Серікзат Дүйсенғазы, ақын: «Ол мен үшін періште еді»

Oinet.kz 04-05-2019 1849

Screenshot_5.jpg

     Менің балалық шағым Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы), Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай деген ауылда өтті. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысқан соң жаз шыға жайлауға шығып кететінбіз. Тарбағатай тауының бір биігі Өкпетімен жалғасып жатқан «Томар» деген жайлау жердің сұлуы. Сол жайлауда тайға мініп, есекке арба жегіп, асыр-салып ойнаған бақытты балалық шағым өттіде кетті. Біз отбасында тоғыз бала едік. Бір ағам сол жайлауда асау аттан құлап мерт болды. Қалған сегізіміз қазір бала-шағамызды өсіріп жатқан жайымыз бар. Жаз жайлауда қызыққа батқан соң күз түсе сабақ басталғасын  ауылға қарай жылжимыз. Әрине жайлаудың қызықтары өз алдына бір бөлек, ал  ауылдың қызықтары бір басқа. Тай жарыс, суға шомылу, асық ойнау, садақ ату, ләңгі тебу, таудан шана тебу, өзенде конькимен сырғанау сияқты барлық ауылдың балалары ойнайтын ойындар біздің ауылда да дүбірлеп жататын. Және әр ойынның өзінің жыл мезгіліне байланысты уақыты болады. Балалық шақ деген адамның бір алаңсыз, уайымсыз кезеңі. Сабақтан кейін ойынға араласқан біздің тамақ ішуге уақытымыз болмаушы еді. Оның бәрі қазір сағыныш қой.

        Мақтанғаным емес, мектепте жақсы оқыдым. Мұғалімдердің айтқанын тез ұғып алып, өзіне қайта дамытып айтып беретінмін. Біз пионер қатарында болған соң «Біз пионер, біз ертеңгі, ерлеріміз ұлыс істің, Орындаймыз оқы деген, өсиетін Ильичтің» деп ұрандайтынбыз. Ол сол кездің саясаты еді ғой. «Оқы» деген сөздің түбі Лениннің емес, Құранның сөзі екенін кейін білдік. Жетпіс жыл рухани жаншылған халықпыз ғой. Бірақ кейде достарыммен бірге «бұзықтық» жасап қоятын кездерім де болды. Әдетте сабақ үлгерімі жақсы балалар момын, оқымысты оқушылармен дос болады ғой. Ал мен сыныптағы «атаман» оқушылармен дос болдым. Сондықтан мектеп басшылығы мені белсенді оқушылардың қатарына қоспайтын. Атамандармен бірге жүрген соң бұзықтыққа араласып кететінім рас еді. Ол кезде пионер, комсомол деген болды. Тәртіп қатал. Түнгі он бірден кейін көшеге шығуға болмайды. Көшеге шықсаң жоғарғы сынып оқушыларынан құрылған арнайы жасақ ұстайды. Біз сол тәртіпті аздап бұзып қоятынбыз. Сондықтан сабағым жақсы болғанымен метепте аса белсенді болдым деп айта алмаймын. Тек оныншы сынып оқып жүргенде айтыс өнеріне араласа бастап,  беделім жоғарылай бастады. 

          Ауыл балаларын жұдырығында ұстайтын  балалармен дос болған соң саған да ешкім тиісе алмайды екен. Сол себепті жасы үлкен жігіттердің таяғын көрмей өстім. Оның үстіне өзімнен үлкен екі ағам болды. Және оғарғы сыныпта қатысқан күресімнің де пайдасы тиді. Неге екенін қайдам  ол кезде ауыл балалары спортпен айналысатындарды қатты сыйлайтын. 

             Біздің заманымыздың балаларының сүйікті ойыны асық еді ғой. Асық кәдімгідей бәсекелі ойын болатын. Ұтып алған асықтарды жинап, ұсақ-түйек қажетті заттарға айырбастайтынбыз. Яғни, бизнестің шағын үлгісі болды десек артық айтқандық емес. Әрине асықтан бөлек  жас шыбықтан садақ иіу, қылыш жасау, ләңгі тебу, қыс түсе шана теуіп жарысу, хоккей ойнау, футбол ойнау деген ойындардың барлығы болды. Әсіресе футболдың ережесін өзіміз бекітіп алатынбыз.  Ойыншының барлығы доптың соңында жүріп, қорғаушы, қақпашы дегендерді қолдана бермейтінімізге қазір қатты таңқаламын.  

        Жасыратыны жоқ, бала болға соң өтірік айттық. Домбыра тарта алатын болға соң мектептің оркестріне қатыстым. Кейде балалықпен ойынды қимай дайындыққа бармай қалатынмын. Ол кезде мектепте апта сайын линейка деген жиналыс болушы еді. Замандастарымның есінде болса мектепте  арнайы «Кірпі» деген сыни қабырға газеті шығарылатын. Яғни бұзықшылық жасаған оқушылардың аты-жөні, суреті ілініп, «масқаралайтын». Соған ілініп қалған кезім де болды. Бірде Жұмабек деген сыныптасым екеуміз ауырып жатырмыз деп бірнеше дайындыққа бармай қойдық. Біздің үйде ойнап отырып терезеден сынып жетекшіміздің үйге қарай келе жатқанын көріп қалдық. Екеуміз екі бұрышқа тығылып, кішкентай ініме олар үйде жоқ деп айт деп далаға шығарып жібердік. Бірақ сынып жетекшіміз үйге кіріп екеуміздің тығылып жатқан жерімізден тауып алды. Сөйтсек сыртта жүрген әжем ол екеуі үйде ойнап отырған деп өтірігіміздің бетін ашып берген. Сонда мұғалімнің алдында масқара болып, қатты ұялғанымыз бар.

            Балалық шақ дегенде алғашқы махаббатты ескеа лмай кету мүмкін бе?! Мектепте бір қызға қатты ғашық болдым. Сабақ бойы ол отырған жақтан көз алмай қараушы едім. Қазіргі қыз-жігіттердің арасындағыдай ашық сөйлесу деген қайдан болсын. Тек сыртынан дос болайық деп хат жазасың. Және ол хатыңа міндетті түрде жоқ деген жауап аласың. Алайда біз үшін соның өзі жеткілікті болды. Кейде сол ғашық болған қызым тамақ ішеді ме екен деп ойлайтынмын. Ол мен үшін барлық нәрседен ада бір періште сияқты еді. Ол сезім енді қайтып оралмайтын тас бұлақтай мөлдір, таза пейілдің көрінісі еді. Қазір сол заманға да зар болып қалдық.

             Бала күнгі арманым жазушы болу еді. Әкемнің туыс ағасы Ерғазы Рахимов деген жазушы болды. Сол кісімен бірге біздің үйге Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов бастаған жазушылар келіп жататын. Ол кездегі жазушының беделі деген сұмдық болды ғой. Кітаптары жүз мыңдаған тиражбен тарайды. Оларды танымайтын адам жоқ. Соны көріп бала қиялым оянатын. Қазір шүкір, жазушы болмасам да, қолында қаламы барлардың қатарындамын. Бала арманым орындалған сияқты.

Мұрағаттан, 2015 ж

Алмас Мұстафа, шебер: «Жаһандануға ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аламыз»
Руслан Нұрбай, ақын: «Қазір бөлінгенді бәрі жейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу