Нұржан Тұтов: «Перденің артына жасырынған періштеге үйлендім»
Нұржан Тұтов, актер, пародист:
Мектепті аяқтап, қолыңа аттестат тиген соң алдыңнан үлкен даңғыл жол шығады. Ол әрине – қызығы таусылмайтын студенттік шақ. Мен 2003 жылы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын театр және кино актер мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Төрт жылдың ішінде білім алумен қатар талай жайдарлы да қарбалас күндерді басымнан өткердім. Академияның студенті атанбас бұрын алдымен сынақтан өту үшін қатты дайындалдым. Мектепте орыс сыныбын бітіргесін сынақты қазақ тілінде тапсыру маған сол кезде аздап қиындық тудырды. Әсіресе, тарих пәніне арналған кітапты түгелдей жаттап алғаным есімде. Жаттаудың пайдасы тиіп, бұл пәннен сүрінбей өттім, алайда мамандығыма қатысты пәндерден төрттік бағалар алып қалдым. Дегенмен өнерлі шаңырақта білім алу бұйырыпты.
Қызықтың көкесі жатахқанада болады ғой. Өздеріңізге белгілі актриса Гүлшат Тұтова менің жарым. Екеуміз бір топта оқығанбыз. Арадағы махаббаттың ұшқыны сол студенттік жылдары басталған-ды. Бірде жатақханада жайбарақат отырғанмын. Әлдеқандай бір жұмыспен сөйлесу үшін Гүлшат бөлмеме келді. Біз әңгімелесіп отырғанда коридордан досым Нұрбектің дауысын тани кеттім. Екеуміз бір бөлмеде тұратын едік. Тіке бізге тартып келе жатыр екен. Қызбен бір бөлмеде оңаша отырғасын жаман ойлап қалмасын дедім де Гүлшатты перденің артына жасырып қойдым. Бақытыма қарай перде ұзын әрі қалың еді. Арғы жағында адамның бейнесі мүлдем көрінбейді. Бүлдіріп қойған баладай абыржып тұрсам да досыма ештеңе сездіре қоймадым. Ол жүгіріп келді де: «Нұржан кеттік, кешегі танысқан қыздармен киноға барып қайтайық» деді ойында ештеңе жоқ аңғал досым. Мен сасқалақтап не дерімді білмей қалдым. Себебі сол кезде Гүлшатқа сезімімді білдіріп жүрген едім. Перде жаққа көзімнің қиығын бір салдым да: «Нұрбек, осындайыңды қашан қоясың. Менің бір-ақ жанды жақсы көретінімді білесің ғой. Мені қинама» дедім. Менен мұндай сөздерді күтпеген ол: «Ойбай, кеше өзің емес пе едің, мені сүйрелеп сол қыздармен таныстырған. Аяқ астынан неге молда бола қалдың?» демесі бар ма?! Екі оттың ортасында «өртеніп» тұрғанымда бағанадан бері «жағымсыз» әңгімелерді тыңдап тұрған Гүлшат пердені ысырып, жанымызға жетіп келді. Екеумізге кезек-кезек қарап, не күлерін не жыларын білмей «шутка» деді де бөлмеден шығып кетті. «Не бүлдіргеніңді көрдің бе?» дегендей оған тесірейіп қарадым да қалдым. Ал мынадай тосын сыйға таңырқаған Нұрбектің аузы ашылды да қалды. Дегенмен ертеңіне Гүлшат екеуміз түсініспеушілікті жойып, ақыры перденің артына жасырынған сол періштеге үйлендім емес пе?
Өңкей талантты жастардан құралған шығармашылық орта болғасын біздер үнемі айналамызды таңқалдырып жүретінбіз. Дипломдық жұмыс ретінде сахналаған «Турандот ханшайым» пьессасы көрерменнің есінен кетпес керемет қойылымдардың бірі болды.
Жалпы біздің топ өнер академиясының тарихындағы және ұстазымыз Тұңғышбай Әл-Таразидың «жұлдызды тобы» болды. Себебі топтағы екі-үш жігіттен басқасының барлығы қазір өнер жолында жүр. Мәселен «Бауыржан шоу» театрындағы Қуандық Шәкіржанов, Бақыт Әліпбаева, Алмат Сақатов, Нұрбек Мәдиев, «Терісқақпайдағы» Ұлан Нүсіпәлиев, Қадырғали Көбентаев, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Ерлан Біләлов пен сахна тарландары Дулыға Ақмолда, Шынар Асқарова, Гүлшат Тұтова, Дария Жүсіпова, Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрынының әртістері Айнұр Жүгінісова, Боранбай Молдажанов, айтылмаған тағы да басқалар бар, бәріміз бір топтың студенттеріміз.