Жұмабек Сапаров: «Жылы сөз - жарты терапия»

Oinet.kz 09-07-2019 1093

Screenshot_14.jpg

Жұмабек Сапаров, Мақтарал ауданы  «Мырзакент» емханасының бас дәрігері

 - Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетім¬ділігін арттыру Елбасының ерекше тапсырмасы екені белгілі. Осы орайда алдымен ауылдықтарға медициналық қызмет көрсетудің сапасына тоқталсақ. 

 - Қандай жағдай  болмасын мемлекеттің дамуы  денсаулықпен байланысты. Сондықтан, елімізде бұл салаға баса назар аударылып келеді. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін не қажеттінің барлығы жасалуда. Соның ішінде әсіресе, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімдігілін арттыру мақсатында мекемелердің материалдық-базасын жабдықтау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру секілді шаралар жүзеге асып келеді.  Мақтаралдағы Мырзакент емханасы 250 науқасты қабылдауға лайықталған. Оған 7 дәрiгерлiк амбулатория, 17 фельдшерлiк-акушерлiк пункт, 6 медициналық пункт қарайды. Мақтарал ауданындағы «Мырзакент»  емханасының негізгі міндеті мен құрылымы  - әлеуметтік, демографиялық дамуды тұрақты қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтауды нығайтуға бағытталған, қолжетімді сапалы бастапқы медициналық-санитарлық және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету. Мұнда медициналық-әлеуметтiк жәрдем түрлерi бойынша осы өңiрдегi 53154 мың тұрғынға қызмет көрсетiледi. Халық денсаулығы күзетiнде 52 дәрiгер, 222 мейiрбике, тағы басқа  қызметкерлер жұмыс iстейдi. Дәрiгердiң 9-ы жоғары, 12-сi бiрiншi, 6-уы екiншi санатты. Емдеу мекемесiндегi игi жаңалық –мұнда медициналық көмектiң сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында 15 төсек-орынды оңалту бөлiмi ашылған. Жыл соңына дейiн тағы да 15 төсек-орын қосылып, Мақтаарал ауданы бойынша оңалту орталығын ашу көзделiп отыр. Бөлiмде реабитолог, невропатолог, кардиолог, ортопед, өзге де дәрiгерлер жұмыс iстейдi. Бұрын аудан көлемiндегi 4 ауруханада санаулы ғана оңалту төсек-орны болса, ендi арнайы оңалту орталығының ашылуы әрине, тұрғындар және біз үшін қуанарлық жағдай. Шалғай ауылда ашылған оңалту бөлiмi орталыққа айналса оның мүмкiндiгi бұдан да кеңейе түседі деген ойдамын.

 - Пенде болғасын ауырмайтын жан болмайды. Тұрғындар көбінесе дәрігерге қандай шағымдармен келіп жатады?

 - Қазіргі таңда тұрғындарды  тыныс жолдары және жүрек-қан тамыры аурулары, балалар арасында тыныс жолдары және қан аздық, асқорыту аурулары көбірек мазалауда. Жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады, немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыры аурулары құрайды.  Жүрек-қан тамыры ауруларына әкеліп соқтыратын басты себеп адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар экологияның нашарлығының да салдары жетерлік. Артық салмақ және семіздік, жүрек- қан тамыры ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамыры ауруларын қоздыратын тағы бір себеп - стресс, торығу, күйзеліс  ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол.  Бүгінгі таңда жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу үшін мынадай маңызды нәрселерді есте сақтау керек: темекіден  бас тарту, тиімді тамақтану, көкеніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану, дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану,  қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыру.

 - Диагноз қоюда дәрігер ең алдымен нені ескеруі қажет?

 - Диагноз қою, науқастың жағдайы мен аурудың мәнін анықтау ісіне көмек беретіні баршаға мәлім. Диагноз қоюда дәрігер ең алдымен  әр бір науқастың өмір дерегін, бұрыннан белгілі ауруларын немесе мінез-құлықтық қауіпті факторларын ескеру қажет. 

- «Жылы сөз адам жанының емі» деген сөзге қосыласызба?

 - Әрине қосыламын. Ақ халаттылар ең алдымен адам жанын емдеуден бастау қажет. Дерті жанына батқан жанның жүрегі нәзік келетіндіктен бір ауыз жылы сөзге мұқтаж. Дәрігердің жылы сөз, жан жадыратар, көңілді марқайтар жақсы сөздері науқастың көңіліне медет болады. Жылы сөз – жарты терапия.  Мейіріммен жасалған ем-дом науқасқа тез қонып, оңалып кетуіне себеп болады. 

 - Қазіргі таңда екпеге күмәнмен қарайтындар көбейді. Емханада екпеден бас тартқан жандар бар ма?

 - Әр түрлі діни  көзқарастың әсерінен бе екен, тұрғындар арасында екпелерге күмәнмен қарайтындар кездесіп тұрады. Алайда ондай азаматтармен біздің қызметкерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мамандардың сөзінен кейін өз көзқарасының дұрыс еместігін түсінгендер қайта келіп екпе салдырып жатыр. 

 - Емханада түйіні шешілмей тұрған мәселелер бар ма?

 - Қазіргі таңда барлық медицина мекемелері күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңарып жатыр. Бізде әзірге шешілмей тұрған проблема осы. Емханаға қарасты дәрiгерлiк амбулатория, фельдшерлiк-акушерлiк пункт және медициналық пункттердің ғимаратын қайта жөндеп, құрылысты бастау  - жоспардағы мәселе. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Оңалбай Аяшев: «Тілді үйренуден қорқақтап, қашқақтаудың жөн-жосығы жоқ»
Темірғали Көпбай: «Әбіш Кекілбай мен Төлен Әбдік классик! Бірақ олар қызметтің құлы болды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу