Дүйсенбай Мергенбаев: «Биіктерді бағындыра беретінімізге сенім мол»

Oinet.kz 01-07-2019 1172

Screenshot_21.jpg

ОҚО №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры

-Дүйсенбай  Қалдыбекұлы, әуелі өзіңіз басқаратын мемлекеттік мекемеңіздің тыныс-тіршілігімен бөліссеңіз.

-Оңтүстік Қазақстан облыстық  №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 1958 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесі шешімімен ашылған, 1998 жылы олимпиада резервінің мамандандырылған деген мәртебесі берілді. Мен осында 2014 жылдың қаңтар айынан бастап директор болып қызмет етудемін. Волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шеберімін және ұлттық дәрежедегі төрешімін. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай мерейтойлық төсбелгімен марапатталдым. Бұл ел спортына сіңірген еселі еңбегіме берілген баға болса керек.

Мектебімізде әрбір спортшының жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне барлық жағдай жасалуда. Еліміздің спорт саласын дамытуға үлес қосып жүрген өз ісінің шеберлері, мектебіміздің білікті мамандары директордың орынбасарлары Ұлан Шабданбекұлы мен Нұржамал Жолымбекованың ұйымдастырушылық қабілеттерін ерекше атап өтуге болады. Мектеп әдіскерлері спорт түрлері бойынша әдістемелік және спорттық-бұқаралық жұмыстарға жан-жақты көмек көрсетуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының  №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жұмыс бағдары төмендегіше:

    1. Мектептегі дамытылатын спорт түрлерінен Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамын толықтыратын (жасөспірімдер, жастар, кадеттер) жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындау.

    2. Жүйелі оқу-жаттығу сабақтары барысында спортқа қабілетті балаларды және бозбалаларды айқындау.

  3. Оқушылардың арасында дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын іске асырып, оны облыстық №3 олимпиада резервінің мамамндандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі оқушыларының жан-жақты дамуына және дене пішінінің дайындығы арқылы Президенттік сынамаларда жолдаған үндеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі бұқаралық дамуының мемлекеттік бағдарлама жөнінде іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Мектебіміздің жаттықтырушылары облыстық және республикалық құрама командалары сапындағы спортшыларды және ЖСШ спорт мектептеріне жоғарғы дәрежелі спортшыларын даярлайды. Мектепте спорттың 7 түрі бойынша: еркін күрес, дзюдо, қол күресі, садақ ату, таеквондо, каратэ-до, президенттік көпсайыс бөлімдері жұмыс істеуде. 52 жаттықтырушы 743 спортшыны шынықтырады. Оның 3-еуі Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген жаттықтырушы. 16-сы жоғары санатты, 14-і І-санатты және 3-еуі ІІ-санатты жаттықтырушылар.

– Білікті бапкерлердің шәкірттері спорттық бәсекелерде топ жарып жүрген болар. Олардың деңгейі қандай?

– Дұрыс айтасыз, спортшының бабында болуы бапкерге тікелей байланысты. Ал олардың деңгейіне келер болсақ, спортшыларымыздың 5-еуі Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16-сы спорт шебері, 97-сі спорт шеберлігінен үміткер. Былтыр  Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы қатарына ересектер арасында – 12, жастар арасында – 25, жасөспірімдер арасында 7 спортшымыз енді. Биыл каратэ-додан Мәдина Өтелбаева мен таэквондошы Нұрқанат Қожахмет Жоғары спорт шеберлігі мектебіне, 8 шәкіртіміз спорт интернатына ауысты.

2015-2016 оқу жылында спортшыларымыз жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтсақ: ҚР чемпионатында 55 – 1-орын, 37 – 2- орын,  36 – 3-орын , ҚР ІV –ші Спартакиадасында: 3 – 1-орын, 4 – 2-орын , 1 – 3-орын. ҚР кубогінде: 3 – 1-орын, 5 – 2-орын, 4 – 3-орын.  Азия чемпионатында: 7 – 1-орын, 3 – 2-орын, 4 – 3-орын . Азия кубогінде: 4 – 1-орын, 4 – 2-орын. Әлем чемпионатында: 4 – 1-орын, 1 – 3-орын, Әлем кубогінде: 1 – 1-орын.

2015-2016 оқу жылында спортшыларымыз жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Олар қатысқан жарыстардың барлығын санасақ, саусағымыз жетпейді. Жеңістеріміз де сондай. Ел чемпионаттарында 55 бірінші, 37 екінші, 36 үшінші жүлделі орындарды жеңіп алдық. Қазақстан Республикасының ІV- Спартакиадасы мен ел кубогінде де ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жетерлік. Ал, Азия чемпионатында спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, мемлекеттік туымызды биіктетіп, әнұранымызды 7 мәрте шарықтатты. Үшеуі күміс, төртеуі қола жүлднгер атанды. Азия кубогінде 4 спортшымыз қарсылас шыдатпаса, 4-еуі екінші орынды жеңіп алды. Әлем чемпионатында төрт алтын, үш қолаға қол жеткізсек, Әлем кубогында бір алтынды олжаладық.

– Өзіңіз айтқандай жеңістеріңіз көп екен. Десек те жүлдегерлеріміздің аты-жөндерін жұрттың біліп жүргені абзал...

– Қол күресінде Ержан Әбілдә мен Нұрдаулет Айдархан Әлем чемпиондары. Қайырхан Шәмиев Әлем кубогінің жеңімпазы, жаттықтырушысы – Нұралы Сапаров. Жұлдыз Мәлік, Ләззат Мәлікайдар, Ғалымжан Қарсыбаев, Нұрдаулет Садуақасов, Нұрдаулет Қадыр – Азия чемпиондары. Меруерт Қалдыбай да Азия чемпионатының жүлдегері.

Жуырда ғана, 1-3 сәуір күндері каратэ-до шотоканнан Польшада өткен Әлем чемпионатында Руслан Есмаханбет пен Қайсар Алпысбай әлемді бағындырса, Даулет Шымырбеков жүлдегер атанды, жаттықтырушысы - Нұмахан Мелдеханов. Влада Дегтерева, София Берульцева,  Татьяна Махортова,  Ядигар Ахмедов,  Мұхамеджан Рахымжан сынды каратэ-дошыларымыз ел чемпиондары.

Садақ атуда Азия кубогінің жүлдегері Акбарали Карабаевты айту керек, оны  Жұмат Бұзауов жаттықтырады. Жебені шірене тартатын мергендеріміз Галия Юсупова, Анастасия Туркина, Бақтияр Орманов, Лайло Курбаналиева, Фуркат Гульматов еліміздің үздіктері екенін мақтанышпен айта аламын.

Еркін күрестің жөні бөлек. Биыл 17-19 ақпан аралығында Белорусия астанасы Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы «Медвежонок» атты халықаралық турнирде Бақыт Шадиев жаттықтыратын Аяжан Мархашева алтыннан алқа тақты. Ал, Нұржан Сейтжан таяуда ғана өткен жастар арасындағы  ел чемпионатында 60 келі салмақта 1-орынды иеленді. Данияр Мелдебек Азия чемпионатының жүлдегері атанса, Несібелі Естаева, Мәдина Нұралы, Аяжан Маркашева, Жанерке Райымбердиева, Ұлдана Ниязбектер ел чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Бауыржан Төребек жастар арасындағы жарыстардың жүлдегері.

Дзюдошы Ақерке Құлаш Азия кубогінің жеңімпазы, Гулида Көбей Азия кубогінің жүлдегері саналады. Ал, Аят Таңатар, Балкүміс Қалдыбек, Ғалиябану Аманханова, Хейраддин Сарболов, Еркебұлан Абдулла, Дана Сапаралиева ел ішіндегі чемпионаттарда топ жарып жүр.

Биыл 24-26 ақпанда өткен Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра опен халықаралық таеквондо турнирінде Бектұр Өтебаев жаттықтыратын Алмат Қожахмет 51 келі салмақта 1-орынды жеңіп алды. Даурен Іргебаев, Жалғас Салыбек, Азамат Рахымбаев, Өскен Салыбек, Арман Мадамар, Нұрдаулет Шалқаров, Нұрсәт Бақберген, Жақсылық Шынарбек ел чемпионатының жүлдегерлері.

Спортшыларымыздың бұдан да биіктерді бағындыратындарына сеніміміз мол. Өйткені олардың жеңістерге жетуіне мектебімізде заман талаптарына сай жағдайлар жасалған.

– Бабы келісіп тұрса, биіктерді бағындыратыны сөзсіз. Ендеше, Сіз бен Біз жеңісті күндерде жолығайық.

Сұқбаттасқан Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Жеңіс Кәкенұлы, суретші: «ЭКСПО қазақты ұятқа қалдырмаса игі еді»
Мадина Көкенова: «Тәуекелшіл әйелдердің көбісі біздің орталықта босанады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу