​Бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Үш округтан 21 кандидат

Oinet.kz 23-02-2023 1030

19 наурызға белгіленген Мәжіліс пен мәслихат сайлауының ең қызық кезеңі басталды.  Өткен сенбіде сайлауалды үгіт-насихат шараларының түңлігі түрілді. Кандидаттардың толық тізімі жария етілді. Бұл жолғы сайлаудың бір жаңалығы – Мәжілістің 30 пайызы, облыстық мәслихаттың 50 пайызы, ал аудан, қалалық мәслихаттар 100 пайыз жеке мандат бойынша жасақталады. Талас-тартыстың бәрі осы жеке мандаттардың арасында өтіп жатыр. 

Screenshot_1.jpg

Жеке мандат бойынша Түркістан облысында Мәжіліс сайлауына үш округтан 21 кандидат, ал Шымкенттегі екі округтан  16 кандидат тіркелді. Яғни  әр округтан орта есеппен 7-8 үміткер бақ таластырады деген сөз. Мәжілісмен атанудың жолы қаншалықты ауыр екенін осыдан-ақ байқай беріңіз. Кандидаттардың алды зейнеткер,  берісі әлі отызға толмаған жас жігіттер. Жұмыссыздан бастап, аудан әкіміне дейін бар. Бірі экс-мәжілісмен, бірі облыс әкімінің бұрынғы орынбасары,  бірі әлем чемпионы, бірі елге белгілі оппозиционер.  Қазір көпшілік бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек деген пікірде. Кандидаттардың арасында қоғам белсенділері көбірек. Саясат сахнасына жаңа партиялар шықты. Бірақ мұның бәрі де науқан алдындағы көзбояушылық емес пе? Күні ертең сайлаудың нәтижесі  қосылғыштардың орны ауысқанымен қосындының бәрібір өзгермейтінін көрсетпей ме?

Үш округтан 21 кандидат 

Сайлау комиссияларының таратқан ресми ақпараттарына қарағанда, Мәжіліс мандатынан дәмелілердің қатары бұдан әлдеқайда көп болған. Құжат тапсырғандардың біразы үгіт-насихат науқаны басталмай жатып жарыс жолынан шығып қалды. Әртүрлі себептермен. Көпшілігі сайлау жарнасын төлей алмағанға ұқсайды. «Кейбір қалталы, ықпалды-үміткерлерді билік өзара келісіп, кандидатурасын алдыртып тастапты» деген әңгімелер де айтылып жатыр. Оның қаншалықты рас-өтірігін кім білсін, бірақ осы сайлауда биліктің бір бүйрегі бәрібір «Аманатқа» бұратынын және оның  әр округте үкілеп отырған бір-бір кандидаты барын жоққа шығаруға болмайтын сияқты.  Егер сайлауға дәл осы партияның атынан түскендердің бірі аудан әкімі, бірі мәслихат хатшысы, енді бірі облыстық мәслихаттың экс-депутаты болса, басқаша байлам жасау мүмкін бе?  

Сонымен, әңгіменің «бісмілләсін» Түркістан облысынан бастасақ. Алдын ала белгіленген тәртіп бойынша Түркістан облысынан Мәжіліске жеке мандат бойынша үш депутат сайлануы тиіс. Үш округ құрылып қойылған. №25 сайлау округіне Түркістан, Арыс қалалары, Отырар, Сауран, Ордабасы, Шардара аудандарының аумағы кіреді. №26 сайлау округінің шекарасы Кентау қаласы, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарын, №27 сайлау округі Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Жетісай аудандарын қамтиды.  Осы үш округтан жоғарыда айтқанымыздай,   21 кандидат құжат тапсырған. Әрине, бүгінгі кандидаттың бәрі ертең депутат емес. Әр үміткерге жеке-жеке тоқталып жату шарт емес шығар. Дегенмен кейбір мәселені айтпай кетуге болмайды...

(Жалғасы бар)

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж

Елді алдаған Мұрат Әйтенов пе әлде Шыңғыс Мұқан ба? BI уәдесінде тұрмады
Балабиевке оңай, баласына қиын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу