Темірғали Көпбай: «Әбіш Кекілбай мен Төлен Әбдік классик! Бірақ олар қызметтің құлы болды»

Oinet.kz 09-08-2019 1168

Screenshot_2.jpg

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, журналист, ғалым, баспагер Темірғали Көпбайды оқырмандар өзінің ой-пікірін, көзқарасын ашық айтып жүрген азамат ретінде таниды. Орайы түскенде Темірғали Мұратбекұлынан көпшіліктің көкейінде жүрген төмендегі сұрақтарға жауап беруін сұранған едік. 

– «Қазығұрт» баспасы 2001 жылы заңды түрде тiркелiп, талғамы зор оқырман қауымға қызмет көрсете бастады. Баспа жұмысын бастағанда сөз қадiрiн түсiнетiн халыққа тұшынып оқитын қомақты, сүбелi әдебиеттердi ұсынуды мақсат еткен едіңіз. Бүгінге дейін атқарған жұмыстарыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

–  «Қазығұрт» баспасы қызметінің басты бағыты – аса көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың көптомдықтарын жарыққа шығару болатын. Бұл бағытта баспа өзі тіркелген уақыттан бастап көптеген игілікті шаралар атқарды. Халқымызға кеңінен танымал қаламгерлердің әдеби мұраларын «Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері», «Президент сыйлығының иегерлері», «Ұстаздар кітапханасы» серияларымен оқырман қауымға жеткіздік. Көптомдықтар баспаның өзі тапқан қаражат күшімен жарыққа шықты.

«Қазығұрт» баспасы 2003 жылдан бастап 2013 жылға дейін Мәдениет  министрлігінің тапсырысымен әлеуметтік-маңызды әдебиет түрлерін шығарып келді. Бұл еліміздің руханиятына қосылған орасан зор еңбек дер едім. Баспа сапалы шығарған кітаптары үшін Мәдениет министрлігінің арнаулы дипломдарымен бірнеше рет марапатталды. 2007 жылы «Жылдың ең үздік кітабы» республикалық байқауында бірінші орын алды. Германияда, Ресейде, Түркіменстанда және Алматыда өткен кітап жәрмеңкелеріне қатысты. 

– Он бес жыл аралығында алған бағыт, қойған мақсатыңызға байланысты көзқарасыңыз өзгерген жоқ па? Дағдарыс кезеңінде қалай жұмыс істедіңіздер? Баспаның қазіргі жағдайы қалай?

– Әрине, соңғы 7-8 жыл көлемінде елімізде орын алған экономикалық дағдарыстар біздің жұмысымызға да елеулі қиындықтар әкелді. 2009, 2014, 2015 жылдары жөн-жосықсыз жасалған девальвациялар, әсіресе былтырғы тамыз айындағы теңгенің 80 пайыз құлдырауы өзге салалармен қатар баспа саласын да тұралатып тастады. Қағаз да, бояу да Ресейден әкелінетіндіктен екі есе дерлік қымбаттап кетті. Соның салдарынан көптеген баспалар өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Тапсырыс күрт азайды. Өйткені елдің әлеуметтік ахуалы айтарлықтай төмендегені байқалды. Халық қатаң үнемге көшті. Жол ақысын әрең тауып жүрген адамдар кітапты қайтсін? Халықтан тапсырыс болмаса, баспа не шығарады? Оның үстіне баспа саласында бәсекелестік қызып тұр. Не көп, баспа көп. Баспаның көп болатын себебі – қазір баспа ашудан оңай нәрсе жоқ. Заңды субьект ретінде кез-келген баспаны бір-ақ күн ішінде тіркеп, жұмысқа кірістіруге болады. Олардан лицензия талап етілмейді. Не шығарып жатқанын ешкім қадағаламайды. Әркім қолына не ілінсе соны шығарып жатқан заман. Айналып келгенде, бәрі жан бағудың қамынан аса алмай жүр. Осындай кезде іргелі жобаларды көтеріп, көп томдық басылым шығару қиынның қиыны. 2012 жылы ХХ ғасырдың ұлы ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденовтің 7 томдық толық шығармалар жинағын жарыққа шығардық. Қаражат табу жағынан өте ауыр жоба болды. Екі жыл демеуші іздеп, соңында таныстарымыздан 60 мың доллар (ол кездегі бағаммен 9 миллион теңге) қарыз алып, бәрібір шығардық. Осындай елге керек, күрделі жобаларды мемлекет қолдап жіберсе болады ғой. Жоқ, қолдамайды. Үкіметте «көп томдық деген үш томнан аспасын» деген қаулы бар. Соны желеу етеді. Дегенмен, 2013 жылдың басында Мәдениет министрлігіне қазақтың ардақты ұлдарының бірі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед министр болып қайта келіп, осы іске жан бітіріп еді.  Осы бағыттағы жұмыстарды енді қолға ала бергенде министр ауысып кетті. Жаңа министрдің ойы басқа болып шықты. Ол «алтын ғасырды» керек етпеді. Соңғы үш жылдан бері министрліктен тапсырыс ала алмадық. Оның «астарлы» себептері де жоқ емес. «Аштан өлсек те басқа пиғылдағы шенділерге жалынбайық» деп, мемлекеттік тапсырысқа өтініш беруді доғардық. Қазір, біз де қолымызға түскенді шығаратын болдық. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Сондықтан баспамыздың бүгінгі жағдайы керемет деп мақтана алмаймыз. Бізде жоспарланған жоба көп. Қаржы тапшылығынан ойға алған істерді қолға ала алмай отырмыз. Мүмкін уақыт өзгерер, ел-жұртқа күлкі болудан басқаны білмеген министр де ауысар. Сол кезде көкейдегі армандарымызды орындауға мүмкіндік туар, үкіметтен қайта қолдау табармыз деп үміттенеміз. 

- Сізді көпшілік ақын, журналист, ғалым, баспагер ретінде жақсы таниды.  Өзіңізге осы салалардың қайсысы жақын?

– Испанияның ұлы ақыны Федерико Гарсиа Лорканың: «Самое главное счастье в жизни – родиться поэтом. Остальное ничего не стоит. Даже сама смерть» деген қанатты сөзі бар. Ақындық құдірет Алладан беріледі. Алланың берген қасиетін қастерлеу керек. Басқаның бәрі өмірдің жолында адамның талабына қарай қосылатын жанама қасиеттер. Мен кейде кейбір ақындардың іс-әрекеттеріне қарап таң қаламын. Атақ-даңққа ұмтылып, түрлі сыйлықтардың жолында жан жалдап, көз сатып ит болып жатқаны. Алла саған ақындық талант бермеді ме? Одан артық қандай сыйлық болуы мүмкін? Осыны түсінбейді. Кей ақындардың мемлекеттік қызметке араласып, үлкен шенеунік болғысы келетіні де қызық. Қызмет деген қолдың кірі емес пе? Бүгін бар, ертең жоқ. Өз басым талантты ақыннан талантты шенеунік шығады дегенге сенбеймін. Өйткені әкім мен ақынның табиғаты кереғар нәрселер. Қандай ащы болса да шындықты мойындау керек. Кресло аңдыған адам ақын болып жарытпайды. Ақынның соңында қалатын дүние – өлең. Романтикаға беріліп, шабыттану үшін де, өлеңді жазу үшін де уақыт керек. Қызмет деген жүйке-жүйең мен алтын уақытыңды жеп жатқан қызыл ит сияқты. Шынайы ақын ол иттен аулағырақ жүргені дұрыс. Мен өмірімде қызмет қуған адам емеспін. Астанаға шақырып, үш рет қызмет бергенде де бармағам. Маған өз жұмысым қызық. Еркіндігім бәрінен қымбат. Қадыр Мырза Әли сияқты асқан данышпан ақынмен 11 жыл қоянқолтық араласып, жұмыс істегенімнің көп пайдасы болды. Ол кісіден уақытты үнемдеуді, ақындық ғұмырдың мәнін түсінуді үйрендім. Қадыр аға талай рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, парламент мүшесі болған. Сол парламентте отырып «Парламент» атты көлемді поэма да жазған. Ол саясат пен қызметтің ақынды бұзатынын терең түсінген. «Парламентте де уақытымды ұтымды пайдаландым» деп масаттанып отыратын. Оның соңында 32 томға жүк болатын бай мұрасы қалды. Ал Шерағаңмен оңаша қалғанда: «Қадыр – данышпан ғой. Бәрін ерте түсінген. Ал мен болсам, саясаттың майданында айғайласып жүріп алтын уақытымды өлтіріп алдым. Бұл өмірде ақын өлеңін, жазушы прозасын жазуы керек екен» деген өзекжарды өкінішін талай естідім. Әбіш Кекілбай мен Төлен Әбдікті классик емес деп кім айта алады? Бірақ олар қызметтің құлы болды. Сол қызмет болмаса олар халыққа он есе көп дүние берер еді. Өздері де іштей өкінетін шығар, біз қайдан білеміз? Сондықтан, мен үшін өлең жазған күндерден қымбат нәрсе жоқ. 

– Елімізде баспагер мамандығына қызығушылар көп емес секілді. Бұл мамандық туралы насихаттың аздығынан ба, әлде кісі қызығарлықтай кәсіп емес пе?  

– Баспагерлік –  қиын кәсіп. «Қазығұрт» баспасы «заманның талабына қарай елдің, ұлттың руханиятына қолымнан келгенше үлес қоссам» деген мақсаттан бастау алған еді. «Кәсіп түбі – нәсіп» дейді. Көштен қалмау керек. Маңдай теріңді сіңіріп, наныңды адал тапсаң ол да Алланың берген нығметі. Бірақ, башпайына дейін жемқорлық жайлаған біздің елде адал кәсіп жасау мүмкін емес. Бұрын параны соттар мен прокурорлар ғана алатын. Қазір ең соңы кітапханашыға дейін өз құлқынын ойлайды. Адал шығарған кітабыңды ұсынсаң кітапханашы: «Маған не бересің?» деп бетіңе қарайды. Бөліспесең кітабыңды сатып алмайды. Кейде екі қолыңды төбеңе қойып, безіп те кеткің келеді. Не істейсің? Қайда барасың? Айналаңның бәрі осыған үйренген, көндіккен. Бүгінгі қазақ қоғамының сиқы осы. 

Дұрыс байқағансың, Қазақстанда, қазақтар арасында баспагерлік мамандыққа қызығатындар көп емес. Оның өзіндік обьективті себептері бар. Айттың не, айтпадың не, қазақ тілді оқырманның қатары күн сайын азайып барады. Баспа ісі – кәсіпкерліктің бір түрі. Оның шығаратын өнімі (тауары) – кітап, тұтынушысы – оқырман. Тұтынушысы жоқ тауарды шығарғаннан келер пайда бар ма?  Мемлекеттік бюджет есебінен кітап сатып алатын екі тұтынушы сала бар: бірі – мәдениет, екіншісі – білім саласы. Соңғы жылдары осы екі сала да көркем әдебиет туындыларын сатып алмайтын болды. Мәдениет саласына қарайтын кітапханалар қоры мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптармен ғана толығады. Мемтапсырыспен не шығып жатқанын бір құдай біледі. Оқырман білмейді. Мемтапсырыс алудың өз құйтырқылары жеткілікті. Ал білім саласына жоғарыдан «оқулықтан басқа кітап сатып алмаңдар» деген нұсқау берілген. Оның үстіне оқулық шығару ісінің өз магнаттары бар. Олар өз нанын біреуге ұстатып қоймайды. Шығарған кітабыңды не жеке оқырман, не мемлекет сатып алмайтын болса баспагерлік кәсіптің болашағы қандай болмақ? Айтпаса да түсінікті ғой. 

– Осы бағытта тағы бір сұрақ, елімізде кітап тарату ісі қандай деңгейде? Мемлекеттік кітап саудасы жолға қойылады дегенге сенесіз бе?

– Жеке тапсырыспен шыққан кітаптарды тарату әр баспаның өз мүддесі. Баспа әрине тегін таратпайды. Саудаға шығарады. Ал сауда орталықтарының ойлайтыны оқырман емес, пайда. Олар ештеңе істемей-ақ ұсынылған баға үстіне елу пайыз үстеме қосады. Сонда өзі қымбатқа шыққан кітаптың бағасы аспандап кетеді. Өзінің сауда нүктесін ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жекеменшік кітап дүкендеріне кірсеңіз азғантай ғана қазақ тіліндегі кітаптар бір бұрышта жетімсіреп жатыр. Өтіп жатқаны тек орыс тіліндегі кітаптар. Осы себепті көптеген қазақ тілді баспалар өздерінің кітаптарын дүкендерге таратуға қызықпайды. Баспалардың бәрі тапсырыс беруші айтқан таралымды басып беріп, тыныш отырғанды қалайды. Тапсырыс бер, ақшаңды төле, кітабыңды алып кет. Болды! Кітап сатудың қиын екенін түсінген баспалар түгелдей осы әдіске көшкен.

Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар облыстарға таратылғанмен қарапайым оқырманға жетпейді. 2000 дана таралыммен шыққан кітап 14 облыстық кітапханаға және Астана, Алматы қалаларының кітапханаларына жеткізіледі. Қазір кітапханаға баруға көп адамдар уақытын қимайды. Ұнайтын кітапты өзінің жеке кітапханасына сатып алайын десе, ол еш жерде сатылмайды. Республика бойынша бір де бір мемлекеттік кітап дүкені жоқ. Оны ойлап, бас қатырып жатқан үкімет те жоқ. Баяғы, кеңестік кезеңдегі кітап дүкендерінің түтас жүйесі қайда кетті? Біздің үкімет ұлттық оқырманның жайын бір сәт ойлайтын болса бұл істі қайта қолға алуы керек қой. Миллиардтаған ақшаға кітап шығарып, оны қоймаға тыға бергеннен не шығады? Кітап оқырманға жетпейтін болса, ондай кітапты шығардың не, шығармадың не? Мемлекет бөлген қаражатты көзі қарайғанша үнемдеп, шықпа жаным шықпа деп, тақыл-тұқыл есеппен сапасыз кітап шығаратын баспалардың берген есебі кімге дәрі, кімге шипа? Ашығын айтқанда, бұл жерде де қарапайым оқырманды ойлап жатқан тірі пенде жоқ. Әркім өз басының пайдасын ғана күйттеп, жемқорлықтың отын үрлеп алашапқын болып жүр.  

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,

2016 жыл

Жұмабек Сапаров: «Жылы сөз - жарты терапия»
​Нұралы Әбішов: «Құрылыстағы материалдардың түгелге дерлігі – отандық тауарлар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу