Босқындар биліктің бас ауруына айналды
АҚШ Мексикамен арадағы шекарада бұрын-соңды болмаған миграциялық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Елдің Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәлімдеуінше, қазір Америкаға пана іздеп барған босқындар саны 3 миллионға жеткен. Ал, Сенат осы көші-қонға қатысты заң жобасын әлі қабылдай алмай жатыр.
Қазір АҚШ-қа Мексика шекарасы арқылы заңсыз келушілердің қарасында қисап жоқ. Ірі шаһарларда көше кезген босқындарды көптеп кездестіруге болады. Үйсіз-күйсіз әр бұрышты паналаған мигранттар қала ресурстарына салмақ салып, биліктің бас ауруына айналған. АҚШ-тың қазіргі Президенті Байден билікке келгелі бері елдегі кеден және шекара қызметі оңтүстік шекарадан 6 миллионнан астам заңсыз өту дерегін анықтаған. Ал, былтыр 800 мың босқын паналауға өтініш берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 63 пайызға артық. Олардың ішінде өз елінде қудалауға ұшырап, пана іздегендер де, америкалық арман жетелеп шекараны заңсыз кесіп өткендер де бар. Harvard-тың қаңтар айында жүргізген сауалнамасы көрсеткендей, сайлаушылар, оның ішінде демократтардың 50 пайызы шекарадағы жүйені қатаңдату керек деп санайды. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонның мәлімдеуінше, Техастан Нью-Йорк және басқа қалаларға қарай заңсыз босқындардың ағылуы елдегі жағдайды шиеленістіріп барады. Кейбір мекендерде оқушылар cабақты онлайн оқуға мәжбүр. Себебі мектептерде босқындар түнейді. Сондай-ақ спикер соғыс ардагерлерін де қарттар үйінен шығарып, бұл орындарды мигранттардың панасына айналдырып жатқанын айтады. Босқындар дағдарысынан АҚШ 2006 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің қосымша күштері мен шекарашылардың санын арттыруға мәжбүр. Өткен айдың соңында Сенат жаңа иммиграциялық заң жобасын қабылдауы керек еді. Бірақ, Жоғарғы палата оны әлі талқылауға кіріспеген. Ахуалды АҚШ Жоғарғы сотының Техас билігінің Мексикамен шекараны сым темірлермен қоршауын заңға қайшы деп, алып тастау туралы шешім шығаруы ушықтыра түсті. Штат губернаторы Грег Эбботт бұған босқындарға басқыншылық шараларын жариялау арқылы жауап берді. Ол федералды билік шекараны қорғай алмаған кезде штат өз саясатын жүзеге асыратынын ашық айтты. Елдегі 25 штаттың республикашыл губернаторлары Техас билігін қолдап, Байден әкімшілігін заңсыз көші-қонмен күресуге дайын емес деп айыптады. Тіпті Флорида губернаторы Рон Десантис Техасқа штаттың ұлттық гвардиясының мыңға жуық әскерін жіберетінін жариялады.
Германия билігі де елге заңсыз келіп жатқан мигранттар санын шектеу үшін кешенді шаралар қабылдай бастады. Мысалы, Польша, Швейцария және Чехиямен шекараға кедендік бақылау енгізді. Бұдан бөлек, енді пана сұрап келген мигранттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек азайтылмақ. Бүгінде Германияда 3 миллионнан астам босқын өмір сүріп жатыр. Еуропаның бірде-бір елінде мұнша мигрант жоқ. Осыған қарамастан бұл мемлекетке ағылған босқындар нөпірі толастамай отыр.