Рустам Ибрагимбеков: «Қолға қалам аларда... қобалжимын»

Oinet.kz 16-04-2019 1165

Screenshot_11.jpg

«Белое солнце пустыни» атты әйгілі киноның авторларының бірімен әңгімелескен едік

Алматыда өтіп тұратын халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне мәртебелі меймандар жиі келіп жатады. Солардың бірі – Әзербайжанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, драматург, киносценарист Рустам Ибрагимбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 1994 жылы оның сценарийі бойынша түсірілген Никита Михалковтың «Күннен қажығандар» («Утомленные солнцем») атты фильмі АҚШ-та «ең үздік шетелдік фильм» номинациясында «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. Бірақ қазақ көрермені Р.Ибрагимбековті мұндай атақ-даңқ, шен-шекпендері үшін емес, бірінші кезекте «Шөл даланың аптабы» («Белое солнце пустыни») атты әйгілі киноны тудырған авторлардың бірі ретінде жақсы таниды. Сондықтан біздің әңгімеміздің де басқа емес, дәл осы әйгілі картина туралы сауалдан басталғанына оқырман тым таң қала қоймас деп ойлаймын.

 – Сіз сценарийге кіріскен кезде, күні ертең бүкіл сүйіп тамашалайтын дүние тудырамын деп ойлап па едіңіз?

– О не дегеніңіз?.. Бәрі де кездейсоқ, аяқ астынан басталды ғой. Мен басымда мүлде басқа сценарийді пісіріп, соны қағазға түсірмек болып, Одессада демалып жатқанымда, Мәскеуден «Тез жетіңіз, Михалков-Кончаловскийге сценарий жазуыңыз керек» деген шұғыл жеделхат алдым. Ұшып келсем, драматург Валентин Ежов жазуға келісіп қойыпты, мен оған соавтор болуым керек екен. Шынымды айтайын, ол кезде мен Орта Азия тарихы туралы онша білмейтінмін, Қазан төңкерісі кезінде бұл жақта қандай оқиғалар болғанынан бейхабарлау едім. Дегенмен, маған әу бастағы идея ұнады да, жазуға келісімімді беріп, жатпай-тұрмай түрлі әдебиеттер оқып, тыңғылықты әзірлендім. Азамат соғысының ардагерінен әлдебір басмашының құм далада бірнеше әйелден тұратын өз гаремін тастап кетуге мәжбүр болғаны туралы оқиғаны естіген В.Ежов мұны болашақ фильмнің негізгі сюжет құраушы фабуласы етіп алуды ұсынды. Көп ұзамай жазуға кірісіп кеттік. Сценарий дайын болмай жатып Михалков-Кончаловский жобадан бас тартып, Тургеневтің туындысын экрандауға кетіп қалды. Ал «Шөл даланың аптабын» ақырында режиссер Владимир Мотыль түсірді.

Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамына енген республикалар өз тәуелсіздігін алғалы талай жыл өтті. Көңіліңізге ала көрмеңіз, бірақ сіздердің әлгі «Орта Азияға азаттық нұрын шаша келетін» Федор Суховыңыз бен оның сенімді серігі Петруха енді бұл өңірді отарлауды мақсат еткен басқа қызыләскерлер секілді ортаазиялықтар үшін жағымсыз кейіпкерлерге айналып кетеді-ау деп қауіптенбейсіз бе?

– Жоқ. Сіз дұрыс түсініңіз, «Шөл даланың аптабын» көрермен осы күнге дейін не үшін жақсы көріп келеді? «Суховтың Орта Азияға азаттық нұрын шаша келгені» үшін деп ойлайсыз ба? Жоқ, олай емес. Бұл фильмде, кез келген ертегі немесе әфсанадағы секілді, Зұлымдық пен Әділдіктің күресі бар. Көрермен осынау өзара бітіспес екі ұғымның мәңгілік тайталасын тағы бір рет тамашалап, соңында Әділдіктің жеңгенін көргісі келеді (ал Қазан төңкерісі, азамат соғысы – мұнда әрі-беріден соң екінші дәрежелі қосымша тақырып қана). Әрине, бұл – тым аңғал, қияли нәрсе, бірақ қарапайым халық үшін өте тартымды да тәтті қиял. Голливуд та күллі әлемнің экранын осы өміршең күресті қырық түрлендіріп, қайта-қайта көрсетумен жаулап отырған жоқ па? Ал Сухов – кәдімгі көрермен қиялындағы адал да ақкөңіл, батыр да бейғам кейіпкер. Тағдыр оны әскери борышпен алыс қиырларға сапар шеккізді, онда оның бір топ қорғансыз әйелдің «уақытша қожайыны» бола тұруына тура келеді. Оған, әрине, бөтен әйелдердің тіпті де керегі жоқ, ол өзінің Катерина Матвеевнасын сүйеді, бірақ тағдыр тәлкегімен бұған күні түскен әлгі бейшараларды қорғауды өзінің азаматтық парызы санайды.

– Сіз сценарий жазарда үнемі осылай көрермен талғамымен де санасып отырасыз ба? Әлде негізінен өз көзқарасыңызға сүйенесіз бе?

– Ал бұл екеуін бірдей қамтуға болмайды деп кім айтты сізге?.. Мен көрермен талғамын да ескеремін, өйткені, кино солар үшін түсіріледі. Сонымен бірге өнер туындысына деген өз көзқарасымды, яғни, жоғары көркемдік деңгейді де сақтауды ұмытпаймын. Жалпы, меніңше, кез келген шығарма (мейлі, ол фильм болсын, музыкалық композиция немесе әңгіме болсын) – теңіз сияқты болуы керек. Жүзе білмейтіндер (яғни, қарапайым халық) өз мүмкіндігіне қарай, жағаға жақын жерде суды шалпылдатып жүре берсін, ал жүзе алатындар (интеллектуалды көрермен немесе оқырман) теңіздің ортасына дейін еркін барып, тұңғиық тереңіне дейін бойлауға мүмкіндік алсын. Бір сөзбен айтқанда, көркем шығарма халықтың барлық тобына да (әрине, әр түрлі дәрежеде) түсінікті болуға тиіс. Ал қазіргі көптеген талантты режиссерлер көрерменді бірден сонау қатпары мол терең иірімге апарып топ еткізіп тастай салады да, әлдекім сол тұңғиыққа бойлай алмай, «тұншығып» жатса, «ол менің кінәм емес» немесе «маған бәрібір» деп, қолын бір-ақ сілтейді. Ал маған қарапайым адамдардың пікірі ешқашан бәрібір болған емес.

– Сіздің қаламыңыздан туған кейіпкерлер әйтеуір халыққа етене жақын болып келеді. Айтыңызшы, сіз осы хикаят немесе сценарий жазған кезде, оқырманға бірдеңені ұғындыруды, оның әлденеге көзін ашуды мақсат тұтасыз ба?

– Мен қолға қалам салған сайын... біртүрлі қобалжимын. Шекспирден бастап, бүгінгі көзі тірі классиктерден соң менің де солар секілді қалам ұстап, ақ қағазға үңілуім күнә секілді болып тұрады. Бірақ ондайда мені мынадай ой сабырға шақырады: ол – бұ дүниеде құпиясы маған ғана мәлім жайттардың бар екендігі. Оларды менен басқа ешкім де, тіпті тіріліп келсе, Шекспирдің өзі де жаза алмас еді. Өйткені, ол – менің басымдағы ой, оны тек мен ғана жеткізе аламын.

– Ал жеткіздіңіз делік. Одан не өзгеруі мүмкін? Жалпы сіздің гуманистік рухтағы романыңыздан немесе кинофильміңізден соң, өмір жақсарып кете қоя ма?

– Білмеймін. Жақсармаса да, құлдырай түспесі анық. Жалпы әдебиет, өнер туындылары нақты өмірге көп өзгерістер енгізуге дәрменсіз ғой.

Сонда олар не үшін қажет?

– Адамдардың бойындағы кісілік қасиетті, нәзік болмысты, азаматтық ұстанымды сақтау үшін. Сіз, мәселен, күнде таңертең дене шынықтырып, гимнастика жасағаннан әлем чемпионы болып кетпейсіз ғой. Бірақ оның денсаулығыңыздың жақсы болып, сергек жүруіңізге септігін тигізері анық. Сол сияқты, мағыналы кітап оқып, мазмұнды фильм көргеннен өмір гүлденіп сала бермеуі мүмкін, десек те, жандүниеңіз тазарып, керемет рухтанып, жігерленіп қаларыңыз хақ...

(Автордың «Ділдің дерті» атты кітабынан) 

Айдос Тоқтарбаев, акробат: Әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енуден үміттімін
Бекзат Молдабергенов, әнші: «Жанарым-айдың» әлі екі жылдай «нанын» жейтін шығармын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу