Жомарт Зейнәбіл: «Біз өнерге жаңа ғасырдың жаңа толқыны болып келдік»

Oinet.kz 10-07-2019 1240

Screenshot_10.jpg

Жомарт Зейнәбіл, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:

Есей Жеңісұлы: Жомарт аға, соңғы кездері қазақ актерлеріне жаңа өріс – сериалдарға түсу мүмкіндігі ашылды. Өзіңізді де бірқатар сериалдардан көріп жүрміз. Бұл өріс сіздердің шығармашылықтарыңызға қалай әсер етіп жатыр?

Жомарт Зейнәбіл: Иә, мен де сериалдарға  түсіп жүрмін. 31 арнадан көрсетілген «Адасқандар» сериалына әуелде түскім келмей, сценарийдің кей тұсына келіспей жүрдім. Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында хан есімдерін орайсыз кіріктіруге қарсылық білдірдім. Өзіме тиесілі эпизодтарда ардақты хандарымыздың атын былғағаным жоқ деп ойлаймын. «Таңдау» сериалында да шағын рөлім бар. «Тікелей эфир» сериалында басты рөлде болғанмын. Дегенмен сериалдарға түсу кәсіпқой актерлер үшін құндылығы аса жоғары нәрсе деп айта алмаймын. Кейде мұқтаждық итермелейді, кейде шақырту түсіп жатқан соң, демалыс уақытында бос отырмауға тырысасың. Сериал кастингтерінің бәрі көктемде өтеді де, жазда түсірілімді бастайды. Қараша, желтоқсанға дейін толық түсіріп бітеді. «Осылардың орнына «Қазақфильм» жоспарлаған фильмдерге түссек, сол сериалдарға бармай-ақ қояр ма едік?» дейміз.

Есей Жеңісұлы: Актер үшін көркем фильмге түсу өз мүмкіндігін танытуға арналған ерекше алаң десек бола ма?

Жомарт Зейнәбіл: Көркем фильмнің деңгейі қанша дегенмен жоғары. Ол жерде жұмыс кәсіби түрде атқарылады. Таза кәсіпқой мамандар жұмыс істейді. Сериалға түсу оның қасында жеңілірек. Онда әр күнге жоспарланған сахналар ертеңге қалдырылмайды, тез-тез атқарылады, кинодағыдай жеріне жеткізіп орындалмайды. Түсірілім барысында актердің киіміне микрофон бекітіледі. Дауыс сол жерде дереу жазылады. Актер дұрыс сөйлей алмай қалса немесе «бару керекпіз», «айту керекпіз» деп қазақ тілінің заңдылығын бұзса, оны түзетуге кейін еш мүмкіндік болмайды. Сериалға түсудің, түсірудің осындай олқы тұстары да бар.

Есей Жеңісұлы: Дегенмен театр сахнасында ойнасаңыз да, фильмге түссеңіз де, сериалдан көрінсеңіз де, бәрібір көрермен ықылас танытпай қоймайды ғой. Осы үш саладағы көрермен ықыласын жеке-жеке салмақтап көресіз бе?

Жомарт Зейнәбіл: Өкінішке қарай деп айтайын, қазіргі ықылас сериалдарға ауып жатыр. Бұл жақсы нәрсе деп айта аламыз ба? Бәрі уақыт еншісіндегі мәселе. 1990 жылдардан, «Изаура күң» сериалы көрсетілген кезден бастап алсақ, көрерменнің санасы сериал көруге әбден дағдыланып алды. Қазір даңғырлаған музыкасымен үнді сериалдары, түрік, корей, тіпті кейбір арналарда филиппин сериалдары көрсетіледі. Неше жыл сыртқы жүрттың «сабынды драмасын» көрген көрермен «енді өзіміздің сериал неге жоқ?» деп сұрай бастады. Сосын өз өнімдеріміз бой көрсетті. Арасында жақсысы да, нашары да бар. Әрине, шақырған жердің бәріне бара бермейміз. «Түсіріп жатқан кім?» деп қараймыз. Сценариіне үңілеміз. Арзан күлкі шақыратын сериалдарға бармауға тырысамыз.

Есей Жеңісұлы: Болашақта, батыстағыдай, сериал актерінің өз танымалдылығы қалыптасатындай кезең бізде де бола ма?

Жомарт Зейнәбіл: Әбден мүмкін. Бізде солай болды да ғой. «Тоғысқан тағдырлар», «Шегіртке» сериалдары қанша жыл бұрын түсірілсе де, онда ойнаған кей актерлер әлі соның дабысымен жүр. Олардың үлкен көркем фильмдерге түсіп жатқаны шамалы. Бірақ сол сериалдардағы аз-кем танымалдылығы бүгін жарнамаға түсіп, басқа да сериалдардан көрініп, нан табуына жетіп жатыр. Біразы тележүргізуші болып жүр. Былай қарап тұрсаң, «Қазафильмде» де өзінің қалыптасқан актерлер құрамы бар. Олар бір фильмнен екіншісіне «көшіп» жүреді. Кастингке барсақ, жақында ғана бір көркем фильмді аяқтаған топтың буы бұрқырап екінші фильм сынағында жүргенін көреміз.

Есей Жеңісұлы: Өзіңіз көркем фильмде ойнауға асығатын образыңыз бар ма?

Жомарт Зейнәбіл: Соншалықты армандайтын рөлім жоқ. «Бір Алланың бергені болар» деп күтеміз. «Осындай сценарий жазылса, онда мынадай образ ашылса» деп белгілі режиссерлерге ұсыныс жасағанымыз да жоқ. Оның үстіне, әлі де көркем фильмнің дәмін көп татып үлгердім дей алмаймын. Болат Қалымбетовтың «Сардар» фильмінде Басым батырдың рөлін ойнадым. Оның алдында студент шағымда ойнаған шағын рөлдерім болды.

Есей Жеңісұлы: А.Әшімов, Т.Жаманқұлов, т.б. актерлер кезінде театр сахнасында да, кино әлемінде де үлкен образдар жасады. Сіздер де елуге таяп қалдыңыздар. Өздеріңіздің нағыз актерлік әлеуеттеріңіз танылатын шақта кино әлеміндегі өліара кезеңге тап келіп қалған жоқсыздар ма?

Жомарт Зейнәбіл: Біз өзімізді жаңа заманның жаңа буыны деп есептедік. Асанәлі ағамыздың заманы бір буын, Тұңғышбай, Құман, Досқан ағаларымыздың заманы бір буын деп қарастырсақ, біз де өзімізді жаңа ғасырдың легі деп санадық. Өзімізге солай күш-жігер, оптимизм сыйлап өнерге келдік. 1990 жылы оқуға түстік. Азық-түлікті талонмен алатын кездер еді. Бірақ шындығында да, кино мәселесінде біз аумалы-төкпелі, өліара шаққа тура келгендейміз. Өйткені, бұл кезде кәсіпқой актерлерді театрдан шақыратын режиссерлердің дені кетіп, көшедегі көлденең көк аттыны жетелеп келіп киноға түсіретін режиссерлердің қалыптасқан кезі еді. Өздерін «жаңа толқын» деп атаған, Мәскеуден, Сергей Соловьевтен оқып келген режиссерлер солай істеді. Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Әмір

Қарақұловтар сондай тенденцияға бой ұрды. Бірақ олардың барлығы бірдей кәсіпқой артистерге теріс қарап кетті дей алмаймын. Ардақ Әмірқұлов сол кезде «Отырардың күйреуін» түсіріп жатты. Оның артынша «Жас Абайды» түсірді. Бәрінде кәсіпқой актерлер ойнады. Талғат Теменов «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміне Нұржұман Ықтымбаев, Гүлжамал Қазақбаева бастаған шеберлерді шақырды. Ал өзгелері бір-екі сынақтан кейін «маған мұндай театральщина керек емес» деп кәсіпқой актерлерден ашық түрде бас тартып жататын. «Кәдімгідей өмір сүретін адамдар қажет» дегеніне кейін қарасаң, көшеден шақырылған кездейсоқ адамдар негізгі рөлдерде жүретін. Сосын олардың фильмдері «шеттегі бәлен деген фестивальден орын алыпты» деп дүңкілдеп жататын. Көрерменге жол тартқанын да көрмейсің. 1990-2000 жылдар аралығы шынында да кәсіпқой актерлер үшін өліара кезең болды.

Есей Жеңісұлы: Сол режиссерлер қашқақтаған «театральщина» шынында да көркем фильмге керек пе?

Жомарт Зейнәбіл: Көркем фильм режиссерлерінің театрлық ойнау үлгісінен неге сонша қашқақтайтынын түсіне бермеймін. Кезінде Шәкен Айманов неге одан қорықпаған? Сұлтан Қожықов неге жасқанбады? «Қыз Жібек» фильмінде «театральщина» жоқ па? Бәрі тек кино тілімен ойнап жатыр ма? Кененбай Қожабеков қаққан қазықтай тік отырып, нық-нық сөйлеген эпизодта қандай олқылық бар? Ыдырыс Ноғайбаев сомдаған образ қандай?! Орыс актерлері мен режиссерлері неге «театральщинадан» қорықпайды? Евгений Мироновтың, Сергей Безруковтың театр мен киноны қабыстырып жүргені неге үлгі емес? Голливуд жұлдыздары Аль Пачино мен Роберт де Ниро сұхбаттарында режиссер М.Чеховтың жүйесімен жұмыс істейтінін айтады. Тағы біреуі Станиславский жолымен жүретінін айтады. Ал сол Чехов те, Станиславский де, Немирович-Данченко да – театр режиссерлері. Орыс театр мәдениетін қалыптастырып, әлемге жол сілтеген тұлғалар. Аль Пачиноның камераны тесіп жіберердей өткір көзқарасы, монологтары – таза театр. Олар неге қорықпайды?

Есей Жеңісұлы: Дегенмен қанша фильмге, болмаса сериалға түссеңіз де, сіз үшін театрдың орны бөлек қой?

Жомарт Зейнәбіл: Әрине. Қанша жерден танымалдылықтың шегіне жетсек те, айналып келгенде, театр сахнасында төккен терің, қиналып жасап шыққан образың бәрібір ерекше. Премьерадан кейін көрермен алдына 5-6 минут шығып тұрып бас игенің, ду қол шапалақтаған құрметке ие болуың шығармашылықтың барлық бақытынан биік. Шетелде де таза театр актерлері киноға басыбүтін кетіп қалмайды. Мысалы, кино өнерінің шыңына шыққан Жан Поль Бельмондо алпысқа таяғанда театрға оралды, киноға түсуді доғарды.

Есей Жеңісұлы: Сіз қазір қандай рөлдерге дайындалып жүрсіз?

Жомарт Зейнәбіл: Қазір ашып айту қиын. Театрымызда «Жас Абай» спектаклі қойылатын болды. Қандай рөл бұйырады, бұйыра ма, бұйырмай ма, әлі жұмбақ. Бұйырып жатса, жақсы ойнап шығуға тырысамыз. Сомдармыз деп айтқым келмейді. Актерлердің кейбірі «мынадай образды сомдадым» деп жатады. Оның сомдағанын өзі емес, басқа адам айтуы керек сияқты.

Есей Жеңісұлы: Осыған дейінгі рөлдеріңіздің ішінде «актерлік мүмкіндігімді толық таныта алдым-ау» дейтініңіз бар ма? Маған, мысалы, сіздің Тағаныңыз (О.Бөкейдің «Атау-кере» драмасындағы кейіпкер) ұнайды.

Жомарт Зейнәбіл: Керісінше, сол Тағанда мен өзімді толық таныта алмағандаймын. Ол рөлге үш адам үміткер болдық. Әуелде Ержан екеуміз кезек ойнадық. Режиссер Нұрқанат Жақыпбай ағамыз жас кезінен осы кейіпкерді ойнауды армандапты. «Мына Таған – менің өзім» деп отыратын. Бізге ойнатып қойып қарап отыра алмады немесе бізден шықпай жатқанына шыдап отыра алмады, әйтеуір, соңында өзі де сахнаға шығып кетті ғой. Өзім де іштей мойындаймын, көп жерінде сол Нұрқанат ағаның ойынын қайталап шыққандай болып тұрамын. Ал өзіме өзімді дәлелдеген рөлім – «Қорқыттың көріндегі» Қорқыт. Бұл рөл табысталған күннен-ақ мен басқа әлемге ендім, үйде де, театрда да үнемі өз-өзіммен жұмыс істедім. Станиславкийдің «актердің өз-өзімен жұмыс істеу» дегенін анық түсіндім. Осы образ арқылы ең алдымен өзімнің, сосын режиссерлер мен ұжымның маған деген көзқарасын аздап болса да өзгерттім деп ойлаймын. Содан кейін Махамбет образы бұйырды. Сәл асығыстау, конкурс алдында дайындалған қойылым болғандықтан, бір қайнауы жетпей қалған сияқты көрінеді. Дегенмен ол спектакль байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Қорқыттан кейін шалқып ойнаған рөлім – «Қыз жиырмаға толғанда» пьесасында Ғайыпберген образы. Барымды салдым, құлашымды кең жая ойнаған кейіпкерім болды. Осындай үлкенді-кішілі, өзің емін-еркін ойнайтын рөлдер болады. Қазір «қоржынымда» Әкім Таразидің «Жақсы кісі» пьесасындағы Мұнтаз рөлі бар. 6-7 сыныпта оқып жүргенде теледидардан көрген спектаклім еді. Сол кезде Мұнтаз рөлін Мәкіл Құланбаев ойнайтын. Жүрегімде ерекше қалған образ өзі. Дайындық кезінде режиссер Жанат Хаджиевке «мына тұсында Мәкіл аға былай ойнайтын еді, мынадай сөзі бар еді» десем, «қайдан білесің?» деп таң қалады. Бала шақта көргенімді айтамын. Т.Ахтановтың «Ант» спектакліндегі Әбілқайыр рөлі де оңай емес. Ақ өлеңге құрылған диалогты иіріміне келтіріп айту, хан бейнесін, оның сұсы мен сесін келтіру үшін барымды салып жүрмін.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 2016 ж

Ақмарал Леубаева: «Біздер жайлы аңыздардың бәрі мұң...»
Ермахан Шайхыұлы: «Қазақ боп туғаныма қуанамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу