Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Қанатбек ДОСАЛИЕВ, ОҚО Жоғары жаңа технологиялар колледжінің директоры:
Білім саласында басшы ауысқан сайын жаңа реформалар ұсынылады, бірақ оның барлығы жүзеге асырылуда дей алмаймыз. Сондықтан да сынға көп ұшырайтын саланың бірі. Ақпанда тағайындалған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қызметке кіріскеніне ай өтпей жатып-ақ ел аузына ілікті. Наурызда Қазақстанда ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Осы бағдарламаға қатысты пікір қайшылықтары көп. Осы орайда ОҚО Жоғары жаңа технологиялар колледжінің директоры Қанатбек ДОСАЛИЕВКЕ жолығып, бірқатар сұрақтар қойған едік.
– Қанатбек Балтабайұлы, бұл салада ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатырсыз, яғни барлық үдерісті іштей білесіз. Жүзеге асыру жоспарланған соңғы өзгерістерге қатысты қандай пікір айтасыз?
– Иә, расында да осыған дейін білім саласында көптеген реформалар қолға алынды. Әр министр қызметке кіріскен соң өз реформаларын ұсынып, іске асырғысы, жаңалық енгізгісі келеді. Соның негізінде бірқатар пилоттық жобалар да басталған болатын. Сол реформалардың, жаңа бастамалардың орындалуы ол бөлек әңгіме, әрине және түрлі факторларға байланысты мәселе. Белгілі бір жобаны жүзеге асыру үшін жеткілікті қаражат қажет. Екіншіден, оның нәтижесіне көз жеткізуге уақыт керек. Оң нәтижеге көз жеткізілген соң ол барлық білім ошақтарына енгізіледі. Мысалы, экс-министр А.Сарінжіповтың кезіндегі реформаның бірі – 10 колледж, 10 жоғарғы оқу орнын халықаралық деңгейдегі әдістемелерді, бағдарламаларды қолдану арқылы дайындап, содан кейін оларды базалық жасау және басқа білім ордаларына да енгізу еді. Алайда, оған қаражат қолбайлау болды. Біз сол 10 колледждің бірі едік. Пилоттық жоба шеңберінде ұстаздарымыз елімізде және шет елдерде қайта даярлау курстарында оқып келді. Дегенмен, жоғарыда айтып өткенімдей қандай да бір бағдарламаның нәтижесін көру үшін көп уақыт қажет. Реформалар енгіземіз, соларды жүзеге асырамыз деп жүріп уақыт өткізіп алдық. Басқа елдермен салыстырғанда бұл салада кейін қалып қоюымыздың бір себебі де осында жатыр деп ойлаймын. Одан кейін бір оқу орындарына енгізіп, басқалары жаңашылдықтың нәтижесін күтумен бұрынғы қалыпта қалды. Яғни, жалпыға бірдей білім беру болмады. Қазіргі министрдің алға қойып отырған мақсаттарының бірі де бәріне бірдей білім беру. Бір кітап, бір әдістеме қағидаты, уақытты тиімді пайдалану. Министрлік ұсынып отырған бағдарлама нағыз жұмыс жоспары, сондықтан да мен толық қолдаймын. Модульдік оқыту жүйесіне көшу қажет. Бағдарламаға сәйкес, кәсіптік-техникалық білім беру саласында "Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы бағыт-бағдар беретін негізгі рөлді атқарады. Ал жоғарғы оқу орындарында Назарбаев университетінің бағдарламасы негізінде оқытады. Әрине, бұл ауқымды жұмыс. Бірақ, соған келуіміз керек, қашанғы күтіп жүреміз. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасымен бүкіл мекептерде оқыту қажет. Мен министрлік өткізіп жатқан барлық жиындарға қатысып жүрмін. Сонда осы мәселелер талқыланады, тиімді жақтары айтылып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынады. Ашық әңгімелер айтылады. Министр барлық пікірлерді саралап, өзекті мәселелерді көре алатын басшы екенін аңғартуда. Қазіргі министрмен бірлесе жұмыс жүргізу оңай және алға қойған мақсаты өте дұрыс дер едім.
– Бүгінгі қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған қазақ тілі мәселесіне келсек. Көпшілік бастауыш кластан бастап үштілді оқытуға наразы. Бұл орайда, түрлі пікірлер айтылуда. Пәндерді ағылшын тілінде оқу балаларға қиындық тудырмайды ма? Жалпы мектептер бұл өзгеріске дайын ба, қалай ойлайсыз?
– Үш тіл мәселесі кеше ғана айтылып, енді қолға алынған жаңалық емес. Елбасы бұл жөнінде қанша уақыттан бері айтып жүр. Оны тағы да тәжірибе жасап уақыт өткізіп алдық. Енді ол мерзімі көрсетілген нақты кезеңдермен енгізілейін деп отыр. Бәрін бірден енгізу қиын, әрине. Тарихи көршіміз орыстардың тілін меңгердік және ол түрлі себептермен қажеттілік болды. Ағылшын тілін білу де қажеттілік, өйткені ол халықаралық тіл. Әлемдегі көптеген ел осы тілде сөйлейді, жаңа технологиялар осы тілде жасалған. Білуге талпындыратын басқа да себептер көп. Әрине, алдымен ана тіліңді біл, құрметте сосын өзге тілді үйрену ешқашан артық болмас. Ағылшын тілі біртіндеп енгізілгелі отыр. Қолдауымыз, ата-аналарға жан-жақты түсіндіруіміз керек. Ал дайындық мәселесіне келсек, ұстаздарды даярлау, мектептерді қажетті кітаптармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету маңызды. Қазір ІТ технология мамандығын ағылшын тілінде оқыту басталмақ. Өте дұрыс. Оны оқыту қиынға соқпас, өйткені компьютердің тілі ағылшынша шыққан ғой. Дегенмен, осы және басқа пәндер үшін де білікті мамандар қажет. Осы орайда ағылшын тілін білетін ұстаздар арнайы бағдарламамен білімін жетілдірмек. Сондай-ақ, пәндер бойынша ағылшын тілінде оқыта алатын сырттан мамандар шақырып жатырмыз. Яғни, жаңа оқу жылына дайын боламыз. Ал, енді өзіміздің колледжге келетін болсақ, жаңа бағдарламаны жүзеге асырудағы базалық колледж болып отырмыз. Бұл бізге көрсетілген сенім, әрі артылған жауапкершілік. Оқу жылы аяқталған соң, ұстаздарымыз үшін қайта даярлау курстары басталады. Ағылшын тілінде немесе техникалық мамандықтарды даярлайтын модульдік жаңа әдістемеге көшеміз. «Кәсіпқор» холдингі» дайындаған бағдарламамен оқытатын колледждер анықталуда. Олардың мамандарын осы жерде қайта даярлаудан өткіземіз. Оған Астанадан мамандар келеді немесе онлайн режимде оқытатын жолы да қарастырылуда. Өз ұстаздарымыз, колледж басшылары шетелде білімдерін жетілдіріп келді. Арнайы курстардан өтті. Яғни, басқа колледждердің ұстаздарын дайындық курсынан өткізуге біз де дайын боламыз. Біздің колледж ОҚО-да базалық болып белгіленгендіктен дайындық жұмыстары жан-жақты, аса жауапкершілікпен жүргізілуде. Сондай-ақ, орта арнаулы оқу орындары да 5 күндік оқу үдерісіне көшеді. Соған байланысты келесі жаңа оқу жылының бағдарламалары қайта жасалуда.
– Мұғалімдер заманауи талаптарға сай болу үшін оған қажетті мүмкіндіктер де болуы керек екенін айтып өттіңіз. Ал, колледжді бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі қаншалықты шешілген?
– Иә, ұстаздардың заман талабына сай болуын, ізденісін, білімін жетілдіруін тоқтатпауын үнемі бақылап отырамыз. Ол ең біріншіден оқытушылардың өздеріне қажетті талап. Сондай-ақ, колледждегі тәртіп, білім деңгейі, жастар тәрбиесі өте жоғары. Мұны басшы ретінде айтып отымын. Өз газет-журналымыз, телестудиямыз бар. Әр жыл белгілі бір тақырыпқа арналады. Мысалы, мәдениет, тарих жылы ретінде белгіленсе соған орай көптеген іс-шаралар атқарылады. Жастардың өзі қатыстырылып бағдарламалар қабылданады. Бұл орайда, студенттердің дүниетанымын кеңейту, азамат, тұлға етіп қалыптастыру көзделеді. Дегенмен, білім беру тиісті деңгейде болғанымен, мамандығы бойынша нақты іске үйрету кемшін түсіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, теориялық тұрғыда жақсы білім алып жатқан студенттерімізге практика жүзінде үйретуге мүмкіндігіміз жоқ. Өндірістік іс-тәжірибеден талапқа сай, жақсы базаларымыз жоқ. Қажетті құрал-жабдықтар тапшы. Оны мойындау қажет. Оқу бағдарламасына сай студенттерді практикадан өтуге жібереміз. Бірнеше серіктестеріміз де бар. Бірақ оқушыларымыздың барлығын қадағалап отыру мүмкін емес. Сондай-ақ, студент барған жерде іс-тәжірибеден өтіп, кәсіби дағды қалыптастыра алу-алмауы көптеген факторларға байланысты. Мысалы, кәсіпорындарда біздің студенттермен тікелей жұмыс істейтін маман болуы тиіс. Оларда ондай маман жоқ. Студенттерді жүйелі түрде үйрету көбіне формальді түрде өтіп жатады. Сөйтіп теорияны жақсы меңгергенімен студент практикадан онша үйренбейді. Маман болып қалыптасуда практика негізгі рөл атқаратыны мәлім. Осы олқылықты ескере келе біз өз күшімізбен «Өрлеу», «Сапа» жобаларын жүзеге асыра бастадық. Кіші заводтар, цехтар орнату, жақсы база қалыптастыру, студенттер тамақтанатын, демалатын орындар жасау қаралған кешенді дайындап жатырмыз. Алайда, өкінішке қарай, қаржы тапшылығы қолбайлау болуда. Егер қаржылық қолдау болса, бұл өте қажетті нәрсені жүзеге асыратын едік. Студенттерге бір жерде және білікті мамандардың үйретуімен практикадан өтуге мүмкіндік жасалар еді. Бағдарлама бойынша оқу үдерісінің 60 пайызы сол жерде өтеді де теорияға 35-40 пайыз бөлінеді. Бір-екі кіші зауыт жабдықтарын алдық. Бірақ, қаржы тапшылығынан құрылған жоқ. Қол қусырып қарап отырмай, тағы бір жолын қарастырдық. Өзімізге бас серіктес таптық. Оның базасында барлығы бар. Келісім бойынша қосымша қажетті нәрселерді олар жасап жатыр. Студенттеріміз ол жерде 3-4 мамандық бойынша оқу практикасынан өтетін болады. Жаңа оқу жылына дейін студенттермен жұмыс істейтін шеберлер даярлаймыз. Яғни, ертеңгі күні бізден өте білікті мамандар шығатын болады. Ал, жақсы маман жұмыссыз қалмайды.
Екіншіден, біз жоғарғы колледж деңгейіне өтіп жатырмыз. Яғни, жұмысшы мамандығын да, шеберлікті де, ЖОО бағдарламасын да оқиды. Сөйтіп, кіші инженер болып шығады. Бакалавр дәрежесін алады. Өте тиімді де, қажетті нәрсе. Біздің жоғарғы колледж бағдарламасымен оқыған студент ертең мықты маман болып шығады. Барлық кезеңнен өтеді. Бұл бастаманы Оңтүстікте біз бірінші болып жүзеге асырайын деп жатырмыз. Қазір арнайы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Демек, жаңа оқу жылында бізде көптеген өзгерістер болады.
– Жастардың білімге деген ынтасы қандай?
– Бұл орайда тәрбиенің алар орны зор. Баланы дұрыс тәрбиелесеңіз, бағыт-бағдар берсеңіз ол ешқашан теріс жолға түспейді. Біздің оқу орнында сабаққа қатысу көрсеткіші 93-94 пайыз. Жасыратыны жоқ, көптеген оқу орындарында, әсіресе ЖОО-ларда жастардың көбісі сабаққа қатыспайды. Бұл үлкен проблема. Бізде олай емес. Білім мен тәрбиені қатар алып жүреміз. Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген. Ал, жалпы жастардың білімге, өздері қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгеруге деген ынтасы зор.
– Бүгінгі қоғамда қызу талқыланып жатқан жерді аукцион арқылы сату мәселесіне қатысты қандай пікір айтар едіңіз?
– Аукцион арқылы сатылатын болса, шет елдіктердің де алу мүмкіндігі бар ғой. Менің пікірім – ол дұрыс емес. Жер, су, энергия, магистарльды жолдар мемлекеттік болуы керек. Жер сатылуға жатпайтын құндылығымыз.
– Кешегі саяси додадан қандай ой түйдіңіз?
– Сайлаушылардың немқұрайдылығын тағы да көрдік, шаршаған кейіпте «маған бәрібір» деп қолды бір-ақ сілтегендей болды. Өйткені, саяси науқанның өту үдерісінде тазалық, ашықтық, мөлдірлік жоқ екеніне көздері жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті дұрыс жолға қоймай болмайды. Қазіргі жағдайды біліп отырмыз ғой. Мысалы, кеше ғана сайланған депутаттың бірі ұсталып, бірі қашып, бірі тергеліп жатыр дегендей. Облыстық мәслихатқа сайланғандардың барлығы дерлік кәсіпкерлер. Олардың қатарында қарапайым білім, денсаулық, еңбек саласының өкілдері жоқтың қасы. Бұл жәйт те көп нәрсені аңғартады. Қарапайым халықтың арасында депутаттыққа тек қалталылар өтеді деген түсінік қалыптасқан. Жаңалық ашып отырған жоқпын, тұрғындармен әңгімелесіп көрсеңіз көзіңіз жетеді. Сайлауда басым дауысқа ие болған «Нұр Отан» партиясының игі істерін қолдаймыз, ол ұйым көп мәселелерді көтеріп те жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресте арнайы комиссиялар құрылған. Келешекте бәрі дұрысталатын шығар деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,
Мұрағаттан, 2016 ж