Айтгүл Құдайбергенова: «Қызғаныштан сіңілімнің бұрымын қиып тастадым»
Айтгүл Құдайбергенова, әнші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Қытаймен шекаралас, табиғаты тамаша, киелі жер Айнабұлақ ауылында өткен балалық шақты ұмыту мүмкін бе?! Алты қыз, екі ұлдың арасында еркелеп өскен мен ұрыншақ, бәрін білгісі келіп тұратын, белсенді, өжет қыз болып өстім. Бала күнімде бірнеше рет жоғалып, суға да кете жаздаған екенмін. Өжет болғаным соншалық кішкентай кезімде үлкен, қабаған иттің жанында ойнап отыра береді екенмін. Иттің жанынан мені алып кетуге әке-шешемнің өзі қорыққан көрінеді. Тентектігім үшін анамнан және әпкемнен жиі ұрыс естідім. Әкем күн сайын таңертең бәрімізге тапсырма беріп, қағазға жазып, іліп қойып жүрді. Мәселен бүгін Айткүл тамақ істейді, пәленше үй жинайды деген секілді. Мен сол берген тапсырманы аяқсыз қалдырып жүргенім үшін мінезі қатал әпкем Айгүлдің «таяғын» көп жедім. Кейде бұзықтығым үшін анам қараңғы шкафтың ішіне қамап қоятын. Жылап-сықтап болғасын шкафтың ішіндегі кәмпиттерді жеп жата беретінмін. Қанша қатал болғанымен анам марқұм тез алданушы еді. Көңілі жабырқап отырғанда алдына барып ән салып, би билеп, пародия жасап әйтеуір көңілін тауып, күлдіргенде менен асқан бақытты жан болмайтын. Тіпті, анамды өзгелерден қызғандым. Менен кейінгі сіңілімнің шашы ұзын, қалың болушы еді. Анам жуас, сүйкімді қызының шашын, тарап, мақтап отырғанда кәдімгідей ішімді қызғаныш билейтін. Содан бір күні сіңілімнің өріліп тұрған шашын төбесінен қайшымен қиып тастадым. Ертесіне мұны білген анам кінәліні іздестіре бастады. Мен қорыққанымнан есік алдындағы қарағайдың қуысына кіріп кеттім. Ол кісі менің тірлігім екенін бірден сезді білем, дереу іздеуге кірісті. Бар дауысымен «Айтгүүүүл» деп айғайға салды. Анамның шырылдап жатқанына шыдай алмай мен сол ырғаққа салып «аааааауууу» дегенде ашуға булығып тұрған анам күліп жіберді. Осылайша бұл мәселеден оңай құтылып кеткенім бар. Анам бертінге дейін «Айтгүлдің айкезбесі мені қатты қинайтын» деп айтып жүрді. Оның айтуынша түнде ұйқылы-ояу жүріп кететінім болған екен. Қазіргі тілмен айтқанда айкезбе болдым. Түн ортасында тұрып, әрлі-берлі жүріп, тіккен кестелерімді ақтарып, өз-өзімнен сөйлесіп жүретін көрінемін. Түн ұйқысын төрт бөлетін анам байғұс мені сыртқа шығып кетпесін деп есік-терезенің барлығын байлап қояды екен. Ең қиыны үйде ұйықтап жатқан қонақтарға жастық, көрпе лақтырады екенмін. Анам осындайда мені шошытып алмайын деп жәймен ғана жетектеп, талай рет орныма жатқызған. Тұрмысқа шыққасын айкезбемді өзімнен өзім қойып кеттім. Әжемнің айтатындай түрлі дұғаларды оқып, дәретсіз жатпайтын болдым. Бір қызығы, ұрлық жасайтын, өтірік айтатын, сондай-ақ мас адамдарды алыстан бірден сезіп қоятын қасиетім де бар.
Мектепте өте алғыр, зерек оқушы болдым. Мұғалімдерге өтініш айту болса сыныптағылар «сен қорықпайсың ғой» деп үнемі мені жіберетін. Бала күнімде мынадай бір қызық әдетім болды. Біреудің заты жоғалса немесе алып қойса дереу араласып, сол оқиғаны зерттеп, соңында ұрланған затты таппайынша байыз таппайтынмын. Затты иесіне қайтарып бергенде оның қуанғанын көру маған ләззат сыйлайтын. Бір күні үйдегілер көршінің үйінен пышағымызды ала келші деп жұмсаған болатын. Көршінің үйіне жүгіріп бардым да «апа, біздің пышақ сіздерде екен ғой, қайтарып бересіз бе?» дедім. Ол болса «қайдағы пышақ? Сендерден ешқандай пышақ алған жоқпыз» деп менің бетімді қайтарып тастады. Жыным келіп, үндемей шығып кеттім де, дәлізге келгесін жан-жағыма қарап, пышақты іздей бастадым. Сөйтсем терезенің алдына шүберектің астынан біздің пышақтың сабы көрініп тұр екен. Пышақты алдым да, зытып қалдым. Үйге келіп, анама айтқанымда «қызым-ау, есіне түскенде өзі-ақ алып келер еді ғой» деп аздап ренжігені бар. Осы әдетімді есейгенде де қоя алмадым. Бірде студент кезімде бір қыздың ұрлығын ашып бергенім бар еді. Сол үшін әлгі қызды оқудан шығарып жіберді. Сонда «қап, бекерге біреудің обалына қалдым-ау» деп ойланып қалдым. Алайда хадистердің өзінде «біреудің өтірігін, қылмысын біліп, көріп тұрып айтпау күнә» деп айтылған ғой. Достарым әлі күнге дейін «сен не тергеуші не сот болуың керек еді» деп қалжыңдайды.
Жастайымнан өнерге құмар болып өстім. Үйге қонақ келсе болды сіңілілерім, інілерімді жинап алып концерт ұйымдастырып, спектакльге дейін құрдық. Анам мондалинді, домбыраны жақсы тартатын, әнге де әуестігі бар еді. Сондай-ақ алғашқы ұстазым Нұрғамила Мұстафинаның да өнер жолына түсуіме септігі тиді. Томаға тұйық марқұм әкем мені ерешке жақсы көруші едім. Перзенттерінің ішінен мені ғана әртіс болады дейтін.
Ауылда Сара дейтін сұлу, инабатты дәрігер келіншек болды. Соған еліктедім бе екен, дәрігер болуды армандадым. Бірде ағаштың тікенін алып әпкеме «укол» салдым. Тікеннің ұшы жанды жерінде тигесін Айгүлдің ойбайлап жылағаны есімде. Бала күнімде вокалға, хор дирижерлығына да қатысқым келген. Егер ғайыптан қайран балалық қайта оралар болса бірініші кезекте анама көп көңіл бөлер едім. Сондай-ақ арманда кеткен вокалдың оқуын оқыр едім.
Дайындаған Айнұр Оңғарбай,
«Рейтинг» газеті №45, 24 қараша 2016 жыл