі тас жарған әділ билер, қазақ рухын шыңдаған жыраулар дәуірі. Үш би-осы дүлдүл топтың төрінен орын алған дара кемеңгерлер. Олар ұлы дала өркениетінің жасампаз тұлғалары. 

XVII-XVIII ғасырдағы Қазақ  Ордасы кезеңінде қазақтан талай-талай азулы да ақылман билер шыққан. Олар халықпен ханның арасында дәнекер, үйлестіруші, тіпті, мемлекеттің рухани-идеологиялық саясатын жүзеге асырушылар болды. Сондай тұлғалардың бірі хан кеңесінде төрелік айтқан аузы дуалы ұлылық иесі, халықаралық дәрежеде мемлекет атын зор беделге жеткізетін, еліне береке-ырыс тыныштық әкелетін бітістіруші дипломат-елшілік қызметкері Төле би Ниязбекұлы  болды. 

Бүгінде қазақ тарихшылары Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ғұмырдариясына байланысты бір тоқтамға келген жоқ. Содан қазақ  тарихында көптеген шалағайлықтар орын алуда. Олардың туып-өскен жерлері, туған, қаза болған жылдары туралы нақты жазба мәліметтің болмауынан (әзірше қолға түспеуінен – М.Ү.) ауызша тарихнаманың жетегінде келеміз. Мен бабалар өміріне қатысты деректердің індете іздесе Ташкент, Орынбор, Омбы, Бишкек, Мәскеу мұрағаттары мен кітапханаларынан табылатынына сенемін. Деректерді қарастыруда Қытай архивтері үлкен қазына екендігін ескергеніміз жөн. Біздер “Жеті жарғыны” жазысқан билерді зерттеу нысанынан тыс қалдырып келеміз. Ал біз сөз еткелі отырған кемеңгер Төле бидің қанша хан, сұлтан, билермен қызметтес, әріптес болғанын білеміз бе? Жоқ. «Қазақстан тарихы» көп томдығы мен оқулықтарда да баз бірлерінің аты да жоқ.

Төле би қызметтес болып араласқан сол дәуірдегі билеушілерді санамалап көрейік. Үлкен орданың хандары: Иман хан, Рүстем Баһадүр хан, Абдулла хан, Жолбарыс хан, Тұрсын хан, Әбілқайыр хан, Әбілпейіз хан, Ұлы орда  хандары: Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, орта орда хандары Сәмеке, Әбілмәмбет, Сейіт, кіші орда хандары  Әбілқайыр, Ералы, Қоқан хандығының бектері Абдул Керім би, Ердана би, атақты билер Қазыбек, Әйтеке, Сасбұқа, Жайма, Мұхаммед, Мүсірәлі пір, қырғыз Тиес және өзінің қолдауымен кейіннен бүтін қазақтың ханы болған атақты Абылай. 

Ең бір өкініштісі, тарихшылар мен зерттеушілердің XVIII ғасырдың басында екі Әбілқайырдың өмір сүргендігіне назар аудармауы. Қайып хан қайтыс болғанша қазақ сарбаздарының сардары Әбілқайыр Абдуллаұлы болды. Тарихта оны “Қарт Әбілқайыр” атайды. Алғашқы жоңғарлармен болған шайқастардағы жеңістер мен жеңілістердің басында осы Әбілқайыр болған еді. Тарихшылар барлық уақиғаларды анық-қанығына жетпей Кіші жүзді хан болған Әбілқайыр Қажыұлына таңып келеді. Бұл ара-жікті тарихи дәлдікпен ажыратуымыз керек. “Қарт Әбілқайырдың” билеушілік тұлғасымен тарихи орнын бағалауға тиіспіз. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жатқан да осы атақты қарт Әбілқайыр хан. 

Сөз реті келгенде, мынадай мәселеге де назар аударғым келеді. Біздің даңқты би, жырауларымыздың ата-бабалары кедей, момын, мал баққан адамдар болыпты. Таңқаласың, әлі де сол дендеген кеңестік идеологиядан арыла  алмай келе жатқанымызға. «Бұқар жырау зерлі қамқа тонды кимеген, жорға мініп жүрмеген, жігерін құм қылған жоқшылық, шайпау қатын, қуғын-сүргін өмірді тағдыр оның маңдайына  жазыпты» - бұл марқұм академик Манаш Қозыбаев ағамыздың сөзі. Төле бидің атасы Әлібекте төрт ешкі айдаған, «Қарашоғыр» шаруа болыпты. Міне біздің жеткен жеріміз. Осындайда Майлықожа  ақынның- «он екі ата билігі үзілмеген Төленің» -деген бір ауыз сөзі еске түседі. Текті атадан текті ұл туатынын әлемдік ғылым дәлелдеген емес пе? Ұлы тұлғалардың барлығы текті әулет ұрпақтары екендігін мойындаған жөн. Зерттеушілердің, әсіресе тарихшылардың әрбір сөзге абай болғаны мақұл. Сөз етіп отырған Әлібек Абылайханның атасы “қанішер Абылаймен” тұстас болды, ол Ферғана, Әндіжан аймағын билеп тұрғанда, одан соң Ташкентте қызметте болғанында бір-бірімен сырлас болып бірін-бірі қолдап отырған. Атақты Төле бидің Ақшора, Ақбота атты бауырлары болған. Соның ішінде Әлібектің ісін жалғастырған ділмар шешен, адуынды би Ақбота еді. Оның Хожанд, Андижан өңірлерінде билікке араласуына осы “қанішер атанған Абылай сұлтан” көп жәрдем бергені баянаттардан аңғарылады. Уақыты жеткенде бұл бабаларға қатысты құжаттарды сөйлетеміз.

Біз сөз еткелі отырған әнгіме желісі Төле би ғұмырына байланысты деректі дәйектің Қытай жылнамасы арқылы бізге жетуі. Қытай жылнамалары немесе тарихи жазба деректері өзінің молдығы және жүйелілігімен әлемге әйгілі екендігі баршаға мәлім. Солардың ішінде қазақ халқының тарихына қатысты дерек көздерінің қайда жатқандығы көпке белгілі емес. 

Қытайдан табылған мынадай құжатта Төле биге қатысты мәліметтер бар, Қолжазба “1763-1764-ші жылдардағы қазақ хандығының жалпы ахуалы” деп аталады екен, Онда былай дейді: “... Қазақтар мұсылмандар, олар үш бөлікке бөлінеді. Біріншісінің аты Ұлы жүз, тағы бірінің  аты Ортаншы жүз, үшіншісі Кіші жүз. Ұлы жүз бастығының аты (аты анықталмаған)  қоластында жеті мыңнан аса түтіні бар. Қаласы бар, мекендеген жазық даласы мың лиден  (шамамен - бес жүз км – М.Ү.) асады. Төңірегінде таулары мен өзендері бар, жері шұрайлы, шөбі шүйгін. Қалған екі бөлігі туралы да қысқаша мәліметтер бар. Осы айтылған үш бөлімнің (үш орданың) барлығы толық Төле би, Абылай деген екі үлкен билеушіге бой ұсынады. Ең үлкен билеушінің қол астында екі мыңнан аса жасағы бар. Бұлар ұдайы үш жүздің жерінде көшіп-қонып жүреді. Шу-Талас жерінде өздері тұратын бір қаласы бар. Олардың (Төле би мен Абылай айтылып отыр) Қоқанның солтүстігінде Ташкент атты қаласы да бар. Олар оны қайта қаратып алмақшы . Қоқан биінен құтылу үшін жердің жартысын береді. Қаланың ішінде екі елдің өз бастықтары болып (Төле би мен Ердана бидің – М.Ү.) өзін-өзі басқарып отыр. 

Міне бұл тарихи құжаттан не түюге болады. Деректің құндылығы сол ....  Төле бидің 1763-1764 жылдары мына жарық дүниеде жүргенін аңғарамыз. Екіншіден, Қоқан бегі Ерданамен қарым-қатынасын, Ташкент өңірін билеудегі ұстанымын бағамдаймыз. Үшіншіден,  Төленің өмірінің соңына дейін Абылай ханмен бірлікте ел билігінде болғанын түсінеміз. Бұл деректен тағы да мынадай қортынды  шығаруға негіз бар. 1763-1764 жылдары Төле би мен Абылай хан тізе қосып бірге жүрсе, онда Төле би қаза болғанда оның сүйегін Ташкентке Үлкен орданың хан-сұлтандары жерленген қасиетті Шайхантаурға қойдырудың басы-қасында Абылайдың жүргені анық. 

Бұл дерек мақаланы дайындауда Нығмет Мыңжан, Нәбижан Мұхаммедханұлы, Бақыт Еженханұлы материалдары мен қатар Ұлттық Ғылымдар Академиясы сирек қолжазбалар қорынан алынған мәліметтер пайдаланылды.

Мұхитхан Үмбетұлы,

“Қазақтану” ғылыми-зерттеу орталығының директоры

​Дермене жусаны
Өтініштерді қараудың өз тәртібі бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу