Мәдени иммунитеті төмен маргинал жастар көбеймесін десек...

Oinet.kz 02-02-2024 469

Елімізде 3 891 кітапхана болса, оның 79%-і ауылдық жерлерде екен. Алайда ауыл кітапханаларының көпшілігі (60%-тен астамы) ескірген. Айталық Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақасы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды.

Screenshot_6.jpg

Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған сенаторлар осындай деректер келтірді. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергендіктен қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне «қалдық принципімен» қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді. Сондай-ақ сенаторлар елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтінін айтты. «Олардың басым көпшілігі 90-шы жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады. Ауыл спорты туралы айту тіпті қиын. 2 270 елді мекенде (47%) спорттық нысан жоқ. Ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарын пайдалана алмайды», делінген Д.Қыдырәлі, Ә.Бектаев, А.Қапбарова сынды бірқатар сенатор атынан жолданған депутаттық сауалда.

Сенаторлар, сондай-ақ арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтетінін айтады. «Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? «Қазақстан жастары» мекемесінің зерттеуіне сүйенсек, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді», дейді сенаторлар. Осы орайда депутаттар  ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсартуға қашан басымдық берілетінін білгісі келеді. Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс деп есептейді.

ВВС: Ресей Өзбекстанның мақтасынан оқдәрі өндіруде
Босқындар биліктің бас ауруына айналды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу