Алмас Мұстафа, шебер: «Жаһандануға ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аламыз»

Oinet.kz 01-05-2019 1625

505b19762cc7fb353d3bcf63c5554080.jpg

«Дала сазы» кәсіби мамандарға арналған ұлттық саз аспаптарын өндіру шеберханасының директоры, қолөнер шебері Алмас Мұстафаның қолөнер туралы ойлары сүйсінтті. Жас шебердің жоспары да, ойлағаны да көп.

Рейтинг: Шебер болу қазір қажет өнер ме? Заманның адамы ете ала ма?

Алмас Мұстафа: Оқуға түскенде эмоциямен келдік. «Суретші боламыз» дедік. Шындығында, бұл – Қазақстанның болашақ дамуына керек өнер. Бізде отырықшылық өнердің көп саласы дамымаған. Азия халықтары қолөнерге ерекше жақын. Табиғатпен үнемі байланыста, ауа райы да қолайлы, ағаштың түр-түрі өседі дегендей. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қолөнерді ерекше дамытты, әуелі күнкөріс көзі болса, қазір табыс көзіне де айналдырып алды. Отырықшылықтың арқасында бес жүз, тіпті мың жыл бойы қолөнері дамыды. Ал бүкіл түркіге ортақ қолөнердің негізгі ошағы, тамыр жайған жері – біздің Ұлы Дала. Осы Ұлы Даладан бүкіл Еуразия кеңістігіне тарады. Мысалы, қазір Қытайдың мәдениеті болып отырған ою-өрнегі, қолөнері біздің үйсін, ғұндардан ауысты. Олар бұл ақпаратты қанша құпия сақтағанмен, ХХІ ғасырда оны жасырып ұстау мүмкін емес. Қытайлардың басты артықшылығы – қолөнер мәдениетін үйсіндерден сіңіріп алған соң, отырықшы халық ретінде өзіне икемдеп, ары қарай дамытып жіберді. Бір қарағанда, сол халықтың өзіне ғана тән өнер сияқты қабылданады. Осы тақырыпты біраз зерттеп, Қытайдың өзі ішінде жарық көрген кітаптарды көптеп алдырдым. Бәрібір осы өнердің қайнар көзі ежелгі СКИФ, сақ, үйсіндерде екенін олар мойындайды. Қару-жарақ, сауыт-саймандарының барлығы дерлік – ғұндардан. Кілем тігу өнерін алайық.  Бір кездегі бастауы бізде еді, гобелен болып батысқа барып, таңсық дүние болып өзімізге оралып жатыр. Бас киімнің неше түрі, арба, ат әбзелдері... Осы саланың бәрі біздің елде жақсы дамып келді де, ХІХ ғасырдың соңына қарай жүрген ұлтсыздандыру саясаты кезінде әуелі қолөнер жойылды. Арнайы тонаушылар жасағы сақ қорғандарын тонады. Қазіргі табылып жатқандары – жұрнақтары ғана. Соның өзінде қаншама Алтын адам табылып жатыр! Біз үлкен, бай мәдениеттің үстінде отырмыз. Тарихи жадымыз өшкен жоқ, біраз уақыт тоқырап қалды. Бірақ бәрібір қанмен берілді, бүгінгі күнге жетті. Өзімнің ата-бабам қолөнермен айналыспаған, маған бұл өнер түп нағашыларымнан жұқты. Солар жеті атасынан келе жатқан зергерлер еді. Қазіргі бетбұрысымыз – шағын ғана кәсіп жүргізіп, күнкөріс жасау емес, жүйелі, келер ұрпаққа мағыналы дүниелер қалдырау. Күнкөріс басты мәселе болса, саудамен айналысып кетуге де болар еді.

Рейтинг: Келер ұрпаққа мағыналы дүниелер қалдырау... Бұл ой қайдан келді?

Алмас Мұстафа: Қолөнермен айналысу үшін шеберхана, көптеген құрал-жабдық керек. Әуелі біз университет қабырғасында жүріп алған білімімізбен мүсін жасау, басқа да тапсырыстар ала бастадық. Түскен қаржыға түрлі станоктар сатып алдық, шеберхананы жөндеуден өткіздік. Ең бастысы, біз «осыдан бірдеңе шығарамыз» деген мақсатпен кірістік. Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде оқып жүргенімде «Ғалам-Арт» деп аталатын клуб құрып, қасыма позитивті, жақсы ойлайтын жігіттерді жинадым. Университет академиялық білім береді, бірақ «алған біліміңді қалай іске жарату керек, маркетинг, менеджментті қалай меңгеру керек?» деген мәселеде бір ауыз сөз айтылмайды. Бұл кеңестік білім жүйесінен қалған сарқыншақ шығар. Қазіргі қоғамда бұл жүйе ескірген. Осы жүйемен дайындалған шәкірттердің 70 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Күзетте, қоймада жүреді. Оларға сол кезде маркетинг, менеджменттің не екені айтылса, мысалы, суретшіге суретшіліктің өнер ғана емес, кәсіп екені үйретілсе, кәсіптің қазіргі ұғымда бизнес екені түсіндірілсе, жүйелі айналысса бірнеше жылда жақсы нәтиже шығаруға болатыны айтылса, онда жоғалтқан мамандарымыз 70 емес, 30 пайыз ғана болар ма еді?.. Бізбен қатар бітірген 60-70 маманның екі-үшеуі ғана қазір өз саламызда жүрміз. Былайша айтқанда, жоққа тән ғой. Бұлай болуы қоғамның тәрбиесіне де байланысты. Кеңес кезінде қол қусырып отыратын ешкім болмайтын. Әскерден келсең, үш күннен кейін артыңнан қуып жүріп жұмысқа жегіп жіберетін. Сондайға дағдыланып, момынданып қалған халық болатынбыз. Қазір де бәрін мемлекет жасап беруі керек сияқты, күтеміз де отырамыз. Біздің ел қазір сыртқа шикізат сату арқылы нанын айырып отырса, Азия елдерінде өндірушілік жолға қойылған. Мысалы, Үндістанда тоқыма өндірісі министрлігі бар. Иран да жыл сайын бірнеше миллиард қаржыны қолөнерге бөледі. Көктемде 40 провинцияға ақшаны бөліп тастайды да, жыл соңында салықпен жиып алады. Осының бәрін көріп, қазір біз ақпарат жинап жатырмыз. Біздің көптеген мәдени құндылығымыз қазақтікі деп қана алсақ, аясын тарылтқанымыз болар еді. Олар түркі жұртына ортақ десек, қателеспейміз. Болашақта осы бағытта үлкен-үлкен жобалар ұйымдастырғым келеді. Әзірше ол піспеген идея. Жетілдіріп шығару керек. Негізгі іргетасы бар, оны әлемдік кеңістікке шығаруымыз керек.

Рейтинг: Жасаған заттарыңды бұқараға дайындау бар да, таза өнерпаздарға дайындау бар. Олардың талап үдесінен қалай шығып жүрсіңдер?

Алмас Мұстафа: Университеттегі ұстазым Жолаушы Тұрдығұлов – домбыра жасаушы кәсіпқой шебер. Қазақтың мен деген өнерпаздары сол ағайымнан саз аспаптарын алады. Өйткені, ағай аспапты зор талғаммен жасайды. Студенттерге де жоғары талап қояды. Сабаққа қатысуын, дәрістен тыс уақытта немен айналысып жүргенін – бәрін бақылайды. Еркелеген, сауық қуған шәкірттің артына шам алып түседі. Не түзейді, не ол оқудан алыстатады. Біреу оқуға тиіс грантты жалқау біреу иеленбеуге тиіс – ағайдың принципі осы. Грантта оқу керек болғасын түсіп, қолынан ештеңе келмей, оқудан шығып кеткен балалар болды. Ағайдың арқасында біз ең алдымен домбыра жасаудың ең нәзік деген техникасын да үйреніп шықтық. Өйткені, саз аспаптарының ішіндегі ең кірпиязы – осы домбыра. Ойналмай тұрып қалса, даусы жоғалалады, сәл ғана ылғал болса, мойны майысады дегендей... Биыл домбыра жасай бастағанымызға табаны күректей 10 жыл өтіпті. Осы 10 жыл ішінде біз шәкірттерімізбен қосып жасап шығарған домбыра саны 4,5-5 мың данаға жуықтапты.

Рейтинг: Демек, сұраныс бар болғаны ғой.

Алмас Мұстафа: Иә, дәл осы домбыраға сұраныс жақсы. Қылқобыз, жетіген, шертер, бас домбыра, контрабас сияқты аспаптарды негізінен оркестрлерге арнап дайындаймыз. Мұнда ең бірінші ескеретін нәрсе – Қазақстанда аспаптар жасаудың стандарты жоқ. Қазір Ы.Дүкенұлы атындағы саз аспаптары мұражайымен, «Тұран» ансамблінің жігіттерімен бірлесіп, қобыздың, прима-қобыздың стандарттарын жасап жатырмыз. «Ештен кеш жақсы», стандарт жасалуға тиіс. Мысалы, қай мемлекетте жасалса да, скрипканың түрі өзгермейді. Қытайда жасалған скрипка мен Италияда жасалған скрипканың дыбысында болмаса, түрінде ерекшелік болмайды. Ал бізде екі шебердің жасаған домбырасы міндетті түрде екі бөлек. Әшекейінен бұрын, формасында да өзгешелік көп. Біреуінің мойны ұзын, екіншісінікі жуан дегендей... Мұның бәрі стандарттың жоқтығынан. «Домбыра былай жасалуға тиіс» деп жазылған оқу құралы болса, осынша әркелкілік болмас еді. Стандарт деп отырғанымыз не? Мысалы, домбыра мойнының ұзындығы 48 см болу керек пе, содан ұзын етіп жасамау керек. Шанақтың ені 22-23 см десек, осының қайсысы дұрыс? 22 ме, 23 пе? Міне, осы өлшемнің бәрі бекітілуге тиіс. Мемлекеттік тендерлер өткізіледі, бірақ нақты талаптар қойылмайды. Талап болмағасын, базардағы арзанқол аспапты сатып ала салады. Ал базарларға домбыралар қырғыздардан, Наманганнан, Нөкістен келеді. Оларда домбыраның мойны 49, тіпті 50 см-ге дейін кетеді. Мойнының жуандығы да әртүрлі, дыбыс жоқ. Әншейін сувенирлік нәрсе. Бетіне алабажақ оюларды бояумен жаға салады. Оюдың өзінің эстетикасы бар, бей-берекет салына бермеуге тиіс.

Рейтинг: Кәсібіңді заманға бейімдей бастағаның қуантады. Ол өзіңе қанша уақытта пайда әкеле бастады?

Алмас Мұстафа: Біз таңдап алған сала – өте күрделі сала. Біріншіден, елімізде халық саны аз. 17 миллион халық бар десеңіз, таза қазақылығы бары – 7 миллион шамасында ғана. Оның ішінде домбыра тарта алатынын санасаңыз, тіпті аз. Ал біз кәсіби аспаптар ғана жасаймыз. Оны пайдаланушылар тіпті саусақпен санарлық деуге болады. Біздің шеберханамыз Алматыда болған соң ғана кәсібімізді ұстап отырмыз. Қалаға көшіп келіп жатқан адамдардың және шаһардың аумағы үлкеюінің арқасында ғана алға басып келеміз. Неге шеберлер жеке-жеке жұмыс істейді? Бір шеберханада бір ғана адам істейтін жағдайлар аз емес. Өйткені, ол қасына адам алса, оған жұмыс тауып бергенмен, қаржымен қамтамасыз ете алмайды. Кәсібіміз өзін-өзі ақтап, көп пайда әкеліп жатыр деп әлі де айта алмаймыз. Саз аспаптары жазда мүлде сатылмайды деуге де болады. Сәуір-тамыз аралығында сұраныс қатты төмендейді. Ол кезде біз күзде сататын заттарды жасап жатамыз. Екіншіден, біз өндірген өнім жаппай сатылмайды. Бір жылда 500-600 дана сатсақ, соның өзі үлкен жетістік. Жасайтын аспабымыз кәсіби болғандықтан, бағасы қымбат. Қымбат болғасын, ол санаулы данамен ғана жасалуы шарт. Айына 1000 мың домбыра жасап, оны бүкіл Қазақстан аумағына таратамын десеңіз, ол болатын нәрсе. Сатсаңыз, өтеді. Бірақ бағасы арзан болады. Бұл үшін шеберлердің саны да көп болуы керек, шеберхана да үлкен болуы тиіс. Өнімдеріміздің бағасын доллар курсымен белгілейміз. Өйткені, біздің елде материал тапшы. Домбыраның бет ағашынан басқасы Ресейден, Бразилиядан келеді. Бет ағашын Тянь-Шань шыршасынан жабамыз. Стандарты солай. Басқа детальдарына канадалық үйеңкі, палисандр, т.б. ағаштар керек. Олар Қазақстан аумағында өспейді. Сондықтан қажет ағаштарды көбінесе тапсырыспен алдырамыз.

Рейтинг: Бұл шаруаның қандай перспективасы бар?

Алмас Мұстафа: Осы уақытқа дейін жинаған ақпаратымды өндіріске салар болсам, менің өмірім жетпейді. Бәрін жүйелеп, ғылым тұрғыда саралап, келер ұрпаққа негіздеп кетуіміз керек. Жалпы қолөнер дегенде, тек саз аспаптарын жасаумен емес, зергерлік өнермен, тері өңдеумен, т.б. айналысып, бұл саланы мейлінше кең профильді етуге тырыссақ дейміз. Ұлттық музейді салып қойдық. Бірақ ішіне кіріп көріңізші, қандай қару-жарақ бар екен? Осынша аумақты біздің бабалар қандай қарумен қорғады? Міне, осының бәрін тірілтуіміз керек. Мемлекет айналыспай ма, енді біз күш салуымыз керек. Ешкімге міндетсімей, өз таңдауыңызбен. Жаһандануға ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аласыз. Болашаққа біз заманның екі талабын да ұстанып баруға тиіспіз: қолөнерді де дамытып, нанотехнологияларды да өгейсімей алға басуымыз керек. Жапония сияқты. Олар самурай жарақтарын, кимононы қалай әспеттейді! Біз өз өмірімізді үлде-бүлдемен өткерерміз, бірақ келер ұрпаққа не қалдырамыз? Олар біздің бейілсіздігімізден ертең зардап шекпей ме? Осыны ойлауымыз керек. Біз түркі әлемімен тығыз байланыс жасауға тиіспіз. Түркі әлемінің кіндігі, орталығы Қазақстан екенін таныта алсақ, соған өле-өлгенше қызмет етсек, ұрпағымызға жеңіл болады.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

 Мұрағаттан, 2015 ж


Ілияс Байбосынов, әнші: «Он метр хат жазған қызды таба алмадым»
Серікзат Дүйсенғазы, ақын: «Ол мен үшін періште еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу