Темірғали Көпбай: «Қазаққа бір Дэн Сяопин жетпей тұр...»

Oinet.kz 05-09-2019 1726

Screenshot_7.jpg

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, ғалым, баспагер Темірғали Көпбаймен сұхбатымыз «Рейтинг» газетінің №27 санында жарияланған болатын. Өзінің ой-пікірін, көзқарасын ашық айтып жүрген азаматпен сұхбатымыздың жалғасын жариялаудың сәті енді түсіп отыр. 

– Біз қандай халықпыз? Қазақты қазір қаншалықты мәдениетті жұрт деп есептеуге болады? Дәстүрлі мәдениеттен замануи мәдениетке өте алдық па?

– Біз ежелден өнері мен мәдениеті дамыған ел едік. Бабаларымыз кітап оқымаса да тәрбиелік, танымдық мәнге толы фольклорлық әдебиеттен хабардар болды. Халықтық педагогика ұрпақ тәрбиесінде орасан зор рөл атқарды. Адами биік мораль, ұлттық құндылықтар, елсүйгіштік рух ұрпақ санасына психологиялық дәрумендей сіңірілді. Қазақтың күнделікті тіршілікте айтылған мақал-мәтелдері мен аңыз-әпсаналарындағы тәрбиелік мағына түпсіз терең еді. Ұлы даланың төсінде өскен көшпенді бабаларымыз ақындық, жыраулық, шешендік өнердің ең озық үлгілерімен сусындады. Халқымыздың терме жырларындағы өмірлік өсиет пен философиялық танымға тең келетін нәрсе бар ма? Соны көріп, санасына тоқып өскен бабаларымыз бізден әлде қайда сауатты, мәдениетті, тәрбиелі, ізетті, мейірімді болатын. 

Ресей империясының отарлаушылық саясатына мойын ұсынып, еріксіз бодан болғаннан бастап біздің қазақы болмысымыз кері кетті. Патшалық Ресейдің бұл бағыттағы сұрқия саясатын қызылдардың большевиктік Кеңес үкіметі одан сайын құтыртып әкетті. Орыстар біздің көзімізді аштық, хат таныттық деген желеумен түркілік табиғатымыздан, далалық тамырымыздан ажыратты. Қазақ деген халықты қынадай қырып, жердің бетінен жойып жіберуді ашық мақсат тұтты. Қилы заманнан аман қалған қазақты тілі мен дінінен айырып, орыс қылып, шоқындырып жіберуді көздеді. Оларға керегі қожайынның айтқанын екі етпейтін мәңгүрт қазақ болатын. Олар сол мақсатына жартылай жетті де. 

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтар ауылға араққұмар болып оралды. Қазақта маскүнемдік дерт деген сол кезден басталды. Бұл дерт ұрпақтарға көшіп, талай арыстың басын жалмады. 

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ интеллигенциясы орыстандыру саясатына айырықша үлес қосты. Өз балаларын орыс бала бақшасына, орыс мектебіне, орыс тілді жоғары оқу орнына беріп, ана тілін білмейтін мәңгүртке айналдырған солар болатын. Олардың ұрпақтары қазір арамызда көптеп жүр. Қазақ дейін десең тілі келмейді, орыс дейін десең түрі келмейді. Космополит қазақтар осындайдан шықты. Енді олар да өз балалары мен немерелерін өз негізін танымайтын таза мәңгүрт етіп тәрбиелеуде. 

Еліміз тәуелсіздік алғанда ұлттық құндылықтарға баса мән берілетін шығар деп үміттенген едік. Өткен тарихымызды қалпына келтіруге, мәдени мұрамызды түгендеуге күш салып жатқанымызбен жас ұрпақтың тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық. Жас ұрпақ қана емес бүкіл қазақ қоғамы азып барады. Енді орыстың жымысқы идеологиясының емес, ақпараттық соғыста Европа мен Американың тұтқынына айналдық. Теледидардан шектеусіз берілетін сериалдар мен озбырлық, қатігездік, ұятсыздық, анайылық, көргенсіздік сияқты арсыздықтың бәрін көре-көре қазақ жастары тағылық, жабайылық танымға қарай бет бұрды. Бұл қоғам үшін өте қауіпті. Өмірінде бір кітап оқымаған, білімсіз адамдардың санасына теледидар у құйып жатыр. Теледидар дүние жүзі халықтарының санасын улап бітірді. Күндіз-түні жата-жастанып үңілетін әлеуметтік желілер тағы бар. Қазіргі жастар арасындағы ата-ананың бетінен алу, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп силамау, ақшасы барларға табынып еліктеу, жезөкшелікке, нашақорлыққа, ұрлыққа, құмар ойындарға қызығу т.с.с. жеңіл ойлы әрекеттердің бәрі ақпаратқа шектеу қойылмағандықтан болып отыр. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген сөзін бүгінгі заманға орайластырып: «Ел боламын десең, теледидарыңды түзе!» деп өзгерту керек сияқты. 

Бүгінгі қазақ қоғамы ойлы нәрседен бойын аулақ сала бастады. Толассыз ақпарат ағынының астында қалған замандастарымыз жеңіл-желпі шоуларға қызығатын болды. Тәрбиелік жағынан да, танымдық жағынан да берер дәнеңесі жоқ түрлі телешоулар арналарымызды жаулап алды. Бірлі-екілі бейнеклип жаздырған әншілер тележүргізушілерге айналды. Олардың экрандағы сөйлеу мәнерін, өзін-өзі ұстау мәдениетін, эмоциялық мимикаларын қадағалап жатқан ешкім жоққа ұқсайды. Әлде телеарна басшыларының талғам деңгейі соншалықты төмен бе деген ойға қаласың. Қысқасын айтқанда, қазақ халқының қаншалықты мәдениетті халық екенін оның теледидарынан көруге болады. 

-  Дүниені басып бара жатқан қытайға қатысты алаңдаушылықты кезінде өлең арқылы білдірдіңіз. Жалпы қытай экспансиясы біздің ел үшін қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Қытай – саны жағынан әлемдегі ең көп халық. «Аспан елі» атанғанмен бұл халықтың да өз тарихында көрмеген азабы жоқ. Ежелгі императорлар арасындағы қан сасыған қырғындардан бастап кешегі Маоның заманында да түрлі саяси науқандардың құрбаны болып келді. Қытайдың мемлекет ретінде экономикалық дамудың даңғыл жолына түскені кеше ғана. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап  Қытай экономикасының тізгінін ұлы реформатор, теңдессіз саясаткер Дэн Сяопин қолға алды. Әлеуметтік және саяси қайшылықтарымен бүкіл халықты есеңгіретіп кеткен «Мәдени төңкерістен» кейін қалжырап қалған Қытай экономикасын осы жалғыз тұлға 20 жыл ішінде ұлы державалық деңгейге көтерді. Адам сенгісіз жігермен жұмыс істеп, өз елінің экономикасын интенсивті дамудың ең тиімді жолдарына салған бұл тұлғаға Қытай мемлекеті мәңгі қарыздар. Біздің қазаққа Дэн Сяопин сияқты тұлға жетпей тұр. Халық санына шаққанда біздің елдің байлығы Қытайды он орап әкетеді. Бірақ қарапайым халық әлі кедей, жұмыссыздық әлі көп. Тәуелсіз ел болғалы мақтанып көрсетер өндіріс орындарымыз жоқ. Айта берсең бізде әлі де жоқ нәрсе көп.

Біз қаласақ та, қаламасақ та шығыстағы айдаһар көршімізбен бетпе-бет келеміз. Бұл үдеріс басталып та кетті. Біз үшін Қытайдан келетін ең үлкен қатер – әлеуметтік ассимиляция мәселесі. Бір қап күріш ішіне салған бір кесе бидай сияқты араласып, жұтылып кетуіміз мүмкін. «Ақырзаман боларда дүниені қарақытай қаптайды» деген бабаларымыздың сөзі шындыққа айналып келе жатыр. Қытай көптен де көп. Әр қазаққа шамамен бір жарым мың қытайдан келеді. Мұны ескермеуге болмайды. Әрине Қытай өз саясатында бейбіт ел. Басқыншылық саясат ұстана қоймас. Бірақ ол байқатпай басады, шайқатпай шашады. Сонысы қауіпті.

Менің бір жақын танысым Шанхайдың іскер қытайларымен ортақ жұмыс бастапты. Қытайға жиі барады. Барған сайын ауызының суы құрып, тамсанып қайтады. Оның әңгімесін бәріміз ауызымызды ашып, көзімізді жұмып тыңдаймыз. Шанхай – ертегі қала сияқты. Таңдай қағар дүниесі көп. Бірде әзілге айналдырып әлгі қытайлардан:

– Осы сендер бізге қарсы соғыс ашып жүрмейсіңдер ме?- деп сұрадым дейді танысым. Сөйтсе қытайлар:

– Біздің халқымыз жер көкке сыймай жатыр. Соғысып қайтеміз. Бізге сендердің соғыс ашқандарың тиімді. Екінші күні-ақ отыз миллион әскерді тұтқынға береміз. Содан кейін он алты миллион халқы бар Қазақстанның өзі де бір жақты болмай ма? Сонда сіздің адамдар бір-бірін таппай адасып қалмай ма? Содан кейін қазақтың қыздарының туғаны түгелдей қытай болмай ма?- деп күліпті. Бұл әзілдің астарында талай бәле жатыр. Көптігін бұлдап отыр ғой.

– Зиялы қауым өкілі, ел азаматы ретінде бір кездері қызу талқыланған жер мәселесіне қатысты қандай пікір айтар едіңіз? 

– Осы мәселе көтерілген күні-ақ мен фейсбук әлеуметтік желісіне өлең жазып салғанмын. Сол ұстанымымнан ешқашан айнымақ емеспін. Ол өлең «Жерімді сатам дегенің –...» деп аталады:

Жерімді сатам дегенің – 

Елімді сатам дегенің.

Түбі бөтен тексізге 

Төрімді сатам дегенің.

Теңге берсе толғанбай,

Тегімді сатам дегенің.

Жерімді сатам дегенің – 

Кенімді сатам дегенің.

Сүйегі жатқан бабамның

Белімді сатам дегенің. 

Әруақты зарлатып, 

Ұрпағыма қарғатып, 

Өз ұлтымды сорлатып,

Мүрдесін жатқа қорлатып,

Көрімді сатам дегенің.

–  Сізді қоғамдағы қандай тағы қандай мәселелер алаңдатады?

– «Көкейде жүр сан арман, қайсы бірін айтайын?» дегендей ақын болған соң толғандыратын да, алаңдататын да мәселелер көп қой. Жоғарыда айтқанымыздың бәрі де қоғамдағы өзекті мәселелер. Одан өзге де ойды мазалаған мың сан сұрақ бар. Мәселен: «Біз неге кедей халықпыз?», «Халықтың білімсіз әрі кедей болғаны кімге керек?», «Қазақ қайтсе бақытты ел болады?», «Билікпен диалог жасаудың жағымпаздықтан басқа жолы жоқ па?», «Біз қашан парламенттік ел боламыз?», «Парламент қашан халықшыл болады?», «Билік мұғалімдер мен дәрігерлерді саяси қолжаулық еткенді қашан қояды?», «Өзінің мемлекеттік тілі бола тұра іс қағаздарын өзгенің тілінде жүргізетін Қазақстаннан басқа ел бар ма?», «Тіл мәселесінде ала топылы өзбек ағайын ғұрлы болмадық па? Қырық қазақ отырған топқа бір орыс кіріп келсе бәріміз орысша сайрап қоя беретініміз неліктен?», «Атамыз батыр болған деп көкірек қаққаннан қарын тоя ма?», «Қарапайым халық қара алтынның (мүнайдың) пайдасын қашан көреді? Мұнайдың рахатын кабинетте отырған ақсаусақтар көріп жүрген жоқ па?»,  «Телеарналар мен газеттер биліктін сойылын соқпаса болмай ма?», «Қазақстанда сатылмайтын нәрсе қалды ма?», «Әркім өз пайдасын ойлаған қоғамда әділдік бола ма?», «Сақал қойғандар қазақтың салт-дәстүрін неге теріске шығарады?», «Қазақ қызы неге хиджап киеді?», «Діни ағымдардың арасындағы текетірес биліктегі кландардың арасына от салып жатқан жоқ па?», «Қазақстанда жемқорлықпен тек жемқорлар күресіп жатқанға ұқсамай ма?», «Қазақстанда бұрын-соңды болмаған террористер қайдан шықты?», «Қазақстанда «зейнетақы көбейеді» деген сөз «азық-түлік қымбаттайды» дегеннің баламасына айналып кеткен жоқ па?», «Баласын балабақшаға беретіндер де, анасын қарттар үйіне өткізетіндер де мәселені парасыз шеше алмайтын болғаны ма?», «Қазақтың желөкпе дарақылығы өзге ұлттарға тиімді емес пе?», «Бұрын балалар ата-анасынан ақыл сұраушы еді, бүгін ата-анасы балаларынан ақыл сұрайды. Қарттар үйіне адам симай жатқаны сондықтан емес пе?», «Ауылдарда ынтымағы сөгілген, берекесі қашқан, өз ағайынын күндеген, өзара соттасқан әулеттер неліктен көбейіп кетті?», «Біздің халық қойдай момын, көн терідей көнбіс» деп мақтанамыз. Негізі момындық та, көнбістік те мақтанарлық қасиет емес.  Содан қазақ не тапты?».

Бұл мені алаңдататын сұрақтардың бір парасы ғана. Әр сұрақ үлкен бір тақырып. Солардың жауабын тауып, талдау жасап, өзіндік қорытынды шығаруға тырысамын. Өмірде жауабы табылмайтын сұрақтар да көп. Оған таңдануға болмайды. Өйткені өмірдің өзі сұрақ белгімен бітеді емес пе?.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Қанат Ислам: «Ұлтжанды болмай, чемпион болып керек емес»
Айтгүл Құдайбергенова: «Қызғаныштан сіңілімнің бұрымын қиып тастадым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу