Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы
Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында кәсіпқой боксшы, күні кеше ғана ганалық Патрик Аллотейді жеңіп, бірінші орта салмақта WBA Fedelatin тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғап, WBO Intercontinental белбеуін жеңіп алған Қанат Ислам жастармен жүздесті. Бұл кездесуге институт ректоры, білікті басшы Оңалбай Аяшев ұйытқы болды. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» демекші, бұл кездесуге студенттер көп жиналып, зал лық толды. Өзіне деген зор қошеметке көңілі толқыған Қанат Тәуелсіздік жайында, ұлттық болмыс пен азаматтық парыз жөнінде әңгіме тиегін ағытты.
- Мен Қытайдағы Алтай өлкесінде дүниеге келдім. Есімді білгелі өзімді өзгелерге қазақпын деп таныстырып келемін. Есімде, біз кішкентай кезде Совет Одағының құрамында Қазақстан деген мемлекет барын, онда қазақтар тұратынын еміс-еміс еститінбіз. Сонда біз оларды «елден кетіп қалған яки Отанына жете алмай сыртта қалып қойған» қазақтар деп ойлап, оларды өзімізше аяйтын едік. Міне, көрдіңіздер ме, Қытай ішінде қоныстансақ та, бізде ұлттық тәрбие зор еді. Алтай өлкесінде тұратын қазақ ауылдары Қытайды мойындамады. «Қазақпыз» деуден танбады. Әрине, осыған байланысты билік тарапынан бізге түрлі қысымдар жасалды. Ұлттық құндылықтарымызды жойып, қазақы болмысымыздан айыруға тырысты. Дегенмен, жүрегі «елім, жерім» деп соғатын адамды мәңгүртке айналдыру мүмкін емес.
Жастайымнан спортпен айналыстым. Соның ішінде бокс жаныма жақын болды. Бокс – соңына дейін айқасуды талап етеді. Рингте мықты екеніңді дәлелдесең, жанкүйерлерің артады. Құдайға шүкір, көрген жерде адамдар менімен әңгіме өрбітіп, суретке түскісі келіп жатады. Шыны керек, кейде жанкүйерлер мені шектен тыс мақтап жатады. Мысалы, дәл қазір сіздерден менің тарапыма қаншама мақтау сөздер айтылды. Әрине, бұл спортшынының мерейін тасытады. Жадыратады. Бірақ, бір жағы, кері әсері бар! Көп мақтау ести берген адам, «шынында да мен керемет екенмін» деп ойлап, өзін дамытпайды. Жаттықпайды. Тұрған орнында қалып қояды. Уақыт өте, артында шаң қауып келе жатқан қарсыластары басып озып, орта жолда қалдырып кетеді. Бұл болмайды. Қазір бәсеке заманы. Сол себепті, тек спортшылар ғана емес, жалпы кез-келген адам мақтау сөзге семірмей, сене бермей, әрқашан жаттығу жасап, ізденісте жүргені абзал.
Мен өз мансабымды Қытай елінің боксшысы болып бастадым. Қысқасы, мен сонда қанша рет жеңіс тұғырынан көрінсем де, өте көңілсіз жүрдім. Өзімді бақытсыз сезіндім. Себебі, мен өз Отаным үшін еңбек етпей, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге ұлт, өзге мемлекетке қызмет еттім. Осы үшін қатты қысылатын едім. Өз Отаныма опасыздық жасап жатқандай күй кешетінмін. Менің Отаным – қазақтар, ата-жұртым - Қазақстан еді. Кезінде жеңістен жеңіске жетіп, абыройым аспандап тұрғанда Қытайда лауазымды қызмет ұсынды. Бірақ, мен одан бас тарттым. «Ақымақсың» деп сөккендер болды. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді емес пе? Мен Қазақстанға оралғым келді. Көпшілікке аян, Бейжің олимпиадасына қатыстым. Қытай елінің атынан. Сенсеңіздер, сонда мен әрбір жеңісіме қуанбай, керісінше қатты алаңдайтынмын. Себебі, менімен бірге қазақ боксшысы да ақтық айқасқа жақындап келе жатты. Тағдыр солай болған шығар, мен финалға шықпай, онда қазақ боксшысы Бақыт Сәрсекбаев қарсыласының ит сілікпесін шығарып, Бейжің төрінде көк туды желбіретті. Сонда мен ғажап қуандым. Көзімнен жас шығып кетті.
Әрине, спортшы кез-келген жетістікке өзі ғана жетпейді. Бұл жерде бапкер зор рөл ойнайды. Есімде, алғаш жаттығу залында барғанда, бапкеріміз бізді жинап алып: «Сендер мұнда неге келдіңдер?» деп сұрақты төтесінен қойды. Біз не деп жауап берерімізді білмей сасқалақтап: «Чемпион болғымыз келеді» деп айттық. Сонда бапкеріміз басын шайқап: «Мен чемпионға мұқтаж емеспін. Мен кез-келген дені сау баланы чемпион етіп шығара аламын. Мен үшін ең керегі – адам. Мен адамға мұқтажбын», - деді. Сол кезде жаттығу залын ауыр үнсіздік басты. Бәрі өз ойымен әуре болып кетті. Жылдар өткен сайын мен үшін адам сөзінің мағынасы да тереңдеп келе жатқандай. Адам деген кім? Адам – айна. Адамына қарап, мемлекетті танисыз. Тарихын білесіз. Бапкерім: «Егер жеңіс тұғырынан көрінсең, өзіңе талапты күшейт. Пенде болып кетпе. Адамдығыңды жоғалтпа. Пендеге айналсаң, чемпиондығыңның құны көк тиын» деп айтушы еді. Қазір ойлап қарасам, еңбекқор спортшыға чемпион болу оңай, ал сол чемпиондықты абыроймен алып жүру өте қиын. Чемпионға қарап, халық баға береді. Балалар бой түзейді. Жастар үлгі алады. Сол себепті, чемпион – ұлтжанды болуы қажет. Елін, жерін қастерлеп, жүрген жерінде Отанын насихаттағаны маңызды. Ал, егер ел мақтаған чемпионыңыз семіздікті көтере алмай, арақ ішіп, көшеде мас болып, әркіммен бір айқайласып жүрсе, одан не үміт, не қайыр!
Ақыры, бала күннен бері келе жатқан арманыма жетіп, Қытайды қойып, ата-бабам туған, өсіп-өнген Қазақстан елінің атынан жарыстарға қатысып, намысын қорғай бастағанымда, өзімді өте бақытты сезіндім. Мұны жай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
АҚШ-тағы кей жора-жолдастарым: «Спорттық мансабыңды аяқтаған соң не істейсің?» деп сұрап жатады. Сонда мен «еліме қайтамын» деймін. Сонда олар мұңайып қалады. Себебі, көбісі өз Отанына қайта алмайды. Елінен қуылғандары және елінде соғыс болып жатқандары бар. Мысалы, Сирия, Ливия секілді елдерді алсақ. Құдай бетін аулақ қылсын, бізде мұндай қасірет жоқ. Ел аман, жұрт тыныш. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» тұр десе болады. Кейде осыған да көңілі толмай, билікке наразылықтарын білдіріп жататындар бар. Меніңше, олар Тәуелсіздік қадірін білмейді. Мен өзім әбден өзге елде теперіш көріп өскендіктен, Тәуелсіздікті зор бақыт деп білемін. Қадірлеймін. Өзгелерді де қадірлеуге шақырамын. Бұрынырақта Қытайда жүргенімде ағам екеуміз пікір таластырып қалдық. Оған Қазақстанға көшетiнiмдi айтқанда: «Ол жақта сенi кiм күтiп тұр? Кiм керек қылады?» деген едi. Мен «Бiреудiң керек қылғаны қажет емес. Атажұртта өмiр сүргiм келедi. Егер Қазақстанда көше сыпырушы болып жұмысқа тұрсам, ең үздiк сыпырушы боламын, егер малшы болсам, ең бай малшы боламын» деп жауап бердiм. Себебі, мен өз елімді сүйемін!
Мұрағаттан, 2016 ж