Өмірзақ Шөкеев: «Енді ел 20 жыл күткен жұмысқа кірісетін кез келді»
Ауылдағы шегірткенің шырылы Астанадағы Премьер-министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің де мазасын алған сыңайлы. Өткен аптада министр Шөкеевтің өзі қатысқан Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіндегі алқалы жиында өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері «майшаммен» қаралуы осының айғағы. Шымылдығы Шымкентте түрілген жиынға Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарының шаруалары арнайы шақырылуы бекер деймісіз.
Жиында шегіртке зиянкестерімен күресу бойынша әр алуан бағытта жоспарланған жұмыстардың жүзеге асырылуы жан-жақты талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Елемесқызының мәлімдеуінше, шегірткеге және олардың таралуына мониторинг жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылады. Олар республика аумағының фитосанитарлық жағдайын, оның ішінде өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрінісін білдіретін болады. Агроөнеркәсіпті цфрландыру шеңберінде аса қауіпті зиянды организмдердің, оның ішінде шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының электрондық картасы құрылады және картаға түсіру жұмыстары жүргізілетін болады. Аса қауіпті зиянды организмдерге және карантинді организмдерге қарсы қорғау іс-шараларына республикалық бюджеттен 3,57 млрд. теңге бөлінді. Республика бойынша барлығы 540 бірлік бүріккіш техникаларын жұмылдыру жоспарлануда. Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде 2018 жылдың 10 сәуірінен басталған. Оңтүстік Қазақстан облысында марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары бойынша жоспарланған аумақтың 1/3 бөлігі өңделген. Өңірде биыл үйірлі шегірткелерге қарсы зерттеу жұмыстары 1 млн. 573 мың гектар аумаққа жүргізілсе, химиялық өңдеу іс-шаралары 350 мың гектарға жасалған.
Субсидия тақырыбы да жиынның күн тәртібіне еніпті. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішевтің мәлімдеуінше, 100 шаруаның 75-сі субсидиядан бас тартып, оның орнына төмен пайызбен несие беруді талап етіпті. Шаруалардың субсидиядан не себепті бас тартып отырғанын төраға айтпады. Соңғы кездері көрші елдің диқандарымен бәсекелес болу бірқатар себептермен қиындай түскенін айтқан шаруалар керісінше субсидия беруді тоқтатпау мәселесін көтеріп келеді. Мемлекеттік қолдауға ірі шаруашылықтар мұқтаж бола қоймас, ал көкөніс, бақша өнімдерін өсірумен айналысатын диқандар субсидиядан бас тарта қоймас.
Оңтүстік Қазақстан облысында судың жеткілікті мөлшерде болмауына, жер асты суларының деңгейінің жоғарылығына және топырақтың тұздануына байланысты пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлері баршылық. Осы орайда, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша бағдарлама әзірленіп, бұл жүйе су жетіспейтін және күрделі өңірлік жерлерде енгізілуде.
«Ауыл шаруашылық саласында 1 млн. 400 мың гектар суармалы жер бар. Суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Енді ел күткен, 20 жылдан бері айтылып, бірақ істелінбей келе жатқан жұмыстарға кірісетін кез келді. Субсидия, төмен пайызды несие беру, инвесторларды тарту біздің басты міндетіміз. Шаруалардың жұмысын жеңілдету үшін жағдай жасаймыз. Дегенмен жерлерді тиімді пайдалану шарулардың мойнында. Сондықтан олар да нақты жұмысқа көшуге тиісті. Осы орайда Үкімет те «Жер туралы» заңға өзгеріс енгізгелі жатыр. Аталмыш өзгерістер қолданысқа енсе әкімдердің құзіретіне 50 пайыз қоғам өкілдерінен тұратын комиссияның шешімі бойынша дұрыс игерілмей жатқан жерлерді шаруа қожалықтарынан немесе компаниялардан қайтарып алып, оны өзге шаруа қожалықтарына конкурс арқылы беретін болады. Мақтарал ауданындағы жекеменшік каналдар жұмыстарын дұрыс атқара алмауда. 4 жыл болды мәселе шешімін таппай келеді. Біз каналдарға бюджеттен қаржы бөлгелі жатырмыз. Егер мәселе шешілмесе қаржы бөле алмаймыз, яғни тағы жұмыс тоқтап қалатын болады»,- деді Өмірзақ Шөкеев.
Министр айтқан мәселеге қатысты пікірін білдірген Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев даулы бес каналдың бүгінде төртеуі үкіметке қайтарылғанын жеткізді. Ал «жиырмасыншы»деп аталатын каналды мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қазір Жоғарғы сотта қаралып жатыр екен.