Нұран Айымбетов, дизайнер: «Бұрын суретші едім, қазір ғарышкердің ағасымын»

Oinet.kz 17-05-2019 1126

e7d13b75e6953cd346a86b3b898.jpg

Фотода Нұран Айымбетовтың ағасы - Айдын Айымбетов

Суретші-дизайнер Нұран Айымбетовті журналистік орта өте жақсы біледі. Нұран Ырыскелдіұлының баспа саласында, ақпарат құралдарында атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Еліміздегі ең таңдаулы дизайнер ретінде көптеген айтулы жобалардың басы-қасында жүреді. Бірге жұмыс істеп жүргенде: «Ініңіз Айдын ғарышқа қашан ұшады?» – деп жиі сұрайтын едік. Табиғатынан сабырлы Нұрекең «Алла бұйыртса» деп жымиып қоятын. Жақында Айдын бауырымыз ғарышқа самғап, аман-есен оралды. Бірден Нұран ағаны іздеп, әңгімеге тарттық.

Есей Жеңісұлы: Нұран аға, сіз Айдынның әкесінің інісі, яғни, кіші әкесі боласыз ғой?

Нұран Айымбетов: Иә, Айдынның әкесі Ақан – менің туған ағам. Әкеміз Ырыскелдіден Ақан, Мұқан, Нұран, Болат есімді 4 ұл тараймыз. Мұқан ағамыз 27 жасында қайтыс болып кетті. Ағам Ақан өте жігерлі, мықты, білімді, ақылды кісі болды. Кеңес кезінде аянбай еңбек етті. Ол уақта қазіргідей аста-төк дүние жоқ. Қосалқы бөлшектер сатып алып, лампалы радиоларды өзі құрастырып жүретін. Әкесінің осы ізденгіш қасиеті Айдынға да жұқты. Ағамның қолынан кітап түспейтін. Біздің анамыз Фатима сонау 60-70 жылдары «Жұлдыз» журналын қолынан тастамай оқып жүретін-ді. Яғни оқуға, білуге іңкәрлік бізге ана сүтімен дарыған деуімізге болады. Ал Ақан ағамның жары, жеңешем Жұмагүл өте кеңпейіл, көрген-түйгені мол көшелі кісі. Шынымды айтсам, біздің әулетке сіңірген еңбегі үшін жеңгемнің алдында бас исем де артық емес. Ағам мен жеңгем балаларына тамаша тәрбие, өнеге беріп қана қойған жоқ, бізге де көп нәрсе үйретті. 

Есей Жеңісұлы: Айдын қандай бала болды? Басқа балалардан қалай ерекшеленіп тұратын еді?

Нұран Айымбетов: Ағам Ақан төрт перзент сүйді. Үлкені – Айдар, сосын – Айдын, одан кейін Мира есімді қызы бар. Кенжесі – Алимир. Айдын білуге өте құштар бала болды. Бос жүргенін көрген емеспін. Кішкентай күнінен тез ойланып, тез шешім қабылдайтын. Ребус, кроссворд дегендерді шемішкеше шағатын. Айдар екеуі әуелі күреспен айналысты. Қазақша күрестен бастады. Кейін дзюдо, каратэ, самбомен шұғылданып, жан-жақты болып өсті. Балконға кішкентай зертхана жасап, пробиркаларға түрлі қоспалар салып, ізденіп жүретін. Үнемі кішкентай кітапшаға әр нәрсенің анықтамасын жазып, тіпті қай дәрінің қандай ауруға ем екеніне дейін тізбектеп қоятын. Қазір ойлап отырсам, Айдын бала күнінен өзін үлкен іске дайындаған екен. 8 сыныпты бітіргенде Ленинградтағы авиациялық училищеге құжат тапсырғысы келді. Бірақ ата-анасының ақылын тыңдап, орта мектепті бітірген соң ғана арманына жол салуға кірісті. 

Есей Жеңісұлы: Отбасы мүшелерінің ортасында Айдын өзінің ғарышкер болғысы келетінін айтқанда, сіздер қалай қарадыңыздар? Оның арманы орындалатынына сендіңіздер ме?

Нұран Айымбетов: Әуелі Айдынның ағасы Айдар «әскери адам боламын» деп шекара училищесіне оқуға түсті. Ол кезде «Зерде» журналында істейтін едім. Ант қабылдау рәсіміне бардық. Бір жылдан кейін Алматыға Айдын келді. «Ұшқыш болғым келеді» деді. Армавирдегі (Ресей) жоғары әскери училищенің қабылдау емтихандары аймақ бойынша Алматыда өтеді екен. Жақсы тапсырып, оқуға түсіп кетті. Айдар мен Айдын да мектепте өте жақсы оқыды. Әкесінің қызмет бабымен әр жерде оқығандықтан, алтын медаль ала алмады демесеңіз, аттестатында төрттік жоқ. Армавирде де өте жақсы оқыды. Анасына телефон соғып, сабақтарды «автоматпен» тапсырып жатқанын айтып қуантатын. Училищені бітіріп келген соң алдымен Жалғызтөбеде, артыншаЛуговойда, сосын Талдықорғанда авиация саласында жұмыс істеді. Талдықорғанда шені майорға дейін өсті. 

Бір күні Айдын үйге келді. Қасында 5-6 жігіт бар. Бәрі ұшқыш. «Ғарышкерлер отрядына қабылдануға келдік» деп бір комиссиядан өтті. Сосын Талдықорғанға қайтты. Бір айдан кейін Айдын Алматыға жалғыз өзі келді. Алтаудың ішінен жалғыз өзі сынақтан өтіпті. Оның ғарышкерлік жолы осылай басталды. Әу баста оны ешкім сүйреген жоқ, ешкім көмектескен жоқ, өзі ниеттеніп, өзі барып сынақтардан өтіп, осы күнге жетті. Сосын Айдын Мәскеуге кетті. Артынша бала-шағасын алдырды. Ғарышкерлерді арнайы дайындайтын «Жұлдызды қалашықта» 6 жылдай дайындықтан өтті. Толықтай мемлекет қарауында болды.

Жалпы, өзім Айдынның ғарышқа самғауы басына қонған бағы деп есептеймін. Өзіңіз ойлаңызшы, ғарышты армандаған 2 мың адамның ішінен іріктеліп ұшу деген екінің біріне бұйырмайтын несібе ғой. Іріктеудің алғашқы сатыларынан-ақ Айдын Қазақстаннан бірінші нөмірлі үміткер болып тіркелді. Екінші Мұхтар Аймаханов жүрді. 

Есей Жеңісұлы:: Ғарышкерлікке дайындалу оңай болмаған шығар?

Нұран Айымбетов: Иә, Айдын мың түрлі сынақтан абыроймен өтті десем артық емес. Ғарышкер, былайша айтқанда, ғаламат адам болуға тиіс. Мысалы, оларды «жан сақтау мектебінен» өту үшін бір тамшы сусыз шөлге тастаған кездері болды. Өзің су тауып, таңдайыңды жібітуге тиіссің. «Біздің жолымыз болды, су тамбайтын шөлге жаңбыр жауып кетті» деп қалжыңдайтын Айдын. Яғни, ол осындай сынақтардың өзін күле қарсы алды. Ит тұмсығы батпас тайгада бір тал шырпысыз жан сақтау сынағын да артта қалдырды. Теңізге тасталып, жағаға еш көмексіз жүзіп келгенін қазір айтсақ, ертегі сияқты.  

Оның ғарышқа сапары 2009 жылға жоспарланып еді, бүкіләлемдік дағдарыстан ұша алмай қалды. Айдын елге қайтты. Әскери қызметкер болғандықтан, өз саласында жұмысын жалғастыра берді. Көңіл-күйі болмай қайтқанын бәріміз сездік. Оның ғарышқа самғауын қазақ халқы қатты күткен еді. «Енді қашан?» деген сұраққа Айдынның өзі ғана емес, ағасы маған да жауап беру ауыр болды. Елге қайтып келген соң, ол «Қазғарышта» қызмет істеді. Орташа айлықпен күн көрді. «Қазғарыш» басшысы Т.Мұсабаевтың кеңесшісі болды. Басында Астанада пәтер жалдап жүрді. Кейін Қорғаныс министрлігі арқылы Ильинка ауылы жақтан толық бітпеген коттедж берді. Айдын өзі жөндеу жұмыстарын жасап алды. Арқаның қысында көмір жағып, тіршілік кешіп жатты. Бірақ Айдын арманынан бас тартқан жоқ. Кез келген сәтте ұшуға дайын жүрді. Айдынның жолдасы, келінім Лилия азаматын жақсы түсінді.Осынысы үшін де оған қатты ризамын. 

Есей Жеңісұлы:: Айдынның арманы күндердің күні іске асатынына сендіңіздер ме?

Нұран Айымбетов: «Сондай мүмкіндік туындаса екен» деп тілеп жүрдік. 

Өзім мәселені сәл кейін түсіндім. Ғарышқа Қазақстан азаматын ұшыруға қандай да бір мүмкіндік туындай қалса,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, «Қазғарыш» басшысы Талғат Мұсабаев та дайын жүр екен. Биылғы көктемде ғарыш турисі болады делінген Сара Брайтманның ұша алмайтыны белгілі болғанда, Елбасы бастап келіссөздер жүргізіп, дереу Айдынды алдырған. Мұны әуелі ешкім білген жоқ. Демек, ғарышқа ұшатын қазақ ұландарының көші тоқтап қалмауын Елбасыдан бастап, жауапты адамдардың бәрі уайымдап жүрді. Бір күні Шымкенттен достарым телефон соқты. «Интернеттен көрдік, Айдын ғарышқа ұшатын сияқты» дейді. Дереу ініме хабарлассам, телефоны сөндірулі екен. Келінім Лилияға қоңыраулаттым, ол да «қабылдау аймағынан тыс» болды. Бір-екі сағаттан кейін ғана қоңырауымды алды. «Жолдамын, кейін хабарласамын» деді. Кешкісін қала телефонымен хабарласты. «Айтпай қоя тұрайық дедік, Айдынды Мәскеуге алып кетті» деді. Бұл кезде ресми ақпарат әлі айтылған жоқ еді. Кейін Айдынмен сөйлесудің сәті түсті. «Ресми мақұлдауды күтіп отырмыз» деді. Сосын Айдын медкомиссиядан өте бастады. Соңғы комиссияда інімнің ғарышқа ұшуына 40 түрлі маман рұқсатын беріпті. «Қазақ ғарышкері ұшады» деген ақпарат осы кезде айтылды. 

Есей Жеңісұлы:: Айдынды ғарышқа шығарып салуға бардыңыз ба? Қандай күй кештіңіз?

Нұран Айымбетов: Әуелі баруды жоспарладым. Бірақ жеңгеме – Айдынның анасына бірден айттым. «Мен бармай-ақ қояйын. Не жылаймын, не талып қаламын» деп қалжыңдадым. Ақан ағамның әулеті түгел сонда болды. Жеңгем, Айдар, Алимир, Дина, күйеу баламыз Самат, Айдынның өз отбасы – бәрі шығарып салды. Біз үйде теледидардан қарап отырдық. Сәтті көтерілді, сәтті ұшты. Бірақ кейін білдік, жолда Жапонияның 1998 жылы сынып қалған спутнигі ғарыш қоқысы ретінде ұшып жүр екен,соған соқтығысып қала жаздапты. Жерлегілер дереу зымыран траекториясын өзгертіпті. Шынымды айтсам, іштей қорықтым. Сол күні жолдасымның туған күні еді. «Жеңгесінің туған күніне арнап әдейі 2 қыркүйекте ұшты» деп әзілдедік. 

Есей Жеңісұлы: Ғарыштан сізге хабарласты ма?

Нұран Айымбетов: Өзім балық аулауды жақсы көремін. Сондай бір сапардан келе жатыр едім, Айдын телефон соқты. Әуелі Айдар екен деп қалдым. «Айдынмын» дейді. Қиял жетпес кеңістіктен қоңыраулатып тұрғандай, адам біртүрлі күй кешеді екен. Жолдың шетіне шығып тоқтай қалып, армансыз сөйлестік. Айдын қазіргі заманғы байланыстың бар игілігін ғарышта да еркін пайдаланып жүр екен.  

Есей Жеңісұлы: Қонған кезде де қадағалап отырдыңыз ба?

Нұран Айымбетов: Иә, теледидардан көз алған жоқпыз. Қонған кезде капсула жарылған сияқты болды. Қорқып кеттік. Сөйтсек, капсула түбінде арнайы лампа болады екен. Жерге жақындаған сәтте ол белгі беріп, жарылуға тиіс екен, жұмсақ қону үшін әдейі солай істеліпті. Теледидардан байқап отырдық, Айдын қатты әлсіреп қалған сияқты. Өзінен сұрасам, салмақсыздық солай әсер етеді екен. Сегізкөз босаңсып, адам аяғы қатты топыраққа қайта үйренгенше солай болады екен. 

Есей Жеңісұлы: Ініңіздің өз арманына қол жеткізгеніне ризасыз ба?

Нұран Айымбетов: Айдынға мен ғана емес, елдің бәрі риза. Корабль капитаны Сергей Волков Айдынға әріптес ретінде қатты сенгенін сеземін. Мен Айдынды білемін ғой, ол ешқашан ешкімді жерге қаратпайды. Айдынның ғарышқа сапары мұнымен тоқтап қалмайды деп сенемін. Бұйыртса, Айдын ғарышқа тағы бір рет ұшады. Бұрын суретші едім, қазір ғарышкердің ағасы екенімді мақтан тұтамын.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 2015 ж

Меруерт Сүлейменова, журналист: «Төрттік баға үшін журналды жырттым»
Нұржан Тұрсынбай: «Терроризм мен экстремизм – үрей мен іріткі салу жолы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу