Балабиевке оңай, баласына қиын
Түркістан облысындағы №25 округтағы депутаттыққа үмімткер бес кандидаттың бірі – облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев «Аманат» партиясының атынан түсіп жатыр. Оған тегеурінді қарсылас болатындай үміткерді байқамадық (әрине, бұл біздің жеке пікіріміз. Ж.Т).
Олардың бірі жұмыссыз, бірі әкімдіктегі басқарманың бас маманы, бірі мұғалім көрінеді. Әдетте сайлауда толық жеңіске жететініне сенімді үміткерлер, ақырғы сәтте жалғыз қалып, сан соғып қалмас үшін қасына өзінің орынбасарын немесе бағынышты қызметкерін алып түсуші еді. Аталған округтан құжат тапсырғандардың қатарында Қайрат Балабиев бұған дейін басқарған Түркістан облыстық мәслихаты аппараты басшысының орынбасары Сәкен Турежанов та бар. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде Балабиев додада баламасыз қалып кетпеу үшін жасалған сақтық шаралары ма? Қалай десек те, бұл сайлау да сол баяғы әдіс-тәсілдерден, сүрлеу соқпақтардан таза емес сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? Айтпақшы, «әке көрген оқ жонады» демекші, Қайрат Балабиевтің ұлы Нұрсұлтан Балабиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болған. Бұл жолы «Самал Транзит» ЖШС-ының директоры Нұрсұлтан Қайратұлы қалалық мәслихатқа жеке мандат бойынша (№2 округ) бақ сынап жатыр. Оның бес бәсекелесі бар және әкесінің қарсыластарымен салыстырғанда мықтырақ көрінеді. Араларынан бизнесмендерді, бас дәрігер, атышулы қоғам белсендісін байқадық.
(Жалғасы бар)
"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж