Нұржан Тұрсынбай: «Терроризм мен экстремизм – үрей мен іріткі салу жолы»
Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығының» басты мақсаты – қоғамдағы саяси ахуал бойынша халық арасында мемлекеттік идеологияны түсіндіру болып табылады. Орталықтың атқаратын міндеттерінің бірі – жастар арасында теріс ұғымдар, түрлі көзқарастар мен саналуан көзқарастар мәселесінде дұрыс шешім табуға көмектесіп, ұлттық әдепке шетін экстремизм мен терроризмнің белгілерінің алдын алу, кереғар ағымдар мен секталардың зиянды іс-әрекеттері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп бару деуге болады.
Оқырмандар назарына осы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» директоры, белгілі исламтанушы Нұржан Тұрсынбаймен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. Әңгіме басында Нұржан Арыстанбекұлынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы жалпы діни ахуалға қысқаша сипаттама бере кетуін сұрадық.
- Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты деуге болады. Әрине, діни ахуал тұрақты деп қолды жайып отыра беруге де болмайды. Халық арасында ақпараттық-танымдық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. Бұны айтып отырған себебім, еліміздің 15-17 пайыз халқы біздің облысымызда тұрады, сол тұрғындардың 90 пайызы ислам дінін ұстанады. Ал сол мұсылмандардың ішінде қазіргі таңда ислам атын жамылған неше түрлі топтар жұмыс жасап жатқандығы жасырын емес. Сондықтан халықтың руханиаты мен салт-дәстүріне негізделген Әбу Ханифа мазхабының құндылықтарын кеңінен насихаттауымыз қажет.
- Қазақтар о бастан Ханафи мазһабын ұстанады. Осы Ханафи мазһабынан басқа мазхабтарды ұстанатын қандастармыз бар. Бұл еліктеушілік пе әлде саналы таңдау ма? Бір ұлт өкілдерінің түрлі мазһабтарда болуының астарында қандай себептер бар? Ата-бабаларымыз ұстанып келген жол кейбір қандастарымыздың тақиясына неге тарлық етеді?
- Рас айтасыз біздің еліміз VІІІ-ІХ-Х ғасырлардан бастап ислам дінінің рухани құндылықтарынан нәр алып келеді. Соның ішінде біздің ата-бабаларымыздың және біздің таңдаған бағытымыз - Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабы болып есептеледі. Бұл жолды ұлы жол деп айтуға болады. Терең, жан-жақты дәлелдерге сүйенген бағыт деп білеміз. Бүкіл жер шарындағы мұсылман ғалымдары Ханафи мазхабын және оның негізін салушы Әбу Ханифаны ерекше құрмет тұтады. Ханафи ғалымдарының кітаптары мен дәлелдерінің бір-біріне қарама-қайшы келетін жері жоқ.
Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, қазіргі таңда Ханафи мазхабы жайлы тек мешіт айналасындағылар ғана біледі деуге болады. Ал мешіттен тыс Ханафи мазхабы жайлы мағлұматты тиісті деңгейде білмейтіні жасырын емес. Сондықтан айтулы шығармаларды жеңіл етіп аударып, халыққа ыңғайлы, ұғынықты тілде жазып, таратуымыз керек. Қазіргі таңда жастар интернет пен әлеуметтік желілерден белгісіз ұстаздардың уағыздарынан дәріс алып, рұқсаты жоқ сайттарға кіріп өздерінің рухани әлеміне фундаментализмнің іргесін қалауда. Осылай жастар «біз саналы түрде дұрыс таңдау жасадық» деген пікірге келеді. Бірақ оларға жауап ретінде айтарымыз Ханафи мазхабына сай тиісті деңгейлік білімі жоқ болғандықтан осы пікірді айтып жатыр. Мазхаб деген «белгілі бір сара жолда» дегенді білдіреді. Қәзіргі біздің қоғамға бір мазхаб, бір жолда болуымыз маңызды деп айтқым келеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында қандай исламға қатысты дәстүрлі емес ағымдар бар? Сол ағымдардың ұстанған жолы мен түпкі мақсат-мүддесі жайлы әңгімелеп берсеңіз.
Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында исламға қатысты дәстүрлі емес ағымдарды жоқ деп айта алмаймыз. Олар: таблиғи жамағаты, сәләфиміз деп көкірек соғып, кереғар жолды ұстанған топтар, сопылықтың ішінде тарихатты ұстанушы Исматуллашылар және тағы басқалары бар.
Егер Пайғамбарымыздың с.а.с. хадистеріне сүйенетін болсақ бүкіл исламды тарату жолында өзін «мен таблиғшымын», «мен сопымын», немесе «мен сәләфимін» деп айтпағандығын көреміз. Ал Пайғамбарымыз с.а.с. айтпаған сөздерін шариғатқа да, адамзатқа да қарсы ұғым екендігін білуіміз керек. Сондықтан да өздерін белгілі «бір топтың мүшесіміз» деп айтуына қарсымын және олар қоғам үшін де қауіпті.
- «Терроризм», «діни экстремизм» деген саяси болмыс әлемдік геосаясат пен жеке елдердің мемлекеттік саясатының күнтәртібінен түспейтін атышулы мәселеге айналды. Бұл мәселе жайлы көп айтылады, бірақ оның мән-мазмұнын көпшілік түсіне бермейтін сияқты. Осы терроризм мен діни экстремизмнің жеке тұлғаға, мысалы ауылдағы қазақтың өміріне қандай қатысы, қандай ықпалы бар, ол атап айтқанда несімен қауіпті, қатардағы азамат, қауымның қарапайым мүшесі осы мәселеге орай неден сақтанып, нені қолдап, қандай әрекеттерден тыйылуы керек? Осы мәселеге тоқталып өтсеңіз.
- Расында терроризм мен экстремизм сөздерінің өзі терең үңіліп қарасақ қоғамға іріткі салатын, айнытатын топтардың іс-қимылы деуге болады. Екеуінің де мағыналары бір-біріне өте жақын. Ал ислам ешқашан шектен шығу мен адамдарды азаптауға жол бермейді. Яғни исламда шектен шығушылыққа қатаң тыйым салынады. Пайғамбарымыздың хадистеріне үңілетін болсақ, «діннен шектен шықпаңдар, сендерден де алдыңғылар Иса пайғамбарды Құдай дәрежесіне көтеріп, шектен шығып, діндері де өздері де маңыздылығын жоғалтты» дейді. Сондықтан да ислам әрқашанда ақылға сиятын мәселелерді қолдайды. Ал діни экстремизм мен терроризмді осы уақытқа дейін ислам дінінен бөлек деп білсек, қазір осы сөздерді қосып айту үрдіске айналды. Шынтуайтуына келгенде, біз дін мен экстремизм сөздерін үйлестіре алмаймыз. Бұл терминдер бір-біріне мүлдем жат десек қателеспейміз.
Ал енді өзіңіз айтқандай ауылдағы қарапайым қазақ терроризм мен экстремизмнен хабарсыз болуы әбден мүмкін. Өйткені қарапайым адамдар дін мен үрейді бірге елестете алмайтындығы анық. Бұл дегеніміз әрбір адам «дін дегенде жақсылықтың нышаны бар» деп бағалап құрметтеген. Ал сол жақсылықты бетперде етіп, қоғамға, жалпы адамзат баласына теріс зардаптарын тигізіп жүрген топтар да жоқ емес. Сол үшін де жоғарыда айтқанымыздай ақпараттық технологиялардың заманында біз де дәстүрлі құндылықтарды сонау ауыл тұрғындарынан бастап, қала халқына дейін дәріптеп түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет. Бұның өзі кез-келген аралықтағы топтардың жетегінде кетіп қалмаудың алдын алатындығына мен кәміл сенемін.
Ал жастарға кітаптар мен әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде сілтемесі жоқ ақпараттардан сақтануын маман ретінде ұсынар едім. Осы орайда біздің орталық қоғам талабы мен сұранысын ескеріп, осы 2015 жылдың өзінде кереғар ағымдардан сақтандыру мақсатында 10000 дана аудио және видео дискілер мен 30000 дана анықтамалық-сараптамалық кітаптар мен кітапшалар басып шығарып, кездесулерде халыққа тегін таратуда. Әлеуметтік желілердің өзінде арнайы ақпарат көздерінен, ал күнделікті тұрмыста - ҚМДБ-ның өкілдері мен теолог-дінтанушылардан ақыл-кеңес алып отырғаны дұрыс.
- Бүгінде Америка бастап, Батыс елдері мен араб мемлекеттерінің біразы қоштап, «Ислам мемлекеті» атты ұйымға қарсы тұтас бір коалиция, кең ауқымды майдан құрды. Батыстың геостратегтері «кезінде коммунизм мен фашизмге қарсы қалай күрессек, саяси исламға – өмірге шариғат заңдарын ендіреміз, Халифат үлгісіндегі Ислам мемлекетін құрамыз деген түрлі ұйымдарға қарсы солай күресуіміз керек» дейді. Бұл терроризм мен экстремизмге қарсы күрес пе, әлде христиан әлемі мен мұсылман өркениеті арасындағы жаңа соғыс па?
- Шынында да қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан топтармен біргелікте күресуіміз қажет. Сирия мемлекеті аумағында құрылып жатқан Ислам мемлекетіне мен осы саланың маманы ретінде қарсымын. Шариғатта «ижма»-деген ұғым бар. Бұл ұғым - мейлі саяси, мейлі діни мәселелерді болсын - діни ғалымдар жиналып шешім шығаруын білдіреді. Ал қазірде әлемде ешбір мемлекет те, ешбір ислам ғалымдары да бұл аталған мемлекетті қолдамайды. Сондықтан біз негізі жоқ ұйымдармен күресу, сол идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру үшін білімді жастарымызды діни тұрғыдан сауаттандырып отыруымыз қажет. Елбасымыз «кереғар ағымдармен күрес өзіміздің дәстүрлі ислам дінімізге қарсы күреске айналып кетпесін» деп атап өткеніндей, біз дінмен емес сол дінді теріс етіп көрсеткісі келетін адамдармен күресуіміз керек.
Мен бұл жерде ислам әлемі мен христиан әлемінің арасындағы соғысты көріп отырғаным жоқ. Өйткені байланыстыруға келмейді. Себебі, Құран Кәрімде Алла адам баласын бейбітшілік алаңына шақырады. Жалпы барша адамзат баласына жақсылықтар жасау міндеттері жүктелген деп білеміз. Ал озбырлық пен қиянат - ол діннен емес.
- Өзбекстан мұсылмандары діни Басқармасының бұрынғы төрағасы, экс-муфти, марқұм Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф мырза «Хизбут тахрир» мен «уаһабилерге қарсы ағарту, үгіт-насихат жолымен күресу керек, оларға қарсы мемлекеттік репрессивтік шаралар жағдайды ушықтыра түседі, жаһлиятқа қарсы мағрифат жолымен күресу керек» дейтін. Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығының» осы мәселе тұрғысындағы ұстанымы қандай?
- Сіз айтып отырған «Хизбут тахрир» және сәләфилік ағымдарымен күресу әлемде тек Қазақстанда ғана жүріп жатқан жоқ. Ол барша мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың ортақ мүддесі деп білемін.
Осы мақсатта біз де Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде халықтың діни сауаттылығы мен діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы өз тәжірибемнен айтар болсам, осындай түсіндірме жұмыстары халыққа қажет екендігін сеземін. Себебі халықтың діни сауаттылығын, сол халықтың мәдени құндылықтарын жүйелі түрде дәріптеп жеткізсек, жаңағы сіз айтқан топтардың өздігінен жойылып кетері хақ.
- Құрбан айттың қарсаңында тұрмыз. Оқырмандарымызға тілегіңіз.
- Құрбан айт – бұл ұлы нығмет. Қоғамды ауызбіршілікке алып келетін ұлық мереке. Аш адамдардың қарны тойып қоғамда тепе-теңдік орын алатын күн. Осы күндері бір-бірімізге айттап, «Айт қабыл болсын!» деп айтуымыз, мүмкіндік болса, сый-сыйапат жасауымыз керек. Қоғамда осы айттың шынында да ұлы мереке екенін қалың халық сезінуі тиіс. Міне осы мереке күндері барынша жоғарғы деңгейде өтуіне әрқайсымыз ат салысайық. Осы Құрбан айт мерекесіне ниет еткен құрбандықтарыңызды шалуға, тілектеріңіздің мінсіз орындалуына Алла Тағала жәрдемші болсын!
Еліміз бен Елбасымыз аман болсын! Бейбітшілік пен бірлігіміз артып, Тәуелсіз Қазақстанымыз дамыған 30 елдің қатарына кіруіне Жаратушы Иеміз өзі жар болсын деп тілек білдіремін!
- Сұхбатыңызға рақмет.