Әкім мен атқарушы хатшы. Енді екі қошқардың басы бір қазанға сия ма?

Oinet.kz 25-11-2022 387

Screenshot_10.jpg

«Аманат» партиясы үлкен өзгерістерді бастан өткергелі тұр. Назарбаевтың тұсында билік пен партияның арасын жақындастыру саясаты жүріп еді. Тоқаевтың тұсында керісінше, партия биліктен алыстай бастады. 

Бұған дейін «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметін президенттің өзі атқарды. Облыстық филиалдарға облыс әкімі, аудандық (қалалық) филиалдарға аудан әкімдері төрағалық етті. Әкім әрі атқарушы биліктің басшысы әрі партия арқылы жергілікті мәслихатты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады.  Себебі мәслихаттағы депутттарды басым бөлігін «Нұр Отанның» өкілдері құрады. 2021 жылғы сайлауда мәслихаттар түгелдей партиялық тізім бойынша жасақталды. Яғни, аудан әкімінің партия филиалының төрағасы ретіндегі рөлі, ықпалы одан әрі күшейтілді. Назарбаев құрған осы жүйе енді сетінеді. 

5 қарашада Тоқаев "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Заңда: 

-Әкімдер мен олардың орынбасарлары саяси партиялардың филиалдарында және өкілдіктерінде лауазымдарды атқаруға құқылы емес. Тағайындау немесе сайлау кезінде әкімдер мен олардың орынбасарлары саяси партиялардың филиалдарында және өкілдіктерінде лауазымдарды атқарған жағдайда, олар тағайындалған немесе сайланған күннен бастап 10 күн ішінде көрсетілген лауазымдарды босатуға тиіс, — делінген заңда.

Яғни, әкімдер партиядағы қызметін 15 қарашаға дейін босатты деген сөз. 

Биыл сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев "Аманат" партиясы төрағасы қызметінен кеткені белгілі. Енді міне, әкімдер де партиядағы лауазымдарын тапсырды. Бұл әрине, әкімдердің ықпалын әлсіретеді. Сонымен бірге партияның саяси, қоғамдық өмірдегі маңызын да төмендететіні айдан анық.   

Енді қалай болады? Келесі жылы өтетін сайлауда аудандық мәслихат депутаттары 100 пайыз бұрынғысынша жеке мандат бойынша сайланады. Облыстық мәслихаттар елу пайыз жеке мандат, елу пайыз партиялық тізіммен жасақталады. Енді әкімдердің мәслихат депутаттарына бұрынғыдай ықпалы жүрмейді деген сөз. Ал  партия филиалының атқарушы хатшыларының құзыры кәдімгідей күшейеді. Өйткені сайланған депутаттардың басым бөлігін әлі де болса аманаттықтар құрайды. 

Әйтеуір, ертең атқарушы хатшы мен әкімдер «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайдының» керін келтіріп жүрмесе деңіз. Әлде билік партияны, мәслихатты, депутаттарды әкімдікке тәуелді етудің басқа бір механизмдерін ойлап таба ма? 

Елді алдаған Жетпісбаев енді не дер екен? ​
Сенат спектаклі. Жүрген жерінен өрт шығатын әкімге Парламент мандаты ойыншық па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу