Серік Егізбаев бір палаталы Құрылтайдың рөлін түсіндірді

Oinet.kz 29-01-2026 42

Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев бір палаталы Құрылтайдың артықшылықтарын ашық айтты. 

image.png

Оның сөзінше, Қазақстан қазір саяси жүйені түбегейлі жаңғыртатын, елдің болашақ бағыты айқындалатын шешуші кезеңге аяқ басты.

Депутат Конституциялық комиссия аясында атқарылған жұмыстың ауқымы мен қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың көптігі бұл реформаларға деген жоғары сұранысты көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс түскен, ал тікелей кездесулер қоғамның өзгерістерді асыға күтіп отырғанын айқын аңғартқан.

Серік Егізбаев жаңа Конституциялық редакцияға сәйкес, бір палаталы Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде бекітілетінін мәлімдеді. Негізгі жаңалық – заң шығару күн тәртібін бір ғана палата қалыптастырады.

Депутаттың айтуынша, бұл қадам ең алдымен заң шығару процесіндегі артық бюрократияны жояды. Палаталар арасындағы ұзақ келісімдер мен кедергілер тарихта қалады. Сонымен қатар, Конституцияға сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ал халық атынан сөйлеу құқығы тек Мемлекет басшысына және Құрылтайға тиесілі болады.

«Бұл – Құрылтайдың саяси салмағы мен деңгейін айқындайтын басты көрсеткіш. Құрылтай жай ғана заң қабылдайтын орган емес, ол халықтың билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ететін, егемендігіміздің символына айналатын ең жоғары легитимді институт», – деді депутат.

Сондай-ақ Серік Егізбаев Құрылтай заң жобасын әзірлеуден бастап, оның қабылданып, күшіне енуіне дейінгі толық жауапкершілікті өз мойнына алатынын атап өтті. Оның пікірінше, Құрылтай құрамына кездейсоқ адамдар емес, партиялық сүзгіден өткен кәсіби мамандар келеді.

«Партиялық тізім Құрылтайдың интеллектуалдық әлеуетін қамтамасыз етеді. Бұл жүйе арқылы қоғамның барлық тобы, әсіресе ауыл мамандары, білімді жастар мен белсенді әйелдер Парламент жұмысына тартылады», – деді ол.

Асқарбек Ертаев — Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу