Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
Шымкенттегі қырық жылдық тарихы бар ипподромды сүріп тастап, орнынан заманауи тұрғын үй кешенін тұрғызып жатқан атышулы BI Group компаниясы уәде еткен нысандарының бәрін салмайтын болды. Елге өтірік уәде берген BI Group-па әлде шымкенттің атқамінерлері ме, ол жағын өзіміз де түсіне алмай отырмыз.
2021 жылдың басында атшабардың орнына тұрғын үй кешенін салу бойынша қоғамдық тыңдау өтіп, сол кезде Шымкент қалалық әкімдігінің лауазымды басшылары BI Group компаниясының қалаға заманауи ипподром, сонымен бірге мектеп пен емхана, «Шымкентситиге» жалғасып кететін променад, Дандропаркке өтетін велокөпір салатынын мәлім еткен болатын. Түсініктірек болуы үшін 2021 жылдың қаңтарында сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның көптеген басылымдарға, сайттарға берген сұхбатынан үзінді ұсынып көрейік.
- Басында жүрген соң айтайын. BI Group әкімге бірнеше жерге үй салам деп келді. Соның ішінде ипподромның жері де бар. Сосын әкім: «Осыдан екі жыл бұрын қалалық мәслихат ипподромды қаланың сыртына көшіру туралы шешім шығарған. Сол ипподромды тегін салып бересіңдер», – деді. Жаңа ипподромға 2 млрд теңгенің үстінде ақша керек. Олар ойланайық деп кетті. Бір айналып қайтып келді. «Жақсы, салып береміз» деді. Әкім: «Үй салған жерге мектеп пен емхана керек». BI Group оған да келісті. Сосын әкім: «Тек үй салып қоймайсыздар, бұл жер қалада өзіндік орны бар аумаққа айналуы тиіс. Арғы жағы Шымситиге жалғасып кететін променад, бергі жағы Дендропаркке дейін өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір саласыздар», – деді. «Променад» деген астанадағы Ақорда мен Хан-Шатырдың арасындағы үлкен аллея. Бірнеше жерде фонтандары бар. Рекреациялық зона. Оған да келісті,- деген болатын Шыңғыс Мұқан.
BI Group Бозарықтағы жаңа атшабардың құрылысын бір жылға кешіктіріп, биыл наурызда пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жаңа жылдың алдында компания нысанның техникалық ашылуын өткізді. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып қатысты. Компанияның таратқан ресми ақпаратына қарағанда, мұндай атшабар бүкіл Қазақстанда жоқ. BI Group оған 6 миллиард теңге шығын шығарған көрінеді. «Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз компанияның енді уәде еткен мектеп пен емхана, променад пене велокөпірді қашан салатынын көтеріп, осы жөнінде BI Group-қа сұрау салған болатынбыз. Жауап келді. Онда былай дейді:
«Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Бәйдібек Би даңғылы, 113А мекенжайы бойынша орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу шеңберінде Grand Park, Arman Qala, Атамұра жобаларын, сондай-ақ оларға іргелес барлық саябақтарды біріктіретін арбат-аллея құру көзделген. Бұл аллеяға веложол төселіп, ландшафтық көгалдандыру жасалады. Сонымен қатар ол футбол мен балалар ойын алаңдарын, күркелер және басқа да шағын архитектуралық формаларды қамтитын болады. Атамұра Business-1 бигвилліне іргелес жатқан аллеяның бірінші бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың 4 тоқсанына жоспарланған.
Мектеп пен емхана құрылысына қатысты. Бұл – әлеуметтік нысандар, сондықтан бұл мәселе біздің компаниямыздың емес, мемлекеттік органдардың құзыретінде. Барлық мемлекеттік жобалар тендер өткізу нәтижелері бойынша іске асырылады.
Құрметпен, BI Group».
Яғни, жоғарыдағы жауаптан түсінгеніміз, компания әу баста тұрғын үй кешені аумағынан ешқандай да мектеп пен емхана салуға уәде етпеген. Себебі мектеп пен емхана сияқты әлеуметтік нысандарды салу тек мемлекеттің міндетіне кіреді екен. Сонда елге ертегі айтқан Шыңғыс Мұқан ба әлде қала әкімі Мұрат Әйтенов пе?
Бәлкім әлдебіреулер «BI Group қалаға алты миллиард теңгелік жаңа атшабар салып беріп отыр. Бұл тақияларыңа тар келіп тұр ма? Осыған да шүкіршілік етпейсіңдер ме? Мұндай сыйды қай құрылыс компаниясы жасап еді?» деуі мүмкін. Әрине, Шымкенттің көркін ашатын заманауи тұрғын үй кешендері де қажет. Бірақ қай компания BI Group сияқты қаланың қақ ортасынан, ең керемет деген демалыс аумақтарынан бірнеше жер алып, қымбат, элиталы тұрғын үй кешендерін салып жатыр? Мұның арғы жағында қарапайым жұрт білмейтін өте көп құпиялардың жатқаны айдан анық.
Шыңғыс Мұқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметінен былтыр жыл соңында босатылды. Ол денсаулық, білім, мәдениет, ішкі саясатқа жетекшілік етті. Құрылыс, тұрғын үй бірінші орынбасар бақылау жасайтын сала емес. Алайда осыған қарамастан Шыңғыс Мұқан 2020-2021 жылдары BI Group компаниясының ипподромның орнынан тұрғын үй кешенін салу жобасына қатысты шуға араласты. Шамасы оған қаланың бас идеологы ретінде әкімдік пен BI Group-тың мүддесін әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қорғау тапсырмасы жүктелсе керек (яғни, оның арғы жағында Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов тұрды десек, қателеспеуіміз мүмкін). Әкім қоғамдық пікірді қалайда өз пайдаларына шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған сияқты. Бірақ діттеген мақсаттарына жету үшін, дәлірегі BI Group компаниясының «есегін судан өткізу» үшін елге өтірік уәде, жалған ақпарат берудің не қажеті бар еді?
Бұған енді Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов не айтады?
Сіз бұған не дейсіз?
Асқар Мамырбаев, сәулетші, қоғам белсендісі:
Нағыз «торгач» екенін көрсетіп тұр емес пе?
- Бәрі әу бастан түсінікті нәрсе еді ғой. Бұл сауда заңға сәйкес емес. Қаланың бас жоспары бойынша ипподромның орны демалыс аумағына жатады. Мен мұны қаланың бас сәулетшісіне де айтқанмын. «Бұрын бұл жер спорт кешені ретінде берілген, демалыс аумағына кірмейді» дегенді алға тартты. Бірақ мен өз басым осы жөніндегі құжаттарды көргенім жоқ. Дегенмен сәулетші ретінде білетінім, атшабардың орны бас жоспарға сәйкес демалыс орнына жатады. Мамырда жаңа бас жоспар қабылданады деп жатыр. Жаңа құжатта бұл жердің мақсатын өзгертіп қойған. Бірақ жаңа бас жоспар қабылданғанға дейін ескісі күшінде болады. Яғни, қалалық әкімдік қолданыстағы бас жоспарды бұза отырып, құрылыс жұмыстарын бастады... Бұл қала әкімінің нағыз «торгач» екенін көрсетіп тұр емес пе?!
-BI Group қазір Шымкенттің орталығынан, демалыс орындарына жақын жерлерден тұрғын үй құрылыстарын жүргізіп жатыр. Ең қымбат жерлерге ол қалай қол жеткізіп жатыр деп ойлайсыз?
-Төбесінде көкесі, бәлкім қаланың әкімі тұрған шығар. Кім біледі? Осы компания қалалық әкімдіктің қасынан («Ордабасы» тұрғын кешенінің қасынан) тұрғын үй салды. Осы жер Бас жоспардан кейін жасалатын егжей-тегжей жоспары бойынша сауда орталығына арналған болатын. Оны өзгертті де, үй салуға рұқсат етті. Міне, осындай қитұрқы тірліктер.
"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж