Елді алдаған Жетпісбаев енді не дер екен?
«Арман Жетпісбаев қай Қазақстанда өмір сүріп жүр?». Естеріңізде болса, сәуірде «Рейтинг» газетінде біз осындай тақырыппен облыста ауыз судың статистикасына қатысты қалыптасқан дау-дамай және осы салаға бақылау жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың депутаттарға айтқан қисынсыз мәліметтері туралы мәселе көтергенбіз. Ақыр аяғында мәселенің түйінін тарқату үшін Есеп комитетіне сұрау салып, Жетпісбаевтың ауыз суға қатысты деректерінің шылғи өтрік екендігін әшкерелеген едік.
Енді міне, Өмірзақ Шөкеев отставкіге кеткен соң облыста ауыз суға қатысты статистикалық мәліметтердің осы уақытқа дейін көзбояушылықпен жүргізіліп келгенін облыс әкімдігінің өзі де растай бастады. Бірақ не «жаңылдық, жаза бастық» деген, не жауапкершілікке тартылып жатқан Жетпісбаевты көрмедік.
Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдікте өткен алқалы жиында өңірдегі ауыз суға қатысты жағдайды талқылады. Осы жиында айтылған мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-сі немесе 85,7 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта 119 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек. Оған 21,7 миллиард теңге қажет екен. Биыл 21 нысанға 5,1 миллиард теңге бөлінген. 10 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі. Нәтижесінде 23 елді мекен ауыз сумен қамтылып, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 пайызға жетеді.
– Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі апта сайын тұрақты түрде қаралып тұратын болады. Түйткілдер болса, бірлесіп шешу жолын табайық. Ауыз су мәселесін терең талдап, аудан, қала әкімдіктері, басқармалар немесе облыс әкімдігі деңгейінде шешілетіндерін нақтылап берген жөн. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, бұған дейін облыстың статистикалық мәліметтерінде ауыз сумен қамту деңгейі 80 пайыздың шамасында болатын. Не түлен түрткенін кім білсін, «2020 жылы ауыз сумен қамтылғандардың көрсеткіші 92,1 пайызға жетті» деген мәліметті 2021 жылдың басында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев халыққа берген есебінде айтты. 2021 жылдың маусымында елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде Шөкеев ауыз сумен 2023 жылы қалаларды 100 пайыз, 2025 жылы ауылдық елді мекендерді 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланғанын мәлім етті. Өңір басшысы сол жолы Түркістан облысында 60 нысанның құрылысына бюджеттен 12,7 миллиард теңге бөлінгенін, жыл қорытындысымен облыстың ауыз сумен қамту деңгейінің 93,3 пайызға жететінін мәлімдеп жіберді. Осы жылдың күзінде Шөкеев республикалық басылымдарда жариялаған мақаласында облыста орталық¬тан¬дырылған ауызсумен қамту ету деңгейі қалаларда – 98,9 пайыз, ал ауылдық елді мекендерде- 92,1 пайыз деген мәліметтерді келтірді. Әрине, Шөкеевтің бұл мәліметтерді аспаннан алмағаны айтпаса да түсінікті ғой. Бәрі де ауыз суға жауапты бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың берген мәліметтері екендігін аңғару қиын емес.
Алайда мұның көзбояушылық екендігін алғаш болып Есеп комитеті мәлімдеді. Комитет Түркістан облысындағы тексеру қорытындысын биыл ақпан айында жариялаған болатын. Онда өңірде ауыз судың статисткасында асыр сілтеушіліктердің кеткені, шын мәнінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған халықтың көрсеткіші 71,5 пайызды құрағаны келтірілді. 71,5 мен 92,1-дің арасы қайда жатыр? Сонда кімге сенуге болады?
Биыл сәуірден осы мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында қаралып, халық қалаулылары әкімдік пен Есеп комитеті мәліметтеріндегі жер мен көктей айырмашылықтың мәнісін сұраған болатын. Бұл сауалға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев жауап берді. Оның айтуынша, Есеп комитеті келтірген 71,5 пайыз облыстағы елді мекендердің саны бойынша алынған цифр. Ал жалпы халықтың санына шаққанда бұл көрсеткіш 92,1 пайызды құраған. Ертеңіне облыстық мәслихаттың сессиясында Жетпісбаев айтқан мәліметтер дүйім жұрттың алдында тағы қайталанды. Нәтижесінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алдағы уақытта ауыз су бойынша жалпы халыққа және елді мекендерге шаққандағы көрсеткіштерді бөлек-бөлек жасауды тапсырған болатын. Осы сессияда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары 2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қалада-99,4 пайызды, ауылда-93,3 пайызды құрайтынын алға тартумен болды.
Ауыз суға қатысты күдік-күмән күшейіп кеткен соң «Рейтинг» газеті осы мәселеге түсінік беруді сұрап, Астанадағы Есеп комитетіне арнайы хат жолдаған болатын. Комитеттегі аппарат басшысы К.Плотников қол қойған хатта алдымен Түркістан облысында Аймақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың 2019 және 2020 жылдардағы есептеріндегі ақпараттардың статистикалық мәліметтермен сәйкессіздіктердің бары келтірілген.
-2020 жылғы Түркістан облысының орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілу үлесі 71,5 пайыз (1 461,8 мың адам) құрағандығы жөніндегі мәлімет Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтындағы ақпаратқа жалпы халық санына шаққандағы көрсеткіш болып табылады,-делінген болатын хатта.
Хатта сондай-ақ, жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және су бұру, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру салаларында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ретінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде сәулет, қала құрылысы және қала қызметі, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік салаларындағы заңнама нормаларының бұзылуына жол бергені үшін Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбековке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны да жазылған.
Биыл тамызда Шөкеев отставкіге кетті. Осыдан кейін міне, облыстың атқамінерлері ауыз суға қатысты статистиканы сол баяғы сексен пайыздан қайта бастап отыр. Сонда Жетпісбаев пен энергетика басқармасының басшылары осы уақытқа дейін президентті де, үкіметті де 93 пайызбен алдап келген болып тұр ғой.
P.S. Қайбір жолы шаруалардың облыс әкімдігіне барып, тізе бүгіп, шу шығаруынан кейін облыс әкімінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасары Ұлан Тәжібаев қызметінен кетіп еді. Ал өз саласындағы көзбояушылықтар үшін Арман Жетпісбаевтың жауапкершілігін жылы жауып қоя салу әділдікке сия ма?
"Рейтинг" газеті