Аягүл Мантай, жазушы: «Шын ақын-жазушы - ары мен ұятының тұтқыны»

Oinet.kz 11-07-2019 2169

Screenshot_6.jpg

Аягүл Мантай, жазушы

 – Сіздің Ресейде тұрақтап қалуыңызға не себеп болды? Біз, оқырмандар қауымы  сізді Мәскеуде  магистратураны тәмамдаған соң, елге қайта оралады деп ойлап едік. Мәскеуде қалу сіздің өз шешіміңіз бе, әлде қандай да біз білмейтін факторлар әсер етті ме?

 – Мәскеуге, Ресей Халықтар достығы университетіне оқуға түскен соң, «магистратураны бітіріп, елге оралып, университетте әлем әдебиетінен дәріс оқимын» деп ойлағам.  Ресей халықтар достығы университетінің магистратурасына ресейліктермен бірдей емтихан тапсырып, өз күшіммен оқуға түстім. Университетті бітірген соң, білімімді әрі қарай жетілдіргім келді. Қазір  өзім жоғары бағалайтын мәскеулік әдебиеттанушылардың лекциясына қатысып, шығармашылығымды дамыту үстіндемін. Шынымды айтсам, елде жүрген соңғы жылдары жұмыссыз жүрдім. Бірақ жұмыссыз екенмін деп қарап отырмай, тапсырыспен актерлер мен режиссерлердің кітабын жаздым. Елге барғанда менің білімім мен потенциалым біздің қоғамға керек пе? Өзіме осы сұрақты жиі қоям. Бірақ жауабын таппай қиналам... Шынымды айтсам, «елге оралсам тағы да жұмыссыз қалам ба?» деген бойымда  қорқыныш бар...  

Ал Мәскеу – үлкен мегаполис, жұмыстан шығып қалсаң, тез жұмыс тауып алуға болады. Сосын мұнда біздегідей жұмысқа туған-туысты, жекжат-жұрағатты, рулас іні-қарындасты тарту деген жоқ. Адамды қабілет-қарымына  қарай бағалайды. Байқағаным, шығармашылық одақтарда біздің елдегідей  «бөліп ал да, билей бер» деген ұғым жоқ,  бәсекелестікке қабілетті адамдар ғана жұмыста қалады. Біздің елде басқасын айтпағанда, журналистиканың өзі тамыр-таныстық болып кетті.

– Бүгінде сұхбат беретін екі ақын, екі жазушының бірі «жыламсырап» сұхбат береді. Мемлекет әдебиетке, шығармашылық адамдарына көңіл бөлмейді, кітап өте аз таралыммен шығады, тағысын тағы. Осы себепті, ақын-жазушылармен болатын сұхбат жаттанды болғасын одан дәм кете бастады. Сіз 2014  жылы 30 қыркүйекте фейсбук парақшаңызда осыған байланысты: «Ал біздің даусымызға көзі көргенмен – құлағы керең, құлағы естігенмен – көзі соқыр қоғамымыз селк етпейді. Бәлкім, біздің даусымызда сенімділіктен гөрі «діріл» басым ба? Замандастарымның үніне құлақ түрсем көбіне жыламсыраған дауыс естимін» деп жазыпсыз. Жалпы неге қазақ әдебиеті «жылауық» болып барады? Неге шетел әдебиетіндей қайтпас, қайсар емес?

– Шынымды айтсам, әдебиеттегі өте оптимист адамдардың шығармашылығын қабылдай алмаймын. Себебі, олар да жасандылық пен жалғандық басым. Отаншылдық сезіммен гөрі жалған ұран басым. Бізде соңғы кезде өте оптимист және ақын-жазушылардың бәрін оптимист болуға шақыратын ақындар пайда болды. Олар әдебиетте құбылыс болуды армандайды, өкінішке орай,  ешқашан құбылыс туғыза алмайды. Бірақ олар белгілі бір топтың жүйкесінде ақынның не жазушының рөлін ойнай алады. «Мемлекет бізге қамқор болуға тиіс» дейтін  пессимист адамдар біздің қоғамда құндылықтардың өзгеріп кеткенін әлі қабылдай алмайды. Басқасын айтпағанда, әлемде кітап  оқитын халық саны жағынан алдыңғы орында емеспіз.

Егер қазақ әдебиеті жылауық болып бара жатса, бұл ақындардың табиғатымен ғана байланысты емес, қоғаммен де байланысты. Шындық сол: қазақ ақын-жазушылары өздерін қоғамға керек сезінгісі келеді, ал қоғам, билік  оларды керек сезінбейді. Сонда ақын-жазушы не істеу керек? Шын ақын-жазушы – ары мен ұятының тұтқыны. Олар әлдебір өлермендер секілді айқайлай алмайды, шенеуніктерді жағалай алмайды.

Әлем  әдебиетінде де қоғамымен ымыраға келе алмай, депрессияға қатты түскен, тіпті өзін құтқара алмай, құрбандыққа шалып жіберген ақын-жазушы аз емес. Бізден бір өзгешелігі: ағылшын, француз, орыстың танымал  жазушылары капиталистік қоғамда  әдебиеттен пайда тауып, өзін асырап қана қойған жоқ, дәулетті адамға айналды. Он сегіз миллионға жетер-жетпес халқы бар, оның біразы қазақша түсінбейтін халқы бар қазақ әдебиетінің, қазақ ақын-жазушысының жай-күйін жақсы түсінем... 

– Сіз көбіне өз шығармаларыңызға қарапайым оқырман сын айтса, яки мақтаса, қуанады екенсіз. Оны біз сіздің фейсбуктегі жазбаларыңыздағы ойларыңызға  қарап білдік. Сіз шығармаларыңызды оқырманға арнап жазатындайсыз. Оны сіздің тілі жатық, ойы орнықты және түсінікті шығармаларыңызды оқып, аңғардық. Дегенмен, қазіргі таңда оқырман үшін емес, әдебиеттегі аға-көкелері үшін арнап жазатын, сол ағаларына рецензия жаздырып, «менің кітабыма пәленше деген пәлен сыйлықтың лауреаты пікір жазды» деп өздерін керемет санайтын жас ақын-жазушылар легі өсіп келеді. Олардың жазған шығармаларын оқысаңыз, түк түсінбейсіз. Олар көбіне көкпен сырласып, Тәңірінің миссиясын орындау үшін жүргендерін айтады. Біздің әдебиетке  мұндай пафос керек пе? Шетел әдебиетінде  мұндай пафос бар ма?

– Абылай, мен де ет пен сүйектен жаралған пендемін ғой, бұрын біреу шығармашылығым туралы мақтаса – қуанатын едім, сынаса – ренжіп қалатынмын. Қазір ешқандай эмоция жоқ. Мақтап жатса да, сынап жатса да, селк етпеймін. Ештеңеге қуанбау, ештеңеге ренжімеу, бәлкім, жақсы емес шығар... білмеймін... Бірақ бір білерім: мен де самокритика бар. Өзімді өзім сынаған  секілді ешкім де мені сынай  алмайды. Өзімді ешқашан алдағым келмейді. Сондықтан «рас, оқырман үшін жазамын» деп сізді де алдағым келмейді. Саналы түрде ешкімге  ұнауға тырыспаймын. Алғашқы кітабым шыққан кезде мен де Дулат Исабековке алғысөз жаздырдым. Не үшін жаздырғанымды қазір анық білмеймін. Бәлкім, «мақтаса екен» деген пенделік ойым да болған шығар, үлкен кісіге, беделді кісіге алғысөз жаздыру керек деген түсінік  болған шығар... Бір білерім: ауылдағы кітабымды оқыған кісілер «Дулат Исабеков кітабыңа алғысөз жазыпты ғой» деп таңғалып жатты.

Қазақ әдебиетінде, әдеби ортада пафос көп екені рас, бәлкім, бұл біздің табиғатымызбен де байланысты шығар. Пафосты орыс әдебиетінен де, украин әдебиетінен  де (өзім болған, ақын-жазушыларымен сөйлескен елдің әдебиеттерін айтып отырмын) көруге болады. Бірақ басқаша формада. Мысалы, біздегі пафос «өзімізден өзге жасау» болса, ал украиндар да «орыстың басынғанына деген қарсылық, қорғану», орыс жазушыларында «бәрін билеп-төстегісі келген» пафос.

– Сіз қаталсыз ба? Туындыларыңызды, шығармаларыңызды оқып отырып, кейіпкерлеріңізге жанымыз ашып, кей-кейде көзімізге жас келеді. Неге кейіпкерлеріңізге соншалықты қаталсыз? Өмірде қандай адамсыз?  

– Мен туралы мені жақын білетін адамның айтқаны шындыққа жанасымды еді. Шамаң келсе, Достоевский, Золя секілді кейіпкерлеріңнің  «ішек-қарнын» ақтарып тастап, оқырманның ұйықтап жатқан санасын сілкілегенге не жетсін?!  

...Бұрын Алматының Абай көшесінде көрген екі қолы жоқ жасөспірімді аяп, таң атқанға дейін жылайтынмын... Жалпы мүгедек адамдарды көрсем, қатты аяйтынмын, көпке дейін есімнен шығара алмайтынмын...  Мәскеуде, Павелецкий вокзалының (жалдап тұратын пәтерім осы жерде) қасындағы жерасты жолында отыратын екі аяғы туылғаннан  жоқ әйелге күн сайын тамақ апарамын... Және мұны  сауап жинау үшін, Құдайдан қайтарымы болса екен деп жасамаймын, жасауға тиіс болған соң, жасаймын. (Екі аяғым болғаны үшін өзімді аяғы жоқ адамдардың алдында қарыз сезінем. Екі қолым болғаны үшін қолы жоқ адамдардың алдында өзімді қарыз сезінем. Әрине, ең бірінші Құдайдың алдында өзімді қарыз сезінем.)  Бірақ бұған қарап мені мейірімді адам деп ойлауға болмайды. Өзімді мейірімді адамдардың қатарына қоспаймын. Бір адамды (мысалы, құрбым, досым дейік) жақсы көрсем, қатты жақсы көрем. Сол адам үшін бәрін жасағым келеді. Бірақ көңілім қалса, қатты қалады. Өзімнің жүрегім қатты ауырып отырып, ренішімді жеңе алмасам, ол адамға ренішімді айтып, жүрегін ауыртуым мүмкін. Бірақ бұған қарап мені мейірімсіз деп те ойлауға болмайтын шығар...  Біреудің жүрегін ауыртқанымды сезсем, өзімнің жүрегім қоса ауырады. Егер қате өзімнен екенін сезсем, жасы кішкентай болса да, кешірім сұраймын.

– Қазір әдеби байқаулар жиі ұйымдастырылатын болды. Әдебиетті көтеру мақсатында-мыс. Дегенмен, мұндай байқаулар әдебиетті өсіре ме, әлде өшіре ме? Бұлай деуімізге себеп, мұндай байқауларда «бармақ басты, көз қысты» жайттар көп орын алып жатады. Байқау жас таланттың арынын басып тастап жатады. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Шабытта» қатты көңілім қалған, содан кейін байқауларға қатыспаймын. Біздегі байқаулардың көпшілігінде алдын-ала байқауда кімнің орын алатыны шешіліп қояды. Мен ешкімнің ережесімен ойнағым келмейді. Әдебиетте де, өмірде де өзімнің ережем бар. Мәскеуде тұрып жатқалы байқағаным: біздің елмен салыстырғанда мұнда әдеби байқаулар әлдеқайда әділ өтеді. Әдеби байқау кезінде таныс апа-көке іздеп жүретін, қазылар алқасының үйіне қазы, қымызын көтеріп баратын біздің әдеби ортадан қашан әлемге әйгілі ақын-жазушы шығатынын білмеймін...

Сұхбаттасқан Абылайхан Есімбай,

2017 ж

Ержан Белғозиев, композитор: «Ондатра аулауға әуес едім»
Нұржан Тұтов: «Перденің артына жасырынған періштеге үйлендім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу