Алмас Ақшалов: «Ертең» деген тажал сөз ажал құштырып жатады»

Oinet.kz 12-07-2019 1370

Screenshot_9.jpg

Алмас Ақшалов, Кентау қалалық емханасының бас дәрігері

- Алмас Балтабайұлы, әуелі өзіңіз басқарып отырған мекеме жайлы айтып өтсеңіз.

-Елбасы тікелей қадағалауына алған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикада медицина саласы соңғы бес жыл ішінде күрт дамыған болатын. Бағдарлама шарапатын Кентау қалалық емханасы да көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Кентау қалалық әкімдігі әрқашан қолдау көрсетіп келе жатқандықтан, емханада атап айтатындай күрделі мәселелер жоқ. Бізге ересектер және балалар бөлімі, тері венерология бөлімі, жедел медициналық жәрдем станциясы, «Хантағы» отбасылық дәрігерлік және «Қарнақ» амбулаториялық емханасы, «Ащысай» дәрігерлік амбулаториясы, «Құсшы-ата» және «Шаш-төбе» фельдшерлік акушерлік пункттері қарайды. Мекемеде білікті мамандар да жетерлік. Мәселен, бізде жоғары санатты – 16, бірінші санатты – 36 дәрігер жұмыс істейді. Ал, медбикелерге келсек, жоғары санаттылары – 124 болса, бірінші санаттылары – 20. Ал, санаты бұдан төмендер екі апталық оқуларға барып, түрлі тренингтерге қатысуда. Биыл 166 маман облыс, республика орталықтарында біліктілігін арттырып келді.

Біз үшін ең маңыздысы – ана мен бала өмірі. Биылғы жеті айда 1 жасқа дейінгі балалар өлімі 10 пайыздан 9 пайызға азайса, 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 16-дан 13,2 пайызға кеміген. Ал, ана өлімі мүлдем болған жоқ. Кентауда өткен жылы 7 айда 1086 бала дүние есігін ашса, биыл 1104 бала жарық дүниеге келді. Қалада табиғи өсім 11,4 пайызға өскен. 

- Ел арасында жиі айтылып жатады, көзқарасы дәстүрлі діннен бөлек адамдар медицинаға оң көзбен қарамайтын көрінеді. Олар дәрі ішуге, вакцина егуге, ота жасатуға мүлдем қарсы. Тіпті дәрігерге қаралмайды. Кентау қаласында осындай мәселе бар ма?

- Мұндай жайттар бізде кездеседі. Мысалы, биыл вакцина егуге 12 адам қарсылық білдірген болатын. Біз олармен жеке-жеке сөйлесу арқылы екпе салдыруға көндірдік. Әзірге 4 адам қарсылық танытуда. Олар кімдер болса да біз үшін әрбір адам өмірі маңызды. Конституцияда да ең бірінші бапта мемлекет үшін ең қымбат қазына – адам және адам өмірі делінген. Сондықтан да Кентауда жыл соңына дейін вакцина салдыруға қарсы бірде-бір адам қалмауы керек. Осы мақсатта біз оларға әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. 

         Мен дәрігер болғасын, Ислам дінінде  медицина жайлы не  жазылған екен деп жан-жақты ізденісте жүремін. Шариғаттан «пенде өз-өзіне қол жұмсауға болмайды» деген тіркесті кездестірдім. Яғни, адам әрқашан өз өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Бұрын ота жасатуға үзілді-кесілді қарсы болған бір кісіні танитынмын. Ақыры, ол мезгілсіз қайтыс болып кетті. Артында қалған әйелі жесір, үш қызы жетім атанды. Егер әлгі жігіт дәрігерге жүгінгенде, аман қалар еді. Сонда ол өз-өзін өлтірген болып тұрғаны ғой. Айтарым, кім болсын, егер денсаулығы сыр берсе діни сенімін жиып қойып, емхана, ауруханаларға шұғыл барғаны жөн. 

- Вакцина дегеннен шығады, тәуелсіз басылымдарда, интернет беттерінде екпе салуға қарсы бағыттағы мақалалар жиі жариялануда. Онда «екпе табиғи иммунитетті бұзады, вакциналар жоғары токсинді болып саналады, вакцина құрамында зиянды компоненттер өте көп, екпе салдырған адам созылмалы ауруға ұшырайды» деген пікірлер беріледі. Жалпы, осы вакцина туралы айтып бере аласыз ба?

- Иә, вакцинаға қарсы айтылып жатқан пікірлерді жиі естимін. Осы жерде тарихқа үңіле кетсек. Орта ғасырларда Еуропаны оба дерті жайлаған. Тұтас ауылдар, кішігірім қалалар түгелдей жұқпалы аурудан жаппай қырылып кеткен. Тарихшылар жобалап есептеп көрсе, 1346-53 жылдар аралығында шамамен 75-200 миллионға жуық адам өлген екен. Осының салдарынан Еуропа әлеуметтік және экономикалық күйзелісті бастан кешкен. Бұдан оңалуға 150 жыл уақыт қажет болған. Кейіннен оба себебі анықталды. Сөйтсе, сол заманда Еуропада санитарлық талаптар сақталмаған. Тұрғындар жуындыларды үй маңындағы арыққа төгіпті. Қасапшылар да қанды әлгі арықа ағыза берген. Арыққа жиналған қоқыс өзен суына барып құйған. Өзен суынан адамдар тамақ істеп, сусын дайындаған. Ары қарай не болғаны белгілі. XVIII ғасырда Еуропада санитарлық және гигиеналық талаптар сақтала бастаған. Бірақ, сонда да жұқпалы аурулар еш тиылмаған. Тіпті, атақты француз патшайымы Мария Антуанетта інісі мен сіңлісінен айрылып қалды. Оларды да шешек айналып өтпеген. Сонда мәселе неде?

Қазақ әдебиеті мен тарихынан хабардар болсаңыздар, жаугершілік заманда қазақ әйелдері кемі 10-15 бала туған. Бірақ,  содан бір, ары кетсе екі бала тірі қалған. Қалғандары нәресте кезінде жұқпалы аурудан көз жұма берген. Не істерін білмеген ата-аналар балаларын дерттен аман болсын, Әзірейіл назарына ілікпесін деп ырымдап Жаман, Елеусіз деген есімдер қойды. Бірақ, нәтиже жоқ. Жоңғар ханы, ақсүйек тұқымынан шыққан Әмірсана да шешектен өлген. Мұны мен не үшін айтып отырмын? Себебі, сол уақыттарда қарапайым халық түгілі, хан әулеті де жұқпалы аурудан құтыла алмаған. Себебі, ол кезде екпе, вакцина деген болған жоқ. Жаңа туған нәрестенің иммунитеті өте әлсіз болады. Оған шешек секілді аурулар үйір келеді. Оны молдаға оқытқаннан, тәуіпке үшкіргеннен пайда жоқ. Оған тарих куә.   

 1796 жылы Э.Дженнер деген азамат вакцинаны ойлап тапты. Вакцина – микроорганизмдерден алынып, адам мен жануар ағзасына жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін преперат. Вакцина – тірі, өлтірілген, химиялық, ассоцияланған болып бөлінеді. Бәрі бір мақсатты көздейді. Адам дені сау болса дейді. Бұрын полиомелит, дифтерия, қызылша, тырысқақ, көксау, «В» гепатиті секілді жұқпалы аурулар әлемдік медицинада үлкен мәселе болып келген еді. Вакцинация кең тарала бастағанда бұл мәселе түгелдей дерлік шешілді десе болады. Тек уақтылы екпе салдырса болғаны. Жер шарын түгел жайлаған оспа (лат.Variola) дертінің де көзі 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылды. Қазақстанда ең соңғы рет полиомиелит 1995 жылы тіркеліпті. Осылайша түгелдей егу жұмыстары жүргізілуі арқылы адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіретін көптеген аурулар ауыздықталды. Жалпы, екпе ектіргеннен, вакцина салдырғаннан халыққа пайдасы болмаса, зияны жоқ.

- Дәрігер ретінде жұртқа қандай кеңес бересіз?

- «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз жадыларында жүрсе деймін. Адамдар бізге ауруы әбден асқынғанда бір-ақ келеді. Тіпті, келуге үлгермей, соқырішектері жарылып, жарықтары ісініп, инсульт-инфаркт алып, ауруханаға жедел жәрдем көлігімен өлімші күйде жеткізіледі. Олар жансақтау бөлімінде қайтыс болса, ақ халаттылар кінәлі болып шыға келеді. Халықта осындай түсінік қалыптасып қалған. Мені осы мәселе мазалайды. «Ертең» деген тажал сөз ажал құштырып жатады. Адамдар әрбір алты ай немесе бір жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұрғаны, салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. 

Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай,

Мұрағаттан, 2016 ж

Перизат Тұрарова: «Ұлттық өнерді ұлықтауға құлық танытпаймыз»
Мақсат Айтжанов: «Вечеріміздің» шырқын бұзылды...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу