Ипподром дауына Бас прокуратура араласты

Oinet.kz 15-02-2023 1193

Шымкенттегі атшабардың жеріне қатысты дау-дамай араға екі жыл салып, қайта көтеріліп жатыр. 

Screenshot_5.jpg

Естеріңізде болса, 2020-2021 жылдары 40 жылдық тарихы бар, бір кездері халықтың ыстық ықыласына бөленген көрнекті қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тікелей басшылығымен салынған ипподромның    жеріне BI Group компаниясы көз тігіп, дәлірегі заманауи тұрғын үй кешенін салмақ болып, оған қоғам тарапынан қарсылық білдірілді. Жасыратыны жоқ, көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Бір жақ компанияның мегаполиске 135 миллирад теңге инвестиция салатынын, заманауи тұрғын үй кешендері қаланың көркін ашатынын, ескі атшабардың енді талапқа сай келмейтінін алға тартса, қарсы жақ бұл шешімнің қаланың бас жоспарына қайшы екендігін баса білдірді.  Қарсы пікір айтушылардың  арасында Асқар Мамырбаев сияқты белгілі сәулетшілер, қоғам белсенділері де болды. Дәл осы кезде «Рейтинг» газеті Шымкенттің бұрынғы әкімдерімен хабарласып, олардың да пікірлерін жариялаған. Экс-әкімдердің басым бөлігі атшабардың бұзылуын қолдамаған еді.  

Алайда 2021 жылдың ақпанында Шымкент қалалық әкімдігі өткізген қоғамдық тыңдаудан кейін BI Group компаниясына атшабардың орнына заманауи тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілді. Уәде бойынша компания  Бозарықтан тегін жаңа ипподром және басқа да нысандар тұрғызып беретін болған. Осыменен іс бітті, бәрі шешілгендей көрінген еді. 

Жоқ. Қызықтың көкесі енді басталатын сияқты.

Бақсақ,  Шымкенттегі ескі ипподромның, Дендропарктің жері жекеменшік компанияларға заңсыз беріліп кеткен. Мұның бәрі соңғы 2-3 жылдың көлемінде жасалған. Қаланың ең көрікті, жұртшылықтың демалатын ең сүйікті жерлерін жекенің қолына табыстау үшін Шымкент қалалық әкімдігі түрлі қитұрқылықтарға барған. Былтырдан бері белгілі заңгер Бақытжан Базарбектің осындай мәлімдемелер жасап, құзырлы органдарға шағымданып жүргенінен көзі қарақты оқырман хабардар шығар деп ойлаймыз. Жуырда заңгер енді бұл іске Бас прокуратураның араласқанын хабарлады. 

Өткен аптада заңгер фейсбуктегі парақшасында  «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Бас прокуратурада бірқатар кездесулер өткізгенін жария етті. Осы кездесулердің нәтижесінде прокурорлар Шымкенттегі бұрынғы ипподромның жеріне қатысты шығарылған  сот шешіміне апелляциялық шағым беру үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Әрине, сотқа шағымды Шымкент қаласының прокуратурасы беруі тиіс. Ал Бас прокуратура бұл істі бақылауына алатынға ұқсайды.   

Осы жерде түсінікті болу үшін  кішкене шегініс жасайық. Заңгердің айтуынша, былтыр маусымда оның берген арызы бойынша Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тексеру жүргізіп, Шымкент қаласы әкімдігінің ипподромның жерін беруде заңсыздықтарға барғанын анықтайды. Осыған байланысты департамент Шымкент қаласының экономикалық сотына талап арыз берген. Талап арызда департамент әкімдіктің ипподромның жерін  құрылыс компаниясына элиталы тұрғын үй кешенін салу үшін беріп жібергенін даулаған.   Алайда сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырған. 

Бақытжан Базарбектің жазғандарынан түсінгеніміз, 2021 жылы Шымкент қалалық әкімдігі бұрынғы ипподромның 17,3 гектар жерін алдымен "Shymkent" әлеуметтік кәсіперлік корпорациясына 5 жылға берген. Бұдан кейін ӘКК бұл жерді «Жас НС» деп аталатын компанияға беріп жіберген. Артынша әкімдік жердің пайдалану нысанын «паркингісі бар көпқабатты тұрғын кешенін салу» деп  өзгертеді. Заңгердің айтуынша, мұның бәрі Жер кодексіне де, Кәсіперлік кодексіне де қайшы келеді. Алайда сот барысында судья мұны инновациялық жоба ретінде қарастырып, талап арызды қанағаттандырмаған. 

- Мен ешқашан да көпқабаты тұрғын кешенін инновациялық жобаға айналдыруға болатынын ойламаппын, - деген Б.Базарбек Шымкент әкімдігінің қаулыларын заңды деп тану үшін соттың осындай қадамға барғанын жазыпты. 

Заңгер сонымен мемлекеттің мүддесін қорғауда табандылық таныта алмаған Шымкент қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің әрекетіне де қынжылыс білдірген. Департамент бұл іске уәкілетті органдардың мамандарын тартпаған, не мәлімдеуші үшінші тұлға ретінде заңгердің өзін де шақырмаған. Ешқандай құрылыс сараптамасы тағайындалмаған. 

Былтыр 29 желтоқсанда шыққан экономикалық соттың шығарған шешімімен біз де танысып шықтық.  Онда іс бойынша тоқсанға жуық  азамат дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға ретінде танылған. Бұлардың бұрынғы ипподромның орнына салынып жатқан тұрғын үйге ақша құйып қойған  үлескерлер екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл компанияның элиталы тұрғын үй салу, оны қымбат бағада сату жөніндегі жоба-жоспарының сәтті жүзеге асып жатқанын білдірмей ме? ...Енді бұл апелляциялық алқа қандай төрелік айтар екен?   

Енді осы жерде «Жас НС» туралы және оның атышулы BI Group компаниясымен не байланысы барына тоқтала кетсек. Мұның арғы жағында біраз құпиялар бар сияқты. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, «Жас НС» ЖШС  2021 жылдың наурызында Шымкент қаласында құрылыспен айналысатын шағын кәсіпорын ретінде тіркелген.   Қызметкерлердің саны 5-еу деп көрсетілген. 2022 жылы ол бюджетке 12 миллион теңгеден астам салық төлеген. Былтыр қарашада Шымкент қалалық әкімдігі мегаполисте үлескерлерді тартуға құқығы бар құрылыс компанияларының тізімін жария кеткен болатын. Міне, осы тізімде «BI Development Astana» ЖШС-інің Бәйдібек би даңғылынан тұрғын үй салып жатқаны, оның өкілетті компаниясы «Жас НС» ЖШС- екендігі көрсетілген.   Яғни, бұдан ипподромның жерін BI Group алғанымен құрылыс жұмыстарын мүлдем басқа компанияның жүргізіп жатқанын байқауға болады. Айтпақшы осы тізімге қарағанда, BI Group-ке қарасты «BI Development Astana» ЖШС-інің  Шымкенттің 9 жерінде тұрғын үй кешенін салып жатқаны жазылған. Бұлар Назарбаев даңғылында, Төлеметов көшесінде, Ақжайық шағын ауданында, яғни, қаланың қақ ортасында, жұрттың сүйікті демалыс орындарына жақын   орналасқан (ескі ипподромның орны мұның тек біреу ғана).  Сонда осыншама қымбат жерлерді BI Group компаниясы қалай алған?   Екіарада қандай келісім шараттар жасалған?  Ал, ескі ипподромның есесіне салынуы тиіс жаңа атшабардың құрылысы тым кешеуілдеп кетті.  Бұған дейін BI Group  компаниясының Бозарықтағы республикада теңдесі жоқ атшабарды 2022 жылдың наурызында пайдалануға беретіні хабарланған болатын. Алайда аталған мерзімде жаңа атшабардың құрылысы біткен жоқ. Жаз ортасында осыған қатысты ипподром қызметкерлері шу шығарды. Сол кезде BI Group компаниясының басшылары құрылысты былтыр күзде аяқтауға уәде еткен. Алайда күзде де нысан пайдалануға берілмеді. Тек былтыр желтоқсанның соңында республикалық  сайттарда BI Group-тің уәде еткен теңдесі жоқ ипподром құрылысының аяқталғаны, оның техникалық ашылуы өткені, оған қала әкімі Мұрат Әйтеновтың арнайы барғаны (бірақ Әйтеновтың әрбір қадамын жариялап отыратын қалалық әкімдік бұл туралды ешқандай мәлімет таратқан жоқ) туралы ақпараттар жарияланды. Осы ақпараттарға қарағанда, жаңа нысанды салуға BI Group 6 миллиард теңге жұмсаған көрінеді. Оның ресми ашылуы биылғы наурызға жоспарланыпты. 

Наурызға да аз уақыт қалды. Шымкенттің жаңа атшабары бұған дейін айтылғандай, елімізде теңдесі жоқ, ең үлкен ипподром бола ала ма? Екіншіден,  атшабар атышулы BI Group компаниясы салып беруге  уәде еткен бір ғана нысан. 2021 жылы ипподромға қатысты дау үдеген кезде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында компанияның қалаға атшабардан бөлек, заманауи тұрғын үй кешені аумағынан мектеп пен емхана, «Шымситиге» жалғасып кететін променад және Дендропаркке өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір салып беретінін айтқан. Ш.Мұқан «променад»деген сөзге «аллея немесе бірнеше жерде фонтандары бар,  рекреациялық зона» деген түсініктеме берген болатын. Атшабардың құрылысының кешеуілдетіп жатқаны мынау.  BI Group мектеп пен емхананы, велокөпір мен променадты енді қашан салып үлгереді? Біз өткен аптада BI Group компаниясына осы мәселелерге қатысты арнайы сауал жолдадық. 

Біз бұрынғы ипподромға, BI Group компаниясына қатысты зерттеулерімізді одан әрі жалғастыратын боламыз. 

Рейтинг газеті, ақпан, 2023 ж

Ит піштіру Әйтенов ойлап тапқан жаңалық па?
Елді алдаған Мұрат Әйтенов пе әлде Шыңғыс Мұқан ба? BI уәдесінде тұрмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу